Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Қазіргі адамдар интернетке байланған, тіпті, тәуелді.

Бүгінгі ғаламтор дамыған заманда алыстан-ақ арбап, айдауына жүргізетін түрлі тәсілді меңгерген деструктивті діни ағымдар еліміздің болашағына өте қауіпті. Олар интернетті жақсы пайдаланады. Мәселен, әлеуметтік желілерде таралатын мың-миллион ақпараттың ақиқаты қайсы, алдамшысы не деген сұраққа көпшілік нақты жауап таба алмайды. 
Бұл әлемдік үдеріс, ғаламдық проблема. Қазіргі адамдар интернетке байланған, тіпті, тәуелді. Міне, дәл осы ұрымтал тұсты дөп пайдаланатын теріс ағымдар санаға әсер етуге тырысады. Таратқан дүниесін ықпалды етіп жасап, сананы өзіне бағынышты етуді көздейді.  Ғаламторда шекара жоқ. Аудиториясы өте үлкен, шексіз деуге келеді. Осы мүмкіндікті олар сәтті қолданып жүр. Бұл жөнінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» басшысы Дулат Ибрагимов «din_almaty» инстаграм желісінде тікелей эфирге шығып, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты «Экстремизм идеологтарының интернетті пайдалануы» тақырыбында өткізген түсіндірме хабарында айтты:

«Бүгінде экстремистердің өз идеясына ертудің алты тәсілін атап өтуга болады. Олар: насихат,  жұмысқа тарту, радикалдандыру, азғыру, қаржыландыру және үйрету. Міне, осы айтылғандардың әрқайсысы үлкен процесс. Айталық, олар  насихат барысында бүгінгі жағдайда көпшілік жаппай қолданатын әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Мәселен, фейсбук, инстагарамм, в контакте платформаларында жүргізетін насихат материалдары мультимедиялық коммуникативтік формада идеологиялық және практикалық нұсқаулық мазмұндағы түсіндіру, үгіттеу, өздерінің деструктивті әрекеттерін ақтау, сондай-ақ террористік істеріне жарнама жасайды. Бұлардың қатарына журналдарды, аудио-видео файлдарды, керек десеңіз электронды ойындарды да қосуға болады. Бұл ойындар идеологтардың адам санасына есептеп, өлшеп-пішіп жасаған жұмыстары»-дейді, Дулат Ибрагимов.

Ол инстаграмм желісіндегі тікелей эфирінде саясаттанушы Ерлан Қариннің жуырда жарық көрген «Жусан операциясы» кітабынан мысалдар келтірді. Онда айтылған «Игил» маркетингінің әрекеттерін атап өтті. Өзі келтірген мысалдар мен кітаптағы экстремистер насихатының жемісі – Сирияға кеткен қазақстандықтар екендігін атады. Міне, байқағаныңыздай экстремизим мен терроризм идеологтары аса дайындықпен, нақты есеп, нәтиже шығатындай әрекеттермен жұмыс жасайтынын білу, түсіну және олардың арбауына ілеспеу үшін осындай алдын алу жұмыстары аса қажет. Мұндай жұмыстар ақ-қараны ажырату үшін  адамға жүйелі ақпарат береді және дұрыс сана қалыптастырады. 

Адам жаратылысы,  оның өсіп-жетілуі, қалыптасуы, өзі өмір сүріп отырған қоғамға бейімделуі тікелей санаға байланысты. Тарқатып айтсақ,  адам санасы мимен қабылдайды және қимыл әрекеті сол арқылы жүзеге асады. Яғни, көрген-түйгенінен, алған әсерінен, түрлі дүниеден таным, ұғым, түсінік, сенім, т.б. пайда болады.  
Осы аталғандардың жиынтығы сана деп аталады. Бұл –  ғылыми тұжырым. Мына қызықты қараңыз, сол арандатушы деструктивті діни топтардың қақпанына түсіп, тағдырын талқан еткендердің көпшілігі ұлттық санадан ада, төл тарихын танымайтын, өз тілін білмейтіндер. Демек, ондай опа бермейтін ойраншылдарға қарсы тұрудың ең бірінші қаруы – ұлттық иммунитет, ұлттық болмыс, ұлттық мәдениет, ұлттық тіл. Теріс діни ағымдардың негізгі шабуылы осы ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр. Өзінің ұлттық болмысынан ажыраған адамның сүйенер діңгегі болмайды. Сүйенер діңгегі жоқ адам қалай икемдесең, солай бұрылып жүре береді.

Осы тұрғыда белгілі дінтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайдың пікірін келтірейік: «Әртүрлі ағымдардың артында мүмкін бір алпауыттар бар. Мүмкін бұл – проект. Әсіресе, батыс аймақтардағы мұның белең алуының астарын байқаймыз. Бұл проект бүгінгі күнде өзінің жемісін жеп отыр. Мәселен, біздің елдегі ата-аналар, зиялы қауымның кейбірі дін десе, шоши қарайтын болды. Біз өз құндылығымыздан өзіміз безіп отырмыз. Қазір «баламыз дінге келіпті» десе, ата-аналар қуанбайды, «әке, мешітке бардым, намаз оқимын» десе, шошиды. Неге? Шошуына негіз бар. 
Көптеген  намаз оқитын азаматтар Сирия асып кетті. Кәпір деп ата-анасынан безіп кетті. Қаталдық, қатігездік мінез пайда болды. Намаз оқығандарға дұшпан көңіл пайда болды. Міне, осының бәрін қоғам көріп отыр ғой. Солай, діннен алыстай бастады. Бұл жат ағымдағы адамдардың, артында тұрған ұйымның жеткен жетістігі. Ал ұлт өзінің құндылығынан, басты тірегінен айрылатын болса, ол ұлт оп-оңай құрып кетеді. Қазір біз жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Жалт-жұлт етіп, нәпсіні қытықтайтын нәрселер өте көп. Ненің ақ, ненің қара екенін ажырату өте қиынға соғып кетті. Небір арсыз дүниелер керемет атаулармен жанама түрде жарнамаланып жатыр. Ең өкініштісі, біздің балаларымыз, жастарымыз мұны бір мәдениет деп қабылдап жатыр». 

Өсіп келе жатқан жастардың қызығушылығына, күнделікті өмірдегі көрген, түйген дүниелеріне бақылау жасалмаса, олардың  өзіндік ұстанымы, жеке көзқарасы қалыптасып болмай, санаға әдейі жасалған кері әсер жастарды құрдымға жіберуі әбден мүмкін. Оның алдын алу ата-ананың, қоғамның және мемлекет алдында тұрған үлкен жауапкершілік десек артық емес шығар. Осындай жауапкершілік алдында әр адам адал болса, болашағымыз жарқын, мемлекетіміз теріс пиғылды ұстанатын адамдарға тосқауыл қояр еді. Теріс пиғылдан тазарған қоғамда өмір сүру бәріміз үшін маңызды. 

Еділ АНЫҚБАЙ

19.10.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер