Ехоба куәгерлері" діни бірлестігінің мүшесімін деп таныстырған азаматша заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін, атап айтқанда діни хаттар жіберу арқылы діни көзқарасын таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған әкімшілік айыппұл салынды.
Заңсыз миссионерлік қызметпен айналысу фактісін Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері анықтады.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 490-бабының 3-бөлімінің (Тіркеусіз миссионерлік қызметті жүзеге асыру) талаптары бұзылған.
Т. есімді азаматша діни сипаттағы хаттарды пошта арқылы таратып, заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асырған, онда ол өзінің сенімі туралы ақпаратты және "Ехоба куәгерлері" христиан қоғамдастығының сайтының мекенжайын көрсеткен.
Осы факті бойынша азаматша Т.-ға қатысты әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде сот оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 300 мың теңгеден астам айыппұл салды.
Сотта азаматша Т. "Ехоба куәгерлері" діни бірлестігінің көзқарасын ұстанатынын және адамдармен Киелі кітаптан алған білімін өз еркімен бөлісетінін және бірнеше белгісіз адресаттарға хаттар жолдағанын мойындады.
Алайда азаматша Т. өзін кінәлі деп есептемей, Алматы қаласының жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. Әкімшілік істі қараған апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы өз кезегінде миссионерлік қызметті тиісті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін, сондай-ақ діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды (кітаптар, буклеттер, брошюралар, жадынамалар және т.б.) таратқаны үшін, әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Миссионерлік қызмет дегеніміз – діни ұйымдардың Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың дінге жүгіну мақсатында дінді оқытуға бағытталған қызмет түрінің бірі.
Осы арқылы адамдар өз дінін ұстанатын қатарластарының санын көбейткісі келеді әрі дінді таратады. Егер тиісті рұқсат болмаған жағдайда діни көзқарастарды белсенді түрде үгіттеу, дін туралы айтып мазалау, айналадағылармен діни тақырыптарда талас жүргізу, сондай-ақ, діни мазмұндағы кітаптарды тарату миссионерлік қызмет ретінде сипатталуы мүмкін.
Діни бірлестіктер тіл үйрену немесе қандайда бір дағдыларды үйрету бойынша семинарлар, курстар өткізсе, білім беру процесі дінді оқытудың таралуымен тікелей байланысты болса, бұл миссионерлік қызмет болып есептеледі. Алайда егер білім беру процесі мен дінді оқыту бөлінсе, онда курстар, семинарлар және басқа да осындай іш-шаралар миссионерлік қызмет болып есептелмейді.
Заңға сәйкес, ҚР азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың діни объектілерде миссионерлік қызметті тіркеуден өткен соң ғана жүзеге асыруға құқығы бар. Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
Атап өтерлігі, ҚР-ның аумағындағы миссионерлер жыл сайын қайта тіркеуден өтуге міндетті. Миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды, діни мақсаттағы заттарды пайдалануына дінтанулық сараптамадан оң қорытынды алынғаннан кейін ғана жол беріледі. Миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыруға тыйым салынады.
Жақындарыңыз немесе өзіңіз көшеде бейтаныс адамдардың дін тақырыбында әңгіме бастауға және діни кітаптарды таратып жатқанына куә болсаңыз, 102-нөміріне қоңырау шалып, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Себебі бұл заңбұзушылық болып есептеледі.