Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Алматы қаласы Төле би мешітінің бас имамы Ерсін Әміремен сұхбат

- Қайырлы кеш! Бүгін қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі дін мен дәстүр   сабақтастығы. Ең алдымен аға бүгінгі тақырыпқа байланысты дін мен дәстүрдің сабақтастығы жайлы айта кетсеңіз?

- Ассаламуғалейкум құрметті оқырмандар, әлбетте қазіргі кезде дін мен дәстүр өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Өйткені кейбір діни тараптар дінді толық түсінбегендіктен осы дәстүр мәселесіне келгенде, оның анық-қанығына, ақ-қарасына бармай жатып, шариғатқа қайшы, немесе қайшы емес екендігін тексерместен осындай ұстанымды жоққа шықарып жүргендерде аз емес. Жалпы салт-дәстүр дегеніміз не? Салт-дәстүр дегеніміз бұл әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшеліктеріне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Қауым мен қоғам қалыптасқан мінез құлықтың үлгілері. Бұл дегеніміз кез келген ұлтты ерекшелеп тұратын нәрсе, ұлттың ұлт екенін көрсететін осы салт- дәстүр болып табылады. Бұл жерде бірінші мәселе бұл ұлт мәселесі. Дінімізге ұлтқа деген көзқарас қандай? Кейбіреулерден ұлтың қандай немесе руың қандай деген сұрақ қоятын болсаң, «Маған ондай сұрақ қойма Құдайға шүкір мұсылманмын» деген жауап естисіз. Бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы дініміз ұлтқа бөлінуге немесе ұлт деген түсінікті дүниені мойындамас бұрын бірінші Құранды қарап көру керек. Құранда Алла Тағала Рум сүресінде айтады «Алла Тағаланың құдіретінің белгілерінің бірі, құдіретінің көрінісінің бірі бұл сендердің түрлеріңнің, түстеріңнің , тілдеріңнің әр түрлі болуы» дейді. Яғни Алла Тағала бұл адамдардың ұлт-ұлт болып жаратылуының өзінің құдіретінің бір көрінісі ретінде атап жатыр. Өйткені қарап отырсаңыз барлығымыздың атамыз бір. Бүкіл адамзат бір атадан тарады ол Адам ата мен Хауа ана. Адамды  биологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ бір ұлт екінші ұлттан ерекше емес жалпы алған кезде. Ода бар көз бұлда да бар. Бір мұрын, бір көз деген сияқты. Тілді қарайтын болсаңыз қазақта, орыста, ағылшында, арабта  болсын бір тіл яғни бір ағза. Бірақ содан қаншама тілдердің шығуы, мысалы, әлемде қанша тілдер бар, қанша тілдер болған және әр жылы қаншама тілдер өліп жатады екен бағанағы өлі тілдер деген бар бұның барлығы Алла Тағаланың құдіретін көрсетеді. Тағы да Құранда Алла Тағала Құжра сүресінде  «Уа адамдар біз сендерді бір еркектен және бір әйелден жараттық» дейді. Яғни ол Адам ата мен Хауа ана, бір -біріңді тану үшін, бір-біріңмен танысу үшін біз сендерді ұлт етіп, тайпалар етіп жараттық деді. Яғни Адам ата мен Хауа анадан бізді жаратты ары-қарай әртүрлі ұлттар қылып ұлыстар қылып, тайпалар, рулар қылып Алла Тағала бізді жер бетіне таратты. Алла Тағала бұл жерде бұл мәселені де,  бұл дүниені де Құдайдың өзінің бір құдіреті  ретінде   айтып жатыр және бір-біріңді тануларың үшін танысып білулерің үшін, араласуларың үшін осылайша Құдайдың құдіретін сезінулерің үшін  дейді. Яғни басқа ұлт өзге ұлттан өздерін жоғару қоюлар үшін емес, басқа ұлттарды кемсіту үшін емес, керісінше танысып-білісу үшін осылайша яғни бүкіл әлемдегі адамдар бір-бірімен бауыр болып өмір сүру үшін Алла тағала осылай ұлттар мен ұлыстар етіп жараттым деді. «Құдайдың алдында ең ардақтыларың, құрметтілерің бұл Құдайдан қорыққандарың, тақуа болғандарың» деді. Яғни құдайдан қорқу болса, құдайдың құдіретін сезініп басқа ұлттарды құрметтеп адам өмір сүретін болса бұлда оның тақуалынығының бір көрінісі болып табылады. Бір ұлтты екінші ұлттан ерекшелейтін нарсе оның тілі және оның салт-дәстүрі екен.  Басқа дін деп айтсақ ол жалпы ортақ құндылық болып табылады. Сондықтан дін ол бір ерекшелікті көрсетпейді, ерекшелікті көресетін нарсе ол халықтың тілі және оның салт-дәстүрі болып табылады. Сол үшінде дініміз салт-дәстүрді терістемейді, керісінше салт-дәстүрдің дінге қарсы келмейтін тұстарының барлығын құптайды.

