Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы заңсыз түрде діни әдебиет таратумен айналысқан қаланың 2 тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, Б. және Н. есімді азаматтар құзырлы органдардың тиісті рұқсатынсыз хабарлама сайттарында және әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы кітаптарды сатумен айналысқан.
Өз кезегінде, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан аталған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары қаладағы Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданған болатын. Сот шешіміне сәйкес, азамат Б. және Н. ҚРӘҚБтК 490 бабы негізінде кінәлі деп танылып, әрқайсына 50 АЕК немесе 138 900 теңге көлемінде айыппұлдан салынды.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының талаптарына сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды және дiни мақсаттағы заттарды тарату тек жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты берілгеннен кейін ғана жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.