Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Деструктивті топты ажырата білейік

Дін – халықтың әрекетін өз талаптарына сай реттейтін аса маңызды әлеуметтік институт. Демек, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан дін халықтың өмірі мен өркениетте маңызды орынға ие. Сол себепті де деструктивті топтар діннің атын жамылып, халықтың сеніміне әртүрлі түсінік пен ұғым енгізіп, өздерінің идеологияларына икемдеп, елді азғырып, мемлекетке ықпал еткісі келеді. 

Мемлекетке ықпал ету деген не? Бұл – қарапайым да нақты айтқанда билікке қол жеткізу.  Неге  деструктивті топ деп атаймыз? «Структура» сөзін қазақшаласаңыз құрылым болады. Ал «деструктура» – құрылымсыздандыру, құрылымды ыдырату деген мағына береді, яғни, деструктивті топтардың көздегені – халық арасына іріткі салу, бірлікті, ынтымақты ыдырату, сөйтіп, түбінде мемлекетті құлату. Деструктивті топтар тікелей ылаң салып, ашық айқас жасамайды. Олар адамдардың сеніміне кіріп, елдің діни таным түсінігін өзгерту арқылы, асыл дін – исламның атын жамылып әрекет етеді. Адамның миын улап, санасын өзгертіп, былай айтқанда, зомбиге айналдырады. Экстремизмге, терроризмге бейімдейді. Санасы уланған, миы айналған зомби қандай да жарылыс жасаудан бас тартпайды. Зомбиланған ол өзінікін дұрыс әрекет деп есептейді. Идеологтар оның санасына теріс діни сенім арқылы солай бекітіп тастайды.

   Сан ғасыр халықпен бірге жасасып келе жатқан дәстүр мен салтты, әдет ғұрыпты, ұлттық мәдениет пен құндылықты жоққа шығарады. Өздерінен басқалардың бәрін адасқандар деп танытады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту» орталығының теологы Қанатали Такировтің пікірін келтірейік: Деструктивтік діни ағымдар деп қоғамның дамуын тежеп, мемлекеттің тұрақты дамуына кедергісін келтіретін факторды атаймыз. Деструктивтік діни ағымдар өзіндік өмір сүру талаптарына сай келмейтін дәстүр мен мәдениеттің қалыптасқан қағидаттарын мойындамастан жоққа шығаруға тырысады. Сонымен қатар, деструктивтік діни ағымдар белгілі қоғам мүшелері үшін ғасырлар бойына қалыптасып, санасына берік орнаған құндылықтар жүйесін екінші орынға ығыстыруға тырысушылықтары байқалады. Ең бастысы діни дәстүр және ресми діни ұйымдар тарапынан қойылатын шарттар мен талаптардың анық қарсыластарына айналып отырады. Осылайша деструктивті ағымдар дәстүрлі дін мен мемлекет заңнамаларын өздерінің ішкі тәртіптерінен төмен қояды» Теолог-ғалым беріп отырған анықтаманың мысалдарын өзіміз өмір сүріп отырған қоғамнан кездестіріп жүргеніміз көзі қарақты, елінің ертеңіне алаңдайтын, ұрпағының болашағына балта шапқысы келмейтін әрбір азаматты ойландырады. Ойланып қана қоймай, өз ұрпағын, туыс-туғанын, жақын-жұрағатын, жалпы айналасын жат ағымның жетегінде кетпеуінен сақтандыруға, ескертуге тиіс. Өйткені, біздің еліміз, жеріміз, Отанымыз біреу ғана. Басқа Отанымыз жоқ. Елдің бүтіндігі, мемлекетіміздің мықтылығы аса маңызды. Мемлекетіміздің беріктігіне осы елдің азаматы ретінде барлығымыз жауаптымыз. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, әрбір азамат  елдігіміздің іргесін ыдырататын күмәнді  әрекетке немқұрайлы қарамауға тиіс. Деструктивті топ негізінен халықтық пайызбен есептегенде азға жатады. Бірақ олардың қаупі жоғары. Солардың кесірінен асыл дін – исламға  күмәнмен қарайтын көзқарастың аракідік болса да бар екені алаңдатады. Айрандай ұйыған елге күмән туғызу – қауіптің алды деп түсінуіміз керек.  