-Біздің қазақ халқында өнеге бір сөз бар ол «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенге келісесізбе? Осы жөнінде сіздің пікіріңіз қалай?

- Бұл дәстүрдің озығы да тозығыда бар деп Абай атамызда айтып кеткен. Мысалы, сол уақытқа сай дүние болуы мүмкін, кейін оның уақыт өте келе сол мәселені жаңарту керек болады. Енді салт-дәстүрді емес, күнделікті іс-әрекеттерді де қарастыруға болады. Мысалы, бірде сондай талас болып қалған болатын өмірде қазіргі кезде айтылып жатады ғой, кешке тамақ жемеу   керек,  не болмаса алтыдан кейін тамақ жемеу керек, аш қарынмен жатқан жақсы болады деп сонда бір жігіт тұрып «Бізде атыңды сат, тоныңды сат, бірақ ұйықтарда тойып жат» деген қазақтың сөзі бар, сол үшін тойып жату керек деген. Осындай нәрсені біздің салт-дәстүрімізде дұрыс деп айтып қалды. Сонда өмір көрген кісі «Мәселен біздің ата-бабамыз киіз үйде жатты, бізде күн суық болады, онда біз үйді жантақпен сондай заттармен жылытатын едік, бірақ ол тез суып кетеді, егер адам тойып жатпаса тоңып қалады» деп түсіндіріп берді. Сол үшін туындаған дүние болуы мүмкін деген. Ал мына жақта медицина басқаша айтып тұрса, медицинада мынау пайдалы, ол ғылыммен дәлелденді деп тұрса біз жоқ бұрында осындай сөз келген болды бұны біз аламыз деп ғылымға қайшы іс-әрекет жасауымыз бұл енді қателік болып табылады. Сол үшін яғни сондай бір мәселер болатын болса ол жерде әлбетте сол уақытта қажеттіліктен туындаған дүние болуы мүмкін. Сондай бір тұстары болса оны қайтадан қарау керек болады. Сондай-ақ кейде бір шариғатқа қарсы келетін нәрселер бар оны қарап, ислам келмей тұрыппа әдетке айналған ғұрыптарды қайта қарауға болады. Бұл салт-дәстүрді терістеу емес, керісінше сол салт-дәстүрді жаңалап, өзіміз өмір сүріп жатқан өмірге жарамды етіп жаңа үлгіде ұсыну керек деп ойлаймын.

- Ислам дінінде махрам етілген (яғни туыстық байланыстағы адамдар) етілген адамдардан басқасымен шаңырақ құруға болады,  ал қазақ салт-дәстүрінде жеті атаға дейін қыз алыспаған, ол турасында қалай болады өз ойыңыз? Қалай ұштастыраыз екеуін?

- Шариғатта негізі мына жерге дейін үйленуге болатын адамдардың категориясын тізіп берген. Махрамдар деген яғни үйленуге болмайтын әйелдердің түріне қолданылатын сөз. Шариғатта мысалы анасы, әпкесі , қызы, енесі деген секілді адамдар. Махрам деген яғни өмір бойы үйленуге болмайтын әйелдердің бағанағы категориясына қолданылатын сөз. Ал бізде салт-дәстүрімізге қарайтын болсақ қазаққа бұның аясы кеңірек. Жеті атаға дейін қыз алыспайды. Біз мына жерде бір мәселені түсінуіміз керек жалпы ата-бабамыз шариғатқа қайшы шығу үшін, шариғатты терістеу үшін жолға қойылған мәселе емес, керісінше жалпы шариғаттың өзінде ұзақтан қыз алған абзал болады деген ұстаным бар. Ол жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабасы екінші халифа Омар р.а. мынандай сөзі бар «Ұзақтан қыз алыңдар, ұзақтан үйленіңдер денсаулықтарың дұрыс болады» деген. Қазақтарда осы сөзді келтірген және сол үшінде ұзақтан қыз алған абзал болады деп шешкен. Шариғатта мына жерге дейін қыз алуға болады дегенде міндетті түрде сен өзіңнің балаңа туысқаныңды алып бер деген бұйрық жоқ.  Ал енді сол абзал болған мәселені біздің ата-бабамыз жалпы бір қатаң қағида ретінде қалыптастырған. Одан кейін бұл жерде тағы мына бір мәселені түсіну керек  жақыннан қыз алатын болсаң яғни ертең арасында түсіністік болмай, ыдыс-аяқ артығымен сықырлап, соңы ажырасуға дейін алып келетін жағдайлар бар. Адам болғаннан кейін неке бар жерде ажырасу да бар. Өкінішке орай қазақ қоғамда көрсеткіштен артық болып шектен шығып тұр. Бірақ діннің өзінде де ажырасуға рұқсат беріледі, егерде екеуі бір-біріне мүлдем сәйкес келмейтін болса. Құрылған шаңырақты ары-қарай бірге алып бару мүмкін болмай жатса ол кезде ажырасуға рұқсат беріледі. Біздің дініміздің ерекшелігі адамның табиғатында ескереді. Мысалы кейбір діндерде құдай қосса тек қана құдай ажырата алады, басқа біреу ажырата алмайды деп ажырасуға, талаққа қарсы шығады. Бірақ оның нәтижиесі оның ар жағында көзге шөп салу деген сияқты дүниелерге әкеп соғады. Енді  туысқаныңнан алып ажыражып жатса, ертең екі жақтыңда әке-шешесі бар, ағайын туысқандардың арасы бұзылып жатады. Қазақ ағайын-туысқан деген нәрселерді өте бір ерекше көреді. Соған әсер етпеу үшін алыстан қыз алу дегенді қалыптастырған және денсаулыққа да өте жақсы әсерін береді деп ойлаған. Кейбір ұлттарда мен байқадым, өмірде жақын туысқандарынан қыз алып, қыз берісетін ұлттарда кішкене жарымжан, мүмкіншілігі шектеулі  балалар дүниеге көп келеді екен.    Оның себебін іздеп келетін болсақ сол бағаны айтып өткендей туысқандардың арасынан қыз алысып қыз бергеннен. Сол үшінде біздің қазақ ата-бабамыз денсаулықты ескеріп, ағайын туысқандардың қарым қатынасын ескеріп олардың арасында бір сызат түспесін деп, жан-жақты зерттей келе жеті атаға дейін қыз беріп қыз алыспаймыз деп осындай бір салт дәстүрді жолға қойған. Сол үшінде бұл шариғатқа қарсы келетін дүние емес, себебі шариғатта да туысқаныңнан да міндетті түрде қыз алыс деп бұйырмаған. Ондай бұйрық жоқ.

- Деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар ұлттық салт-дәстүрлерді жоққа шығарып жатады мысалы, жеті шелпек пісіру, келіннің сәлем салуы, шашу т.б. сіздің бұған көз қарасыңыз?

–Келіннің сәлем салуына келер болсақ, оның артында үлкен тәрбиелік мағыналар жатыр. Алла тағала Құран Кәрімде Нұр сүресінде айтады: «Егер үйге кіретін болсаңдар сәлем беріп кіріңдер» – дейді. Енді бұл келін бір әулетке кіріп келе жатыр. Сол әулеттің адамы болғалы жатыр. Одан соң туыстарымен, ата-енесімен, жекжаттарымен танысу мақсатында жасалынып отыр. Бұл жерде деструктивті діни ағымдардың қарсы шығатын мәселесі таныстыру, үйге кіргендегі сәлем салуға қарсы емес, олардың әулетке сәлем салу ол құдайға серік қосу, адамға иіліп сәлем салуға болмайды, яғни намаздағы «рукуғ» мәселесімен салыстырады. Олар «рукуғ», яғни намазда сондай іс әрекет бар, келіннің сәлем салуы ол да «рукуғ» болып есептеледі дейді. Әлбетте, бұл қате, жаңсақ пікір. Өйткені, намазда құдайға табыну ниетімен «рукуғ» жасайды, ол кезде оның үкімі бөлек. Ал намаздың сыртында «мен ата-анама табынамын, ата-анам құдай»  деген мағынада сәлем салмайды, бұл жерде ізет, құрмет мағынасында.  Пайғамбарымыздан бұрын алдыңғы пайғамбарларымыздың алып келген шариғатына қарайтын болсақ, ол жерде маңдайды жерге қойып сәлем салуға руқсат болған. Мысалы Жүсіп пайғамбардың кезінде намазда сәждеде түрғандай құрмет ретінде сәлем салу рұқсат болған. Біздің дінімізде оған тиым салынды, олай сәлем беруге болмайды. Бірақ иіліп сәлем салуға Пайғамбарымыз (с.а.с) нақты тиымы жоқ. Демек, рукуғты құлшылық мағынасында да, сәлем мағынасында да атқаруға болады. Құлшылық мағынасында ол тек Аллаға жасалатын нәрсе, ал құрмет ретінде келіннің салатын сәлемі оған шариғатта нақты тиым жоқ. Қазақ халқында сәлем салу қалыптасқан. Оңтүстүкте сәлем салу формасы өзгеше, батыс өңірінде өзгеше, бірақ барлығының мағынасы үлкенге құрмет кішіге ізет ретінде жасалынады.

-Өзіңіз білетіндей қазақ халқында ежелгі діндерден осы күнге дейін жеткен ырым-тыйымдар, әдет-ғұрыптар бар, сондай дәстүрлерді  теріске шығаруға болады ма?

-Бұл жерде жалпы, дінді ұстанудың маңызы өте зор. Елімізде дінге бет бұрған жастар бар және де батысқа еліктеп жатқандар бар. Қарайтын болсақ, олардан да бір қазақтың болмысын көрмейсің. Киімін де алар болсақ Кореяға еліктеп жатқан жастар бар, қыздарымыздың да дәстүрден алшақ киім үлгісін киетіндері бар. Дінді  ұстанып жүрген жастар дұрыс, салт-дәстүрдің маңыздылығын сезінеді, оның орнын біледі, сол үшін де ұстанып, амалын жасайды. Ал енді проблема шығарып жүргендер, олар жат ағымға кеткендер. Салт дәстүрді мәнсұқтап, түбегейлі жоққа шығарып, барлығын ширкке шығарып, дінге жаңалық енгізу деген осындай санаттарға енгізіп қойып, мүлдем терістеп жатқандары бар. Ал екінші жақ батысқа еліктеп жатқандар.  Қазіргі заманның психологиясы деп қарайтын болсақ, жастар эгоизммен тәрбиеленіп жатыр, жалпы қазақи салт-дәстүрдегі қонақжайлылық деген, қолындағы бар нәрсемен бөлісу бұл да біздің халқымыздың ерекшеленетін қаситтерінің бірі. Жастайынан мектепте салт-дәстүрдің маңызыдылығын үйрету керек. ҚМДБ діни жағынан көптеген қызметтер кетіп жатыр. Мысалы бізде «дін мен дәстүр жылы» деп арнайы жыл аталды. Соған байланысты кітаптар шығарылып жатыр. Жастарға дұрыс тәрбие беру үшін қоғам болып кірісу керек. Әлбетте енді, қазіргі кезде қазақи болмысты сақтап қалу керек. Жахандану деген мәселе бар, интернет дамыған кезде пікір, көзқарас, ой таластыру мәселесінде жалпы адами құндылық мәселесінде шекара деген құндылық қалған жоқ. Шекара картада сызылғанмен, біреу отырып шет елдің, Американың тренингіне сабағына қатысып, өзінің көзқарасын қалыптастырады. Діни мәселеде де сол, елден шықпай- ақ, басқа елден ұстаз тауып алып, лекциясын тындап басқа ағымға кіріп кетіп жатқандарды да кездестіреміз. Пәтуасын содан алады, діни мәселесін содан сұрайды. Мысалы сәлем салу мәселесінде қазақ болмаған соң құлшылық деп айта салуы мүмкін, расында оның артында қаншама тәрбиелік мән жатқандығын жергілікті имамдарымыз саралап, дұрыс пәтуа береді. Дін жолында жүргендерге кеңесім, бұндай мәселелерде елдің ерекшелігін түсінетін, болмысы қазақ болған, өзіміздің дін мамандарға сұрақтарын қойып жауабын алатын болса, онда дін мен дәстүр арасында қарама-қайшылық туындамайды. Өйткені қазақ халқы атам заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатыр. Дәстүріміздің 100 пайызы болмаса да басым көпшілігі дінімізбен біте қайнасқан, негізделген. Ал батысқа еліктеген жастармен көп жұмыстар атқару керек.

- Ислам діні жалпы алғанда дәстүрге қандай орын береді? Ханафи мәзхабы біздің салт-дәстүрімізбен ұштаса аладыма? Әдет ғұрыптарға байланысты пәтуаның берілуі?

- Ханафи мәзхабының екі үлкен мектебі бар, бірі  Ирак жерінде, көптеген үлкен ғалымдар шыққан, Әбу-Ханифаның өзі де сол жерде Куфа қаласында дүниеге келген. Екінші мектебі ол Орта Азиядан шыққан үлкен ғұламалар. Яғни түркі тілдес мемлекеттерден шыққан ғұламалар. Біздің сол себепті де Әбу Ханифа мәзхабына жататынымыздың факторлардың бірі. Әбу Ханифа мәзхабының  көп ғалымдары Орта Азиядан шыққандықтан біздің салт-дәстүріміз  шариғатқа қайшы келетін, қайшы келмейтін жерлеріне оған өзінің пәтуасын беріп, қызмет еткендіктенде Ханафи мәзхабында жалпы салт-дәстүрге келіспейтін, бір-біріне қарама-қайшылық келтіретін жерін табу қиын. Шариғатта жалпы бізде мынандай мәселе бар, біріншіден салт-дәстүр болсын, басқа болсын шариғатқа салып оған үкім береді, екінші мәселе Құранда айтылмаған, хадисте айтылмаған мәселер болса сол айтылғанды салыстыруға, ал егер салыстырмайтын мәселелер болса ондай кезде бағаны айтып өткен әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге негізделіп пәтуаны береді. бұл күнделікті әдет-ғұрыпта, сауда саттық мәселерінде осы салт-дәстүрге байланысты берген көптеген пәпуалар бар. Мысалы қарайтын болсақ алдынғы имам басқа пәтуа берсе, келесі имам басқа пәтуа берген болса оны біздің ғалымдар былай түсіндірген бұлардың арасындағы бұл келіспеушілік дәлелдері басқа болғандықтан емес, сол айтып өткен әдет-ғұрыптың өзгергендігінен берілген пәтуа деген. Яғни келіспеушіліктің себебі осы деген болатын. Бұның арғы жағын талқылайтын болсақ бұл өте күрделі мәселе арнайы мамандар айтып түсіндірмесе, қарапайым халық көп түсіне қоймайды.

- Дін арқылы тарихи құндылықтарымызды, патриоттық сезімді және салт-дәстүр, ғұрыптарымызды қоғамдық санаға қалай сіңірсе болады?

 

- Діннің қоғамға, адамға әсері өте үлкен. Дін мәселсі сенімге негізделеді. Мысалы адам Құдай мені осы дүниеге жіберді, мен құдайдан келдім және құдайдың алдына қайтадан барамын. Бұл дүние маған сынақ ретінде етіп берді, өзіне құлшылық ету үшін жаратты, сол үшінде мен Алла Тағала бұйырғандай өмір сүруім керек деп өмір сүреді. Адам оны Құдайдың алдындағы міндеті ретінде қабылдайды. Сол үшінде ханафи мәзхабының жастары салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Дінді ұстанған адамға бұл мәселелер жеңіл өтеді. Мысалы Құдайдың алдында жауапкершіліген сезінбеген адамға яғни бір саяси адам пәтерге қол жеткізе алған жоқ үкіметке   реніші бар, ренішін қарайтын болсақ оның басты мәселесі материалдық. Енді оны шақыраып алып оған міне саған пәтер, жұмыс, міне саған жақсы айлық десе оның мәселесі шешіледі де көзқарасы дұрысталады. Ал басқа ұстанымдағы бір адам бар мемлекет кәпір, зайырлы мемлекеттергілердің барлығы кәпірлер, бұларды жаруым керек, өлтіруім керек немесе жихад жасауым керек деп басқа елге кетіп жатқандар бар. оған да тура солай үй, айлық, жұмыс ұсынсаң оның мәселесін біз шеше алмаймыз. Себебі оның мәселесі сенімде. Мен осы жолда жүрсем Құдай маған разы болады, ертең мен Құдайдың алдына барғанда жұмаққа кіремін, осы жолы барсам мен екі дүниеденде құтыламын деген көзқарас. Демек сен оның мәселесін шеше алмайсың. Дәстүрлі дінде жүрген азаматтарымызда бұл автоматты түрде шешіледі. Қазақи болмысын сақтпу қалу керек деп ойлаймын.

-Осы орайда болашақ жастарға айтатын ақыл-кеңесіңіз?

- Жастарға айтатыным ең бірінші мәселе Алла Тағала адамдарды ұлттармен ұлыстар етіп жаратты. Бұл Алла Тағаланың құдіретінің бір көрінісі. Алла Тағала ұлтыңа қарсы шық, өзіңнің ұлттық ерекшелігінді жой демейді, керісінше Құранда Алла Тағала сол ұлт пен ұлыс болып жаратылысымызды өзінің бір құдіретінің көрінісі ретінде баяндап кеткен. Сол үшін мұсылман болу деген сөз ол араб болу немесе түрік болу немесе басқа болу емес Алла Тағаланың шариғатын ұстанып, сонымен бірге өзіңнің қазақи болмысыңды сақтап қалу екендігі түсінуге кеңес беремін. Дінді  ұстанайық дін қазаққа жат емес, сол өзіміздің болмысымызды жоғалтпайық.

Бүгінгі сұхбатыңызға рахмет.

11.12.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер