Ағымдағы жылғы 10 қараша күні Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен және «Social Development Center» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласы діни бірлестіктер көшбасшылары Клубының мүшелері Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер мұражайын тамашалап қайтты.
Мұражай ішінде діни бірлестік көшбасшылары XVIII—XX ғасырлардағы орыс өнерінің жинағы, Италия мен Франция, Голландия мен Фландрия, Германия мен Англиядан келген еуропалық шеберлердің жұмыстары, кеңес одағы кезеңіндегі жұмыстар, сондай-ақ Қазақстанның бейнелеу және қолданбалы өнерінің үлкен топтамасы секілді бірнеше тұрақты экспозициялармен танысты.
Аталған іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Орыс Православтық шіркеуі, Кришна санасы қоғамы, Бахаи, Вон-буддистер секілді жергілікті діни бірлестіктер мен Елуіншілер, евангелиялық-христиандық баптистер, пресвитериандық шіркеулердің өкілдері қатысты.
Өз кезегінде, іс-шара конфессияаралық және қоғамдық келісімді, сондай-ақ діни бірлестіктер арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталғанын атап өту керек.