Дәл осындай атаумен 2007 жылы фильм шықты. Иранның туындысы. Діни радикализмге қатысты фильм. Әскери драма. Көрген сәтте жаныңды төңкеріп тастайды, мағынасы терең, ойы өткір. Мағыналы туынды. Ауыр кино.
Фильм тәлібтер басып алған кезеңдегі Ауғанстанның Бамиан аймағы жайлы. Бамиан көпшілікке таныс атау, өйткені дәл осы аймақта әйгілі Будда мүсіндері болған еді. Мың жарым жыл тарихы бар Будда мүсіндерін тәлібтер тарихи ескерткіш екеніне қарамастан, оған сыйынып жатқан ешкімнің жоғын қаперге алмастан, 2001 жылы жарып жіберген болатын.
Міне, осы Будда мүсіндерінің жанында әлгі фильм түсіріледі. О баста көргенімде сұмдық әсер алғанмын. Тәлібтер режимінде өсіп жатқан балалар осы мүсіннің жанында ойнап жүретін сәт бар. Кішкентай қыз мектепте білім алғысы келеді, оны ұлдар тоқтатып, ұрып-соғып, «қыз балаға оқуға болмайды» деп айғайлап, таспен ұрып өлтірмек болады. «Саған бетіңді ашуға болмайды, сен қызсың» деп басына қорап кигізіп қояды. Осы көрініс арқылы режиссер діни радикализмде тұншығып жатқан ауған әйелдері мен қыздарының күнделікті өмірін көрсетуге тырысқан болатын.
Бұл тек қана алыста жатқан Ауғанстанға қатысты дейтін шығарсыз. Алайда біздің қоғамда да тым радикалданып кеткендер бар. Олар көп емес, бірақ бар. Әзірге ойларын ашық білдіре бермейді, радикалдық көзқарасын жасырып қалады. Бірақ кейде пікірлерде «қыздарға білім алмаса да болады, бала тауып, соны тәрбиелеу басты миссиялары» деп қалатындар бар. Бұл таза надандық. Білім алмаған әйел мен білім алған әйелдің балаға берген тәрбиесі, білімі, өмірлік көзқарасын салыстыру қиын деп ойлаймын. Тағы бір осы фильмнен келтіретін параллель бар. Ол будда мүсіндерін жаруға қатысты. Бізде де «ана кесенені құрту керек, мына киелі орынды қирату керек, олардың барлығы ширк» дейтіндерді іздесеңіз тауып алуға болады. Бұл қауіпті құбылыс. Дер кезінде қауіпті радикализмді байқап, билік шешім шығара білмесе, тұтас қоғам құрдымға құлап кетуі мүмкін.
Пост авторы: блогер Асхат Қасенғали