Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы "Кеңес беру және оңалту" орталығының маманы, теолог Айбар Асхатбекұлының айтуынша, дінде дәстүрді ұстануға қатысты тыйымдар жоқ.
"Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) дінге қанша берік болғанымен, сол кездегі араб дәстүрін де қатар ұстанғаны белгілі. Мәселен, пайғамбар Меккеге көшіп барғанда оны достары домбыраға ұқсас өздерінің аспаптарымен күтіп алған. Осындай дәстүрлердің біздің де халқымызда бары айтпаса да белгілі. Қонақ келсе, алдына асын тосып, мерейлеп күтіп алатын халықпыз. Осы сынды дін мен дәстүрдің сабақтастығын көрсететін мысалдар жеткілікті", – деді ол.
Теолог қазіргі таңда дін жолындағы жастардың дін мен дәстүр сабақтастығын естен шығармауы керегін айтады. Сөзінше, Исламға жат ағымдардың әсерінен көпшілігі қазақтың ұлттық дәстүрін жоққа шығарып жатады.
"Дәстүрге қарсы шығудың ең басты себебі – сенім мәселесі. Дәстүрлі исламға жат ағымда біздің ежелден келе жатқан "Сәлем салу" сынды дәстүріміздің дұрыс емес екені айтылады. Мұны "бидғат" немесе "ширк" деп айтады. "Ширк" дегеніміз "Аллаға серік қосу" дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз да әйелі Айшаның музыкалық аспапта ойнауын оң қабылдағанын айта кеткен жөн. Оған ешқандай тыйым салмаған, жұбайының қалауын түсіністікпен қараған", – деп түсіндірді Айбар Асхатбекұлы.
Сонымен қатар маман қазақ халқындағы кей дәстүрлердің дінде де көрініс табатынын айтады.
"Ата-бабаларымыз дінді қалай ұстанса, дәстүрге де солай берік болған. Тіпті дәстүрдегі кей әдеттер дінімізде де бар. Мысалы, үйге оң аяқпен кір, асты оң қолмен же деп бекер айтпайды. Мұның барлығы пайғамбар дәуірінен бастап еш өзгеріссіз бүгінгі күнге дейін жетті. Бұл қазақ өмірінде дәстүр мен шариғат заңдарының қатар жүргенін тағы да дәлелдейді. Қазіргі уақытта көшеде ұзын көйлек киіп, басына сәлде орағандарды көріп жатамыз. Мұны дінде бар болғандықтан, дұрыс деп санайды. Алайда әр елдің өз дәстүрі мен киім киюдегі ерекшеліктері, ділі мүлде бөлек. Толығымен қара киініп, тұмшалану дінге қайшы болмағанымен, қазақтың дәстүріне және Ханафи мазғабына қарсы", – деді Айбар Асхатбекұлы.
Айбар Асхатбекұлының сөзінше, дәстүрдегі жөн-жоралғылар діндегі талаптар мен ережелерге қарсы келмеуі керек.
"Мәселен, қазақта "Сәлем салу" дәстүрге айналған. Бұл – үлкенге құрмет көрсетудің белгісі. Ал мұны "Құдайға серік қосу" деп атау үлкен қателік", – деп толықтырды Айбар Асхатбекұлы.
Теолог жастардың жат ағымға қосылуының басты себебі дінді толық түсінбеу екенін қосып өтті. Сөзінше, дәстүрді бала күнінен бастап үйреніп, бойына сіңірген адам еш уақытта дін жолында адаспайды.
"Оңалту орталығында жұмыс істегендіктен, жастармен де, қариялармен де сөйлесеміз. Қазір көп жастардың дінге бет бұрғанын байқап отырмыз. Дегенмен теріс ағымда жүрген бауырларымыздың ойынша, дінге жаңа нәрсе енгізу – "адасушылық". Ал адасушылықтың арты – тозақ. Сондықтан олардың басым бөлігі қазақтың дәстүрі дінде болмағандықтан мұны "адасушылыққа" балап, жоққа шығарып жатады. Қайтыс болған адамның жетісі, қырқын өткізіп, жылдық асын беру дінде жоқ екені рас. Алайда бұл ата-бабадан қалған дәстүр әрі мұның Исламға еш қайшылығы жоқ. Аста ең бірінші имам шақырылып, Құран оқылады. Жиналған көпшілікке діндегі кей мәселелер түсіндіріледі. Сондықтан дәстүрдің барлығын "бидғат" деп жоққа шығару қателік дер едім", – дейді теолог.