2000-жылдардың басында діни экстремизм мен терроризм маңызды тақырыпқа айналды. Бұған дейін аталмыш тақырып соншалықты қауіпті емес еді. Дегенмен, әлемде діни экстремизм мен терроризм белең алғанда тұрақтылық аралы болып отыру мүмкін бе?
Тек 2019 жылдың өзінде Қазақстанда терроризм мен діни экстремизмге байланысты қылмыстық әрекеттер үшін 140 адам сотталды. Қаңтарда Алматыда ҰҚК-нің орынбасары Нұрғали Біліспековтың мәліметіне сәйкес, террористік шабуыл жасамақ болған үлкен қылмыстық топ құрықталды.
2020-жылы ақпан айында Алматыда террористік шабуылды дайындаған деструктивті діни ағымның өкілдері ұсталды. Тергеу мәліметінше, қамауға алынған адамдар халық көп жиналатын жерлерде террористік актілерді жүргізуді жоспарлаған. Қазіргі таңда экстремизмнің белең алуы адам, қоғам, мемлекет қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіріп отыр.
Бұл тұрғыда әсіресе діни экстремизм аса қауіпті екенін атап өткен жөн.
“Деструктивті ағымдардың жетегіне кеткендер кімдер? Бұған анықтама беру қиын. Анықтаудың нақты критерийлері болуы керек. Сыртқы пошымына қарап білу мұмкін емес. Тек сөйлесу арқылы ғана оларды тануға болады. Визуалды түрде тани алмасақ та, әңгіме барысында байқалады. Егер ол мемлекеттік жүйе халифат болуы керек, басқарушы адамдардың құзіреті жоқ монарх болуы керек деген сөздер айтса, жат ағымның жетегінде жүр деген сөз. Тек билікке ғана емес, қарапайым әлеуметтік қоғамға да, халыққа да қауіп төнеді”,- деді саясаттанушы Ислам Кураев.
Деструкция дегеніміз Эрих Фроммның анықтамасы бойынша, агрессияны, өшпенділікті білдіретін сөз. Олардың негізгі бағыты адамды қоғамдық қауіпсіздікке, өткен тарихына, салт-дәстүрге, қалыптасқан әкімшілік, құқықтық жүйеге қарсы қою.
“Экстремистік топтарды кез келген дін өкілдерінің арасынан кездестіруге болады. Тарихқа көз салсақ та түрлі дін өкілдерінің арасынан асыра сілтеуші, шектен шығушы топтар шыққан және көптеген мәселелер туындатқан. Әлемде дінді өздерінің мақсат-мүдделеріне пайдаланатын саяси күштердің бар екенін де білеміз. Олар қай мемлекетке тұрақсыздық жасағысы келсе, сондай діни топтарды пайдаланады”,- деді Төле би мешітінің бас имамы Ерсін Әміре.
Саясаттанушылар мен дінтанушылардың пайымдауынша, халықаралық терроризм қызметі ұйымының насихаттау жұмысы әлі күнге дейін тоқтар емес. Әлеуметтанушылардың деректеріне сүйенсек, террористердің 70%-ы орташа жасы 18-29 жас, жанкешті лаңкестің орташа жасы 18-27 жас.
Әдетте халықаралық терроризм ұйымы пайдаланатын әдіс-тәсілдер адам бойында әділетсіздік сезімін оятып, нашар өмір сүруіне өзгелер яғни діні мен ұлты, саяси көзқарасы кінәлі дегенді меңзейді.