Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Радикалды көзқарастардың жетегіне еріп кетпеудің жолдары қандай?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Діни оңалту бөлімінің маманы Данияр Кенжалин бүгінгі таңда "радикализм" ұғымына түрлі анықтамалар бар екенін айтады. Сөзінше, осы күнге дейін радикализм көрінісі қоғамда түрлі сипатта болған.

“Радикализм міндетті түрде діни негіздерден бастау алады деу қате пікір. Себебі тарихта исламофобиялық көзқарастағы адамдардың лаңкестік әрекеттерге бару деректері де кездеседі. Радикализм өзінен басқа көзқарастағы адам мен қоғамға деген жеккөрініш, төзімсіздіктен туындайды. Өкінішке қарай, біздің қоғамда радикалдар діни ұстанымдарды ұран еткен азаматтардың арасынан шығуда”,- деді маман.

Жақының теріс бағыт жетегіне ілініп кетсе, не істеу керек?

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы Данияр Кенжалин радикалды ағымдағылар адам санасын улау үшін түрлі әдістердің барлығын қолдануға тырысатынын айтады. Оның ішінде әңгімелесуден бастап, желіге түрлі видеолар салу, тіпті елдегі саясатқа байланысты жаңалықтарға пікірлер қалдыру арқылы жұртшылық назарын өздеріне аударуды мақсат етеді.
Данияр Кенжалин адам діндар болмаса да діни сауатты болуы шарт екенін алға тартты. Себебі айналасындағы жандар: көршісі, туысы, әріптесі, жақыны оны кез келген уақытта арбап, өзге жолға түсіруі мүмкін. Сондықтан маман қарапайым адамдарға радикалды ағымдардан қорғану үшін бірнеше кеңес берді.

Адамның діни білімі болуы шарт дейді маман.

“ Жұртшылық кем дегенде елімізде теріс ағым өкілдерінің бар екенін, олардың сыртқы келбеттерін, түр сипаттарын ұғынуға міндетті. Бұл адамның сақтығы үшін жасалады.

Егер тіпті жақын адамың радикалды лаңкестік бағытты насихаттап, шақырып тұрған жағдайда, қанша қиын болса да, азамат міндетті түрде құзырлы органдарға хабарласып, ескертуі керек. Лаңкестік оқиғаларды болдырмау үшін қоғамның алдында азаматтық міндетті орындап, қауіпсіздікті орнату мақсатында осындай әрекетке баруы шарт”, - дейді ол.

Сол жақын адамды түптеп келгенде дұрыс жолға қайтару да біздің қолымыздан келуі мүмкін деп қосты ол. 

“Ол үшін адасқан досыңызды мешіттердегі имамдарға, дұрыс жолдарды нұсқайтын діни орталықтарға апарып, келіссіз түсініктерден арылту керек”, - дейді маман

Данияр Кенжалин біраз жылдан бері мемлекет діни уәждегі экстремизмге қарсы бағдарламаларды іске асырып жатқанын алға тартты. Соған сәйкес ел болашағына балта шабатын ағыммен күресу үшін профилактикалық іс-шаралар, оңалту мен дерадикализациялық жұмыстар атқарылады екен.
Маман бүгінгі таңда адасқан жандардың тығырықтан шығар жол іздеуіне қоғам мен ел тарапынан көмек көрсетілетінін тілге тиек етті.

“Қалалар мен облыстарда Дін істері жөніндегі басқармаларына қарасты орталықтар және түрлі мемлекеттік емес ұйымдар жұмыс атқарады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрамынанда қол ұшын созар арнайы Діни оңалту бөлімі бар. Барлығының мақсаты – деструктивті және радикалды идеялардың құрбаны болған азаматтарды қоғам құндылықтарына сай келетін дәстүрлі ислам негіздеріне                              қайтару”,- деп қосты маман.

Ол сенімді ақпаратты ҚМДБ-ның филиалдары, мешіттер мен медреселер және мемлекет тарапынан қызмет етіп жатқан орталықтардан алуға болатынын алға тартты.

Теріс жолдан сақтанудың жолдары бойынша заңгер кеңесі 

Заңгер Нұра Өтебаева радикализм мен экстремизм мәселелері бүгінгі таңда толығымен ашылмағанын айтады. 2005 жылы 18 ақпанда эсктремизмге қарсы ҚР-ның заңы қабылданса, оған түзетулер мен толықтырулар жыл сайын енгізіледі екен.  Ал террористік немесе экстремистік әрекеттерді қаржыландыру және терроризм мен экстремизмге өзге де ден берушілік Қылмыстық кодексінің 10-тараудағы 258-бабы бойынша жазаланады.
Заңгер діни сауаттың болуы түрлі теріс жолдан сақтайтынына сенімді. Сөзінше, алдын алу шараларына байланысты елімізде Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс қимыл жөнінде 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама дайындалған. 

“Алдын алу шараларына келсек, жалпы заң тұрғысында ҚР-ның аумағында діни экстремизм мен радикализм әрекеттерін жасауға жол берілмейді. Көріп отырғанымыздай, осыған орай заңдарымыз да жыл сайын толықтырылып, қатаңдатылуда. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім, мемлекеттің және қоғамдық институттардың өзара іс қимылы радикалды ағымдағыларға қарсы тұрарлық күш болмақ”, - деп қосты маман

13.11.2022

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер