Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Діни ерекшеліктер ел тұтастығына кесірін тигізбеуі тиіс – Алматы діни бірлестіктер басшыларының клубының мүшесі

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Елімізде қазіргі таңда 18 конфессия және 187 діни бірлестік жұмыс істейді. Діни бірлестіктер мүшелері арасында қарым-қатынасты күшейтіп, бейбітшілік, ынтымақты насихаттау мақсатында 2017 жылы Алматы қаласы Діни бірлестіктер көшбасшылары клубы құрылған болатын. Stan.kz тілшісі клуб мүшесі, «Social development center» қоғамдық қорының корпоративтік мәселелер және қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Бейбіт Тұрабаевтан аталмыш бірлестіктің жұмысы туралы толығырақ сұрап білдік.

– Клубтың құрылуына не себеп болды? Ұйымның мақсаты мен қызметі, құрамы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Қазақстанда діни плюрализм жақсы дамып, діни еркіндік толық қамтамасыз етілген. Десе де, оны сақтап қалу үшін өзара ынтымақтастық деңгейі жоғары болу керек. Көшбасшылар клубының ынтымақтастықты арттыруда ықпалы зор. Клубтың мақсаты – әртүрлі діндер арасында диалогты дамыту, толеранттылықты насихаттау. Алматыда 17 конфессия, әр конфессияның артында мыңдаған адам, бірнеше жамағат тұр. Сондықтан конфессияаралық келісім өте маңызды. Бірлік пен татулықты үндеу керек.

Алматы қаласында 118 діни ғимарат бар. Оның 54-і мешіт, 20-сы православиелік, 2-і католик шіркеуі, 1 синагога, 1 вон-буддисттік діни ғимарат, 35 әртүрлі протестанттық деноминация, 4 Ехоба Куәгерлері ғимараты және 1 апостолдық шіркеу. Алматы Діни бірлестіктер көшбасшыларының клубына қазіргі таңда 35 адам мүше.

Мұндай клуб, дін арасындағы серіктестік қағидаларын насихаттайды. Серіктестік қағидаларын насихаттау жұмыстары осыған дейін де жүзеге асты. Бірақ оның бәрі ресми сипатта болған. Мәселен, әкімдік жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес, жылына екі рет жиналыс өткізетін. Мұнда нақты сұрақтар бойынша мәселелер жоспармен талқыланады. Ал Алматы Діни бірлестіктер басшылары клубының ерекшелігі – бейресмилігінде. Мұнда қарым-қатынас деңгейі жоғары, өзіндік атмосферасы бар.

дін басшылары клубы– Бес жыл ішіндегі ең ауқымды жұмыстарды атап өте аласыз ба? Көшбасшылар клубы қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Клубтың ең басты жетістігінің бірі - 17 конфессия арасындағы ашық диалог алаңын құра алуы. Серіктестік деңгейі бірнеше есеге артты.                      Ара-қатынас сәлеммен шектелмейді. Клуб өзара пікір алмасу ортасына айналды. Сонымен қатар маңызды іс-шаралар өткізілді. Соның бірі - 2021 жылы өткен ғылыми-практикалық форум. Мұнда клуб эгидасымен діни мәселелер, атап айтсақ, экстремизмге қарсы күрес, конфессияаралық келісім, т.б. өзекті мәселелер көтеріліп, оның шешу тәсілдері қарастырылды. 2022 жылы тағы маңызды іс-шараны өткізу жоспарлануда. Шараға түрлі ғалымдармен қатар, шетелдік эксперттерді шақырту ойда бар, осы арқылы халықаралық тәжірибе алмасуға болады.

– Бірнеше діни бірлестік басшыларының басын қосу қиындық туғызбады ма?

– Әрине, оңай деп айтуға келмейді. Клуб жаңадан ашылған кезде, алғашқы 1-2 жылда қиындықтар болды, компромисске келу мәселесі туындады. Қазір ондай жағдай жоқ, бірақ барлық клуб мүшелерінің басын қосуда кей ерекшеліктерді ескеру керек. Мысалы, шара ұйымдастырған кезде, жұма күні мұсылман өкілдерін қатыстыру қиын, өйткені жұма намазы болады. Демалыс күні, яғни жексенбіде христиандық деноминацияларды шақыра алмаймыз, оларда діни рәсімдер өтеді. Сенбі күні протестанттар арасында адвентистер діни бірлестігінің ұстанымы бойынша, ол күні жұмыс не белгілі бір іс-шараға қатысуға болмайды. Жиналыс ұйымдастыратын кезде осыларды қарастырамыз.

– Клуб бірнеше дін өкілін біріктіріп, ынтымақтастықты нығайтуды үндейді, десе де дін өкілдері арасында қарама-қайшы көзқарастар, төзбеушілік байқалады. Халық арасындағы толыққанды толеранттылыққа қол жеткізу мүмкін бе және оны қалай орындауға болады?

– Діндер арасындағы қарама-қайшы көзқарастар баяғыдан бар, ол ғасыр бойы қалыптасқан. Оны жою мүмкін емес. Бастысы - келіспеушілік бола тұра, бәріне төзіммен қарап, бір алаңға жинай алуымыз керек. Сыйластық қағидасын сіңіртуді көшбасшылардан бастауды жөн көрдік. Өйткені, қазіргі таңда әр діннің айнасы - көшбасшылары. Олар халыққа насихат жүргізеді, жамағатты басқарады. Насихат барысында бір дінді екінші діннен төмен етіп емес, барлық діннің мақсаты адамгершілік екенін айту – көшбасшылардың міндеті.

Діни ерекшелік, діни наным-сенімдер мемлекеттің тұтастығына кесірін тигізбеуі тиіс. Алматы Діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы идеясы осы ұстаным жолында өз қызметін жүзеге асырып, өзге аймақтарға діни мәселелерді шешудің бір жолын үлгі етуде.

– Тұрғындар клубқа қалай мүше бола алады? 

– Клубқа қатысушыларды қабылдау қатаң ережелерсіз жүзеге асырылады. Әрине, ресми түрде тіркелген діни бірлестік болуы керек. Бірлестік жетекшісі немесе өкілі клуб мүшесі болса, клубқа кіру кезінде басқа шектеулер жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

14.10.2022

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер