– Елімізде діни бірлестіктерге қатысты заңбұзушылықтар қалай реттеліп жүр?
– Қазақстанда "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң бар. Ол заңға сәйкес, Діни бірлестіктер дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең делінген. Яғни егер, діни бірлестіктер ҚР Заңдарын бұзатын болса, тиісінше әкімшілік не болмаса қылмыстық заңға сәйкес жауап береді.
Діни бірлестіктер тарапынан заңнамалар бұзылса, ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 489 және 490-баптарымен реттеледі. Яғни, еліміздің заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген, сол сияқты қызметі тоқтатылып тұрған немесе оған тыйым салынған дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу, осы қызметті қаржыландыру әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 489-бабымен қарастырылады. Ал дiни жораларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізу, қайырымдылық қызметті жүзеге асыру, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды әзірлеу, басып шығару және тарату, ғибадат үйлерін салу, заңды діни қызметке кедергі келтіру, миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, Қазақстанда тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуы кодекстің 490-бабымен қаралады.
– Қазақстанда қай жерлерде діни рәсімдер жасауға болмайды?
– Жоғарыда аталған заңнамаға сәйкес, құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі. Өзге жағдайларда діни іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады, яғни арнайы рұқсат керек. Мысалы, діни рәсімдерді жасауға мемлекеттік органдардың ғимараттарында, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтерді жүзеге асыратын ғимараттарда, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді.
– Желіде жат ағымдарды насихаттап жүргендердің уағыздары толып жүр. Оның бәрін жоюға заңның күші жетпей ме?
– Елімізде деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл тараптан жұмыс жүргізілмей жатыр деуге болмайды. Себебі бұл салада Ұлттық Қауіпсіздік комитеті жақсы деңгейде жұмыс істейді. Бұл жерде заңның күшін емес жалпы қоғамның көзқарасын өзгерту керек сияқты. Пайғамбарымыздың өзі дінді ұстану үшін білім керек деп айтты емес пе? Сондықтан азаматтарымыздың жат ағымның жетегіне ермеуі үшін алдын алу шараларын қоғамда, мектепте, ЖОО-да жүргізу керек. Себебі жат ағымдарды көбіне байыбына жетпей, іле-шала түсініп, жастар алып келіп жатады. Желідегі жат ағымды ұстанушылардың видеоларын құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы өшіруге болады. Дегенмен әлеуметтік желілердегі дүнеилер өшірілгенімен, келесі күні қайта салынып жатады. Олармен бұлай күресу мүмкін емес.
– Көшеде белгісіз біреулер жаныңа келіп, түрлі уағыздар айтып, өзінің ортасына қосылуға шақырып жатады. Дінді немесе діни ағымдарды кез келген азамат кез келген жерде насихаттай ала ма?
– Жоқ, дінді насихаттаудың да өз жөні бар. Мен жоғарыда айтып өткендей, тиісті орындарда өткізілу керек. Қалған жерлерде өзгелерге кедергі келтіре отырып, діни насихат жүргізуге болмайды. Оған қоса діни уағыз айту арнайы білімді қажет етеді. Мысалы біз далада кейбір адамдардың неше түрлі діни кітаптар таратып жүргенін көреміз, бұл да құқықбұзушылық саналады. Себебі заң бойынша діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға рұқсат етіледі.
– Қазақстанда әр уақытта діни саланы реттейтін заңдар қабылданды. Өзгерістер неге алып келді?
– Негізі дін туралы заң 2011 қабылданып, кейін бірнеше мәрте өзгерістер енгізілді. Ең соңғы, қазіргі редакциядағы заңды біз басқаларына қарағанда толықтырылған, бірнеше мәселе көтерілген заң деп қабылдаймыз. Ал бұрын ондай болмаған, бұрын тек діни бірлестікті құру процедурасы ғана жазылған редакция болған.
Шынында да, 2019 жылы Парламент Үкіметке жаңа заң жобасын пысықтауға қайта жіберді. Қазіргі заңнамадағы "діни сенім бостандығы" ұғымы ар-ождан бостандығының негізгі принциптерінің ажырамас бөлігі. Соңғы өзгеріс 2022 жылы болды.
Қазіргі заң қоғам мен уақыттың қажеттілігінен туындады. Діни ағымдардың көбеюі, қоғам арасында дау туындауы заңдарға өзгеріс енгізуге алып келді.
– Заң белгілі бір діни ағымдарға тыйым сала алмайды, өйткені ол діни бірлестік емес, сенім. Сонда заң деструктивті діндерге қалай қарсы тұра алмай ма?
– Заң діни көзқарасқа тыйым салмаса да, діни бірлестіктерді тіркеуде, жалпы діни қызметті іске асыруда бірнеше талаптар қояды. Діни бірлестік он сегіз жасқа толған, құрылтай жиналысын (съезін, конференциясын) шақыратын қазақстандықтардың бастамасы бойынша құрылады. Онда діни бірлестікті құру, оның атауы, жарғысы туралы шешімдер қабылданады және оның басшылық органдары құрылады. Діни бірлестіктің міндетті түрде заңмен сипатталған арнайы белгілері болуы тиіс. Олар арнайы тіркеледі. Қазіргі кезде діни теріс ағымдардың таралуы жағдайды шиеленістіріп отыр. Себебі олардың көбісі шетелден келеді. Сондай-ақ адамның санасын улау арқылы, теріс жолға түсіреді. Бұл енді қылмыс қой. Әр адамның санасына кіріп-шығу мүмкін емес. Сол себепті ең алдымен, кез келген адам өзі дұрыс ойлап, оң-солын ажырата білуі керек. Көбіне мұндай ағымдар өмірде қиын жағдайға тап болған, дағдарыста жүрген адамдарды таңдап, солардың санасын улайды. Мұндай адамдар тез сенгіш және моральдық тұрғыдан әлсіз келетіндіктен, алданып қалып жатады. Сондықтан бұл жерде қарсы тұратын ең алдымен, заң емес адамның өзі болуы керек.
– Тағы бір мәселелердің бірі ретінде діни ағымдардың азаматтар мүлкін өз аттарына жазуға тырысатынын айта кету керек. Заң қандай да бір жолмен мұндай алаяқтыққа қарсы тұра ала ма?
– Діндар адамдар өз мүлкін діни бірлестіктерге бере алады немесе атына жаза алады. Заң азаматтарды шектемейді. Бірақ алаяқтық үшін жауапкершілікті көздейтін ҚР Қылмыстық кодексі бар. Егер құқық бұзушылық белгілері болса, онда діни бірлестіктің мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
- Сұхбатыңызға рахмет!
https://stan.kz/kazakstanda-dini-maseleler-zandi-tyrgida-kalay-rettelip-373227/