Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Адасқан жігіттің әлегі: Теріс діни ағым өкілдерін көрсеткен "Құстар" фильмі не жайында?

Теріс діни ағымдар мен радикалды көзқарасы бар адамдар ел қауіпсіздігі мен бірлігі тұрғысынан зияны айрықша. Себебі кез келген радикалды діни ағымның мақсаты елді ағартуға емес, тура жолды қиратуға бағытталады. Сол себепті олардың қаупі туралы әркез айту және жастардың арасында діни дұрыс көзқарас қалыптастыру мақсатында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы "Құстар" фильмін ұсынады.

[Кустар фильм]

Фильмнің арқауы негізінде Қайсар және Әли есімді екі жігіттің өмірі алынған. Олар бала кездерінен бірге ойнап, бірге жүрген достар болады. Қайсар тұрмысы төмен отбасында өседі. Әкесі де тым қатал болады, сондай-ақ үйдегі ұрыс-керісті кішкентайынан көріп өседі. Ал Әли керісінше тұрмысы жақсы әрі бақытты отбасында тәрбиеленеді. Соған қарамастан екеуі қатар ер жетіп, достықтарына сызат түсірмейді. Сонымен қатар екі дос кішкентайынан дінге жақын болып өседі.

Қайсар мен Әли мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түседі. Екеуі үнемі бір мешітке келіп, намаз оқиды. Оқуға түскен соң Әли жатақханаға орналасады да, Қайсар кешігіп қалып бөлек пәтер жалдайды.

Әдеттегідей мешітте намаз оқып, үйіне келген Қайсар өзімен тағы бір азаматтың бірге тұратынын біледі. Екеуі танысып, жай сұрасады, жаңа көршісінің есімі Балтабек екен. 

Бірде Балтабек Қайсардың университет ақысын төлеуге қиналып жүргенін біліп оны өзінің ортасымен таныстыруға шақырады. Алғашында тартынған Қайсар аяғында баруға келіседі. Осылайша екі дос алғашқы рет намаздарын бөлек оқиды.

Танысқан ортасы Қайсарға оғаш көрінеді, намаз оқығандағы қылықтары мен тұрыстары да өзгеше еді. Бірақ уақыт өте келе бойы үйрене бастайды. Олардың әдеттерін қайталап, қылықтарын бойына сіңіре бастағанын өзі де байқамайды.

Уақыт өте келе Қайсар жаңа ортасына бойы үйреніп, достары мен туыстарынан алшақтайды. Досы Әлимен бірге мешітке баруды да сейілтеді. Жаңа достары оған шын мұсылмандардың "қорлық" көріп жатқанын айтып, жиһадқа шақырады. Осылайша Қайсардың көңілі күңгірттене түседі.

Бірде ол досы Әлиді жаңа ортасымен таныстыруға алып келеді. Олардың сөйлеген сөздерін, сөз арасындағы терминдерін тыңдаған Әли бұл жерде бір шикілік бар екенін және олардың жолы қате екенін сезеді. Қайтар жолда ол Қайсарға осының барлығын айтып береді. Алайда ойы әбден бұзылған Қайсар сөзіне құлақ аспай, досын "адасушы" деп айыптайды. Осы жерде екеуінің достығының арасына сызат түседі.

Оқиғаның қалай аяқталғанын, екі достың тағдыры не болғанын және "жиһадшылардың" Қайсарды қалай арбағанын фильмнен көре аласыздар.

18.11.2022

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер