Деструктивті жат ағымдар қарапайым көпшіліктің санасын улап, миын айналдырып, жырақтан жұмақ іздеткен әрекеттер елді дүрліктіргені, асыл дін — исламға күйе жаққаны секілді түрлі түйткілдерді ретке келтіру үшін «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Биыл бұл Заңға он жыл.
Заң жазалау үшін емес, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін шығарылады және мемлекетіміздің жоғарыдағы аталған заңды қабылдаудағы мақсаты — құқықтық реттеу арқылы негізгі діни бірлестіктерді және жеке тұлғалардың діни қызметін біріктіп, ҚР заңнамаларын жетілдіру.
Заңнамаларды жетілдіру зайырлылық принциптердің оңтайлы жүзеге асуына ықпал етеді. Яғни, зайырлылық дін мен мемлекеттік саясаттың халық игілігі үшін жұмыс жасауына, болашақта тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болуының кепілдігі іспетті десек қателеспейміз. Осы тұрғыда сәл шегініс жасап, ел тарихына үңілсек, ертеден бері Қазақстан Шығыс пен Батыстың әртүрлі діндері мен мәдениеттердің тоғысқан орны болып келеді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табуда. Қазақстан барлық діндерге, мәселен, мұсылмандарға, православтарға, католиктерге, протестанттарға, иудейлерге және елімізде ресми тіркелген өзге де діни бірлестіктерге діни сенім бостандығы мен еркіндігін берген.
Бұл заңда бірлестіктер құру мен оны тіркеу, олардың құқығы, уәкілетті органның құзіреті, діни ахуалды зерделеу, талдау, сараптау сынды, т. б. нормалар тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондай-ақ, діни әдебиет пен діни мазмұндағы материалдарды тарату, ғибадат үйін салау, ол үйді салатын жерді анықтау, діни жоралар мен рәсімдер бағыттары айқын көрсетілген.
Түйіндей келгенде ҚР Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы заңының бергені мол, нәтижесі зор болды десек қателеспейміз. Дін саласындағы түйткілді түйіндердің осы заңның шеңберінде шешілгенін сауатты жан біледі. Ел игілігі үшін қабылданған заң халыққа жұмыс істей береді. Оған сенім мол!
11.10.2021