Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Көшеде дінді уағыздаушыларға кезіксеңіз, не істеген жөн?

2021 жылғы ақпаратқа сәйкес әлемде 10 000-нан аса дін тіркелген. Ғалымдардың сөзінше, діндердің нақты санын дөп басып айту қиын. Дегенмен халықтың басым бөлігі ислам және христиан діндеріне бет бұрған. Әлемде дін көбейген сайын арандатушылар мен арбаушылардың да саны артары сөзсіз. Олардың бірі жасырын түрде насихат жүргізсе, енді бірі қоғамдық орында «құрбанын» іздейді. Алматы қаласы Дін істері жөніңдегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов, қоғамдық орында уағыз айтушыларға кезіксе, не істеу керектігін айтып берді. 

 

Нұрлан Қиқымов деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары өз «құрбандарын» таңдау кезінде белгілі бір адамдар санатын іздемейтінін айтады. Сөзінше, олар кез келген адамға келіп, әңгімесін қарапайым танысудан бастауы мүмкін. 

Алдымен қарапайым танысудан бастап, кейін діни тақырыптарға көшеді. Қарым-қатынасты қолдап, әңгімені жалғастыратын адам, арбаушының тікелей құрбанына айналатыны сөзсіз. Сондықтан олар «құрбанын» таңдау кезде белгілі бір адамдардың санатын іздеп, әуре болмайды, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Нұрлан Қиқымов діни идеяларды тек ресми тіркелген діни бірлестіктердің атынан және миссионер ретінде тіркеуден өткен адамдар ғана тарата алатынын қосып өтті. 

«Бұл ереже Қазақстан Республикасының 2011 жылғы                                         11 қазанындағы  «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында белгіленген. Заңға сәйкес миссионерлер тек діни ғимараттың аумағында ғана қызмет атқаруы керек. Олай болмаған жағдайда, мұндай қызмет заңсыз болып табылады және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекспен қудаланады. Елімізде ешкім өз дінін басқа біреуге міндеттей алмайды.  Ең алдымен осыны білген абзал», – деп толықтырды ол.

Маман көшеде дін уағыздаушылардың жекелей немесе топ болып жүруі де мүмкін дейді.

«Тәжірибеге сүйене отырып, оларда бұл мәселе бойынша нақты қағида жоқ деп айта аламыз. Себебі дін уағыздаушылардың топ болып немесе жеке жүрген кездері де болды. Бірақ көп жағдайда олар өздеріне артық назар аудармау және күдік туғызбау үшін жалғыз жұмыс істегенді қалайды деп ойлаймыз», – деді басқарма басшысы өз сөзінде. 

Сонымен қатар ол жат ағымдағылардың ең алдымен моральді тұрғыдан қолдау көрсетіп, сенімге кіруге тырысатынын айтады. Тіпті кейін материалдық көмек көрсетеміз деп уәде беретін көрінеді. Ал кейбірі психологиялық тұрғыдан адамға әсер ету әдістерін де пайдаланады.

«Олар бірінші кезекте моральді тұрғыдан қолдау көрсету арқылы сенімге кіруге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, сенімді адамның рөлін ойнайды. Байланыс орнағаннан кейін, жоғарыда айтқандай, арбаушы біртіндеп діни тақырыптарға ойысады. Құдай туралы сұрайды, дінге қатысты жалпы сұрақтар қояды. Деструктивті діни ағымдар психологиялық тұрғыдан әсер ету әдістерін де қолданады. Олар адамдармен сөйлесу барысында қиямет күні жақын және күнәлардан тез арылу үшін Құдайға сиыну керегі туралы жиі айтады», – деп түсіндірді Нұрлан Қиқымов. 

Басқарма басшысының пайымдауынша, діни сауаты төмен азаматтар көшеде дін уағыздап, арбайтындардың жетегіне жиі ереді.

«Сонымен қатар депрессиялық немесе психологиялық күйзеліске ұшыраған, эмоционалды және сезімтал адамдар да бар. Ата-анасының қарауынсыз қалған және интернеттен өз сұрақтарына жауап табуға тырысатын жасөспірімдер мен жастар да дін уағыздаушылардың айтқанына еріп кетуі мүмкін. Бұл, ең алдымен адасуға әкеледі. Дін тақырыбына қатысты барлық сұрақтарды тек арнайы мамандар мен теологтарға қоюға кеңес береміз», – деп қосты маман. 

Нұрлан Қиқымов діни әдебиеттерді көшеде таратудың заңсыз екенін де түсіндірді. 

«Тек қана Алматы қаласында емес, жалпы Қазақстан Республикасының аумағында діни әдебиеттерді қатаң түрде белгіленген орындарда таратуға рұқсат етілген. Егер бұл ереже сақталмаса, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер дінтану сараптамасы, материалдар мазмұнынан экстремистік идеяларды тапса, бұл қылмыстық жазаға әкеп соғуы мүмкін», – дейді басқарма басшысы. 

Айта кетсек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес діни әдебиеттерді тек,         3  орында таратуға рұқсат беріледі. Біріншісі – діни ғимаратта, екіншісі – діни оқу орындарында, ал үшіншісі – жергілікті атқарушы органдар, яғни облыс әкімдіктері айқындайтын арнайы стационарлық үй-жайлар (діни әдебиет сатылатын арнайы дүкендер – ред.). Нұрлан Қиқымовтың сөзінше, мұндай үй-жайларда діни әдебиетті сату немесе таратуға арнайы дінтанулық сараптамадан кейін ғана рұқсат етіледі. 

Нұрлан Қиқымов өзімізді және жақындарымызды дінді теріс мағынада уағыздайтындардан қорғаудың жалғыз жолы – көшеде бөгде адаммен діни тақырыпта сөйлеспеу екенін айтты. 

Егер көшеде біреу сізбен діни тақырыпта сөйлесіп, өзінің ұстанымын насихаттағысы келсе, мұның заңсыз екенін ұмытпаңыз. Ал егер осындай жағдай орын алса, құқық қорғау органдарына немесе біздің Дін істері жөніндегі басқармасына хабарласу қажет», – деп түйіндеді басқарма басшысы. 

 
17.10.2022

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер