Әзербайжанда жүрміз. Түрлі әңгіме айтылып, пікір алмасып жаттық. Әңгіме аяны толеранттылық пен дін тақырыбына келіп қалды. Әзербайжан Милли мәжілісінің жанында “Шахидтер аллеясы” бар. Оған гүл шоғын қоюшылар саны көп. Аллеядан ары Каспийге керемет көрініс ашылады. Сол жерде түрлі адамды көруге болады. Ашық киінген, жабық киінген және тұтас тұмшаланып алған дегендей. Содан “сіздерде жалпы дін қалай, әсіресе теріс діни бағыттағылар көп пе” деген сұрақты қойып қалдық.
Жалпы әзербайжан халқы дін мәселесінде толерантты екен. “Сен мына дінді ұстан, мынаны ұстама”, “сен кәпірсің, сен діншілсің” деп бетжыртысу аз көрінеді. Елде әрине теріс ағымдағылар болыпты, бірақ Қарабақты азат ету соғысында бірінші теріс діни бағыттармен жұмыс жүргізілген дейді. Бейресми ақпарат, бірақ солай деді. Теріс діни бағытты мемлекет өте қатты қадағалайтынын айтты. Әлеуметтік желіде, қоғам өмірінде назардан тыс қалдырмайды-мыс.
Бакуде шииттер мен сүнниттер мешіттері бар. Әзербайжан халқы да шиит және сүннит болып келеді екен. Дегенмен діни қақтығыс, талас-тартыс аз дейді. Мешіттегі имамдарды мемлекет не айтып жатқанын, мемлекеттік құрылым мен тұтастыққа қауіп төндіріп жүрген жоқ па, патриотизмге қарсы уағыздар айтпай ма, ел мен жерді сүюге қарсы сөйлемей ме деген мәселелерді арнайы құрылымдар қадағалап отыратынын айтады. Бұл тек мешітте емес, шіркеу және басқа дін мекемелеріне ортақ бейресми ереже. Мысалы Бакудің ортасында армян шіркеуі бар, оған соғыс болса да тимеген. Себебі бұл тарихи жәдігер және қарапайым адамның сенімі дейді. Мемлекетке зияны тиетін қандай да бір теріс діни бағыттарды дереу қолға алатынын, ал зияны жоқ, дұрыс жолдағыларға мүлде тимейтінін айтады. Дұрыс көзқарас деп ойлаймын…
Пост авторы: блогер Асхат Қасенғали