   Қазақ халқының ислам дінін ұстануы бүгіннен басталған жоқ. Ата-бабаларымыз салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтай отырып, тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру мәдениетіне сай ыңғайлап ұстаған. Сыртқы формасына емес, ішкі мазмұнына, адамгершілік, мораль, яғни, иман тұрғысынан келген. Мазхаб мәселесіне мән берген. Мазхаб дегеніміздің өзі дінді тұрмыс-тіршілігіне, өмір-салтына қарай ыңғайлау екенін дінтанушылар айтып келеді және бұл жағын жақсы түсінетін, иманы жоғары, бес уақыт намазын оқып, мемлекеттің заң-ережелерін бұлжытпай орындайтын намазхандар халық арасында көп.  Өкініштісі, деструктивті топтар осы дәстүрлі намаз оқушыларды, сондай-ақ халыққа және көпшілікке дұрыс бағыт беріп отырған Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасына күмән туғызып, адасушылар деп қарсы насихаттауы жастар мен жасөспірімдерді, діни білімі таяз азаматтарды әрі-сәрі күй кештіріп отырғаны жанға батады. Айталық, сонау ежелгі заманнан келе жатқан, әлі күнге дейін инабаттылық пен ибалылықтың көрінісі іспеттес, келіннің келген жұртына құрмет көрсетуінің үлгісі, ізеттіліктің айнасы – қазақ халқының БЕТАШАР салтын Аллаға ширк жасау, яғни, Аллаға серік қосу деп теріс көрсетіп, дәстүрімізге жасалған шабуылдың аржағында деструктивті топтардың ұлттық болмысты нық ұстап тұрған діңгекті құлатуға әрекеттенген жымысқылық деп қабылдауымызға болады. 

Деструктивті топтардың ықпалды екенін содан көресіз, ел алдында жүрген кейбір азаматтардың өзі теріс насихатқа еріп кете жаздады. Ұлттық төл аспабымыз – домбыраны, онымен қоса дәстүрлі әндерімізді дінге қайшы, жат дүниелер деп көрсеткені де халықтың ашу-ызасын тудырғанынан хабардармыз. 

Халықтың құндылықтарына шабуыл жасау – халықтың өзіне тікелей жасалған шабуыл деп қабылдағанамыз дұрыс. Деструктивті топтарды ажыратудың бір белгісі, олар халықтың құндылығына, дәстүріне, мемлекеттің заң-ережелеріне қарсы үгіт-насихат жүргізетінін білу керек. Олардың бейнесі көпшілік жасап жатқан, халық дұрыс деп көретін дүниелерді жоққа шығарудан аңғарамыз.  Деструктивті топты ажырату үшін дінтанушы Г.А. Базарбаеваның тұжырымына сүйенсек: «Дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады» дейді.

Халықтың тарихын білетін, ұлттық құндылықтарды бағалайтын, Ұлы Даланың мәдениетінен хабардар азамат және өзіндік ұстанымы, жеке көзқарасы, оң-солын ажыратуға ұмтылған ұлағатты ұлттың ұрпағы арамза топтың алдауына көнбейді, арбауына ермейді. Ата-бабасы аттың жалы, түйенің қомында жүріп, аманат еткен  Қазақстанды біздің білікті жастарымыз іргесін шайқалтатын арамза топтан қорғай да, қорғана білетініне сенім мол, үміт зор.

Дереккөз: https://sn.kz/sn-akparat-agyny/74212-destruktivti-topty-azhyrata-bileiik

20.10.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер