Бас раввин Коген Ешая Элазар өз сөзін еврей халқының еліміздің аумағына қоныс аударуы туралы айтудан бастады. Оның сөзінше, алғашқы еврейлер Ұлы жібек жолы арқылы келіп, Қазақстанда қалып қойған.
"Кейін КСРО кезінде Ресей аумағындағы жоғарғы оқу орнында оқыған еврейлер іс-тәжірибеден өту үшін басқа елдерге барған. Оның ішінде Қазақстан да бар. Мұнда олар еліміздің дамуына үлесін қосты. Сонымен қатар Кеңес үкіметі кезінде дінге қарсы саясат жүргізілген. Сондықтан дінді ұстанғандарды алыс аймақтарға жер аударған. Мәселен, еврейлер үшін қасиетті тұлға болып саналатын Леви Ицхак Шнеерсон 1939 жылы 5 жылға Қызылорда облысы Шиелі ауылына жер аударылды. Ал 1944 жылы жаза мерзімі аяқталып, Алматыға келген соң осында көз жұмды. Алматыдағы орталық зиратқа жерленген", – деді раввин.
Сонымен қатар ол бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінен еврейлер осында жерленген Леви Ицхактың зиратына тәу етіп келетінін тілге тиек етті.
"Леви Ицхакты тек дінді берік ұстанғаны үшін ғана жер аудартып жіберген. Ал қылмыстық іс үш томнан тұрады. Бұл материалдардың барлығы КСРО құлаған соң оның ұлы, қазіргі еврейлердің рухани көшбасшысына табысталды. Сондықтан еврейлер арасында қазақтар жайлы оң пікір қалыптасқан. Өйткені қазақтардың қонақжайлылығы арқасында талай азамат аман қалды. Мәселен, 1950-жылдары Сталин Ресей азаматтығы жоқ еврейлерді пойызбен Грузия аумағынан Қазақстанға көшірді. Соғыстан кейін жер аударылғандардың арасында өзге де ұлт өкілдері бар. Кейін олардың дәл қазақ жеріне көшірілгені үшін Құдайға алғыс айтқанын да естідім", – деп түсіндірді бас раввин.
Коген Ешая Элазар 1994 жылы Қазақстанға көшіп келген. Ал 1996 жылы Алматы қаласындағы синагоганың алғашқы кірпіші қаланып, 1997 жылы ресми ашылды. Қазір Хабад орталықтары Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай мен Қарағанды, Өскемен және Павлодар қалаларында бар.
"Раввиннің арнайы емтиханнан өткені туралы дипломы болуы керек. Ол парызды қалай өтеу керек екені сынды мәселелерді білуге міндетті. Ал оның білімі ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Раввин өзі ештеңені ойдан шығара алмайды. Егер ол бір нәрсені айтса, демек бұл мәлімет оған дейін сан жылдар бұрын айтылып қойған. Сонымен қатар раввин барлығын біледі деп айту да қателік, себебі бұл әлемде барлығын білу мүмкін емес. Дегенмен раввин сұрақтың жауабын қайдан алуға болатынын біледі", – дейді дінбасы.
Еврейлер сұраққа жауап таба алмаса, мәселесін шеше алмаса раввиннен кеңес ала алады. Бұдан бөлек адамдар арасындағы дауды да шешіп, татуласуға септігін тигізеді. Әрі ерлі-зайыптылардың некесін қию да раввиннің қатысуымен жүреді. Коген Ешая Элазардың айтуынша, раввиндер некені еврей заңы бойынша дұрыс қиюдың ретін біледі. Әйткенмен бірінші кезекте АХАЖ бөлімінде неке қию керек, дейді ол.
"Неке заңдық негізде қиылады. Жастарды күштеп үйлендіруге де болмайды, еврейлер үшін бұл дұрыс емес. Әрине, ата-ананың кеңесімен отау құрған дұрыс-ақ. Бірақ ешкім жастарды күштеп үйлендіре алмайды. Міндетті түрде олар келісуі керек. Еврей заңы бойынша некені ерте қиюға рұқсат берілген, дегенмен раввин ерлі-зайыптылар заңда рұқсат етілген 18 жасқа толмаса, некені қимайды", – деді ол.
Қазақстанның бас раввині еврей қауымдастығындағы бала тәрбиесіне де тоқталды. Айтуынша, еврейлерде балаларға арналған онлайн-мектептер бар және бұл мектептер пандемияға дейін де болған.
"Балалар көкейіндегі сұраққа толық жауап беріп, үлгі бола алатын адамдардан білім алады. Бүгінде онлайн білім беру үлкен мәнге ие екенін ұмытпауымыз керек. Ал біз осындай мүмкіндікті тек жақсы мақсатта пайдаланғанымыз жөн. Бала тәрбиесі дәнектен ағаш өсіріп шығумен тең. Егер топыраққа дұрыс отырғызылмаса, ағаш қисық өседі. Сонымен қатар бала тәрбиесі кезінде өзіміз де дұрыс үлгі болуымыз қажет. Мысалы, балаға осы нәрсе жаман деп айтып, бірақ дәл сол әрекетті өзіміз жасасақ, біздің дұрыс тәрбие бермегеніміз", – деп толықтырды раввин.
Кашрут және дұрыс тамақтану
Еврей халқы үшін "Кашрут" терминінің маңызы зор. Кашрут – еврей заңындағы талаптарға сәйкес келетін ережелер жүйесі. Коген Ешая Элазар осы тұста барша адамзатқа қатысты 7 парызды атады. Олар: бір ғана құдайға табыну, құдайға тіл тигізбеу, қасақана кісі өлтірмеу, ұрлық жасамау, әйеліне немесе күйеуінің көзіне шөп салмау, тірі жануардың етін жемеу, әділ сот жүйесін құру.
"Еврей халқына қатысты 613 тыйым бар. Соның бірі – кошерлі тағамды тұтыну. Мысалы, бізге сиыр етін жеуге рұқсат берілген, яғни оның сүтін де іше аламыз. Түйенің етін жеуге болмайды, демек сүтін де ішуге тыйым салынған. Мұнда жануарды дұрыс сою да маңызды. Мұсылмандарда "халал" термині бар. Бізде мұны “кошерлі” деп айтады. Әйткенмен кошерлі сүт өнімдері мен кошерлі ет өнімдерін араластыруға болмайды. Әр отбасыда екеуіне арналған жеке ыдыс болады", – дейді бас раввин.
Оның сөзінше, Алматыдағы синагога жанында арнайы кошерлі өнімдер сататын дүкен жұмыс істейді. Бұл жерден еврей қауымдастығы қажетті өнімді таба алады. Сұхбат барысында раввин Қазақстанға алғаш келгенде тек балық және жеміс-жидекпен қоректенгенін есіне алды.
"Қазір адамдар өзге де кошерлі тағамдарды тауып, тұтына алады. Өзге елдерде еврейлерге арналған кошерлі өнім шығаратын фабрикалар бар. Өндіріс орнында барлығы талапқа сай болуын қадағалайтын арнайы ұйым да бар. Олар барып, тексеріс жүргізеді. Қазіргі уақытта Абу-Даби, Дубай сынды қалаларда кошерлі өнімдерден тағам дайындайтын мейрамханалар ашылған. Ал Мәскеуден кошерлі шұжық сатып аламыз. Мұсылмандар да бұл шұжыққа тапсырыс береді. Себебі кошерлі өнімді мұсылмандар да тұтынады. Бірде Киевке барғанымда мұсылмандар отбасын кездестірдім. Халал тағамдар сататын мейрамхана таба алмағандықтан, менен кошерлі мейрамхананы сұрады. Сол кезде кошерлі өнімді мұсылмандар да тұтынатынын білдім", – деп түсіндірді ол.
Бас раввин еврейлерге жеуге болатын бірнеше жануардың бар екенін айтады. Дегенмен ет кошерлі болуы үшін жануарды маман барлық талаптарға сай союы керек. Сөзінше, қасапшы арнайы оқудан өтеді. Пышағы өткір әрі жылтыр болуы маңызды. Қазір Алматыда еврей қауымдастығының тапсырысымен мал соятын қасапшылар да бар.
"Кітап – еврейлердің ажырамас бөлігі"
Синагогамен таныстырған Ешая Элазар ғимаратта ілінген суреттер және жазбаларға тоқталды. Жоғарғы қабатқа көтерілетін баспалдаққа Леви Ицхак Шнеерсонның өмірбаяны жазылған тақтайшалар ілінген. Бірінші қабатта дұға етуге арналған негізгі зал орналасқан, ал екінші қабатта әйелдердің залы бар.
Ғимаратта көзге түсетіні – қабырғаны бойлай орналасқан кітап сөрелері. Түрлі-түсті мұқабадағы кітаптар көздің жауын алады. "Кітап – еврейлердің ажырамас бөлігі" деп түсіндірген бас раввин еврей үшін негізгі кітап Таурат екенін айтты.
"Еврей халқында Таурат ауызша және жазбаша түрде болады. Жазбаша нұсқасында "Тамақ кошерлі болуы керек" деп жазылуы мүмкін, ал ауызша Таурат кошерлі дегеннің не екенін, малды қалай сою керек екені жайлы анықтамаларды береді. Еврейлер өмір бойы оқиды. Өзге де діни әдебиеттер мен кітаптар жетерлік. Сондықтан еврей үшін кітап өмірдің бір бөлігі. Бұл су мен балық секілді. Тек қана оқу керек", – дейді ол.
Синагоганың алдында үлкен шам орналасқан. Бұл шамдар Ханука мейрамы кезінде жағылады. Айта кетері, еврей халқының өз күнтізбесі бар және әлем халқының көпшілігі қолданатын Грегориан күнтізбесінен 3 000 жылға алда.
"Біздің күнтізбе Құдай Адамды жаратқан күннен бастау алады. Бұл мұсылмандар күнтізбесі мен Грегорианның қосындысы секілді. Әрі бір жылда 12 немесе 13 ай болады. Бір ай 29 немесе 30 күннен тұрады. Жаңа жыл уақыты жыл сайын ауысып отырады. Мен тек еврей күнтізбесін қолданамын, сондықтан Грегориан күнтізбесінде аздап шатасып қаламын", – деп түсіндірді бас раввин.
Ал әр сенбі еврейлер үшін мереке болып саналады. Бұл күні жұмыс істеуге тыйым салынады. Сондай-ақ көлікпен қозғалуға, электр техникаларын қолдануға, от тұтатуға және жарық жағуға болмайды.
"Жұмада шам жағылады, себебі күн батқан соң электр қуатымен жұмыс істейтін техникалар мен құрылғыларды қолданбаймыз. Лифтпен көтерілуге болмайды. Бұл сенбі кешке күн батқанға дейін, шаббат аяқталғанша жалғасады. Мұсылмандарда Қадір түні секілді. Сенбілік шам жағылған соң от жағуға тыйым салынады", – дейді ол.
Синагогада келушілер өз пікірін жазуға арналған үлкен кітап бар. Сұхбат соңында тілшіміз де кітапқа жылы лебізін жазып қалдырды.
https://stan.kz/kazakstandagi-iudaizm-okilderi-evrey-otbasindagi-bala-t-372436/