Исламтанушы Сабдин Асқардың айтуынша, ислам құқығында әл хукум деген санат бар. Ислам құқығының теориясында әл хукум норма деген мағынаны білдіреді. Қазақша үкім, әкім, үкімет деген секілді сөздердің шыққан тегі осы терминнен бастау алады екен.
"Осы хукум ислам құқығында екі категорияға бөлінеді. "Хукум тәклифи" және "хукум уадаи". "Хукум тәклифи" құқықтық қабілеттігі бар тұлғалардың үкімдері. Екіншісі "хукум уадаи" - жағдаяттарға байланысты құқықтық нормалар. "Хукум тәклифи" жайында төрт мазхабта әртүрлі анықтама берілген. Ханафи мазхабы бойынша айтатын болсақ, жалпы тәклифих үкімі жеті категорияға бөлінеді: парыз, уәжіп, мәндүп. Соңғысына сүннет, мұстахаб, нәпіл, тақауа секілді санаттар кіреді”, – дейді ол.
Оның айтуынша, осы жердегі парыз түсінігі жеке бастың парызы және қоғамдық парыздар деп бөлінеді.
“Қоғамдық парыздар бүкіл жамағат орындауы керек істер. Яғни бұл шариғаттың талап еткен іс-әрекеті, жеке тұлғалардан емес бүкіл мұсылмандардан талап етіледі. Сондай-ақ бұл парызды мұсылмандар орындаған кезде барлық мұсылман жамағатының жауапкершілігі болады деген мағынаны білдіреді”, – дейді ол.
Алайда Сабдин Асқар бұлардың көпке белгілі, бәрі естіген қоғамдық парыздар ғана екенін, сондай-ақ көпшілік естімеген қоғамдық парыздар барын айтады. Қоғамдық парыз дінге байланысты және дүниеге байланысты істерге қарай бөлінеді.
“Діни білім алу – бұл да діни тұрғыдан алып қарасақ, діни парыз. Себебі, Құран Кәрімде: "Тіпті ең бару керек деген жорыққа білім алып жатқан, білім талап етіп жатқан шәкірттер шықпау керек" деген аят бар. Өйткені, білім талап ету – парыз. Діни білімді ешкім талап етпесе жауапқа тартылады. Тура сол секілді "жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю" деген секілді қоғамдық парыз бар. Егер бір жерде дұрыс емес әрекеттер, құқық бұзушылықтар жасалса, мұсылман адамдардың оларға ескерту жасауы, жақсылыққа шақыруы, жамандықты тиюы діни тұрғыдан фарзы кифая болады. Сол үшін Құранда: "іштеріңізде бір топ адамдар болсын, олар адамдарға жақсылық туралы айтсын, жақсылыққа бұйырсын, соған шақырсын және жамандықтан тыйсын" деген сөз бар”, – дейді Сабдин Асқар.
Исламтанушы дүниелік істерге байланысты қоғамдық парыздар туралы да айта кетті.
“Діни біліммен қатар дүниелік білімдер де қоғамдық парыз (фарзы кифая) болып есептеледі. Мәселен, медицина, математика, архитектура сынды мамандықтар мен салаларды (биология, физика) оқып-үйрену, зерттеу де қоғамдық парыз болады. Мұны өкінішке қарай көп адам ескере бермейді. Сондай-ақ сауда жасап, кәсіппен айналысу, түрлі зауыттар салып, өнеркәсіп ашу да қоғамдың парыздардың бірі. Екіншіден, осы қоғамдық парыздар орындалатын салаларда мамандар даярлануы керек”, – дейді маман.
Бұнымен қоса бойдақ жастарды, мұқтаж жандарды отбасылы етуге атсалысу қоғамдық парыз болады.
“Егер жастардың отбасы құруға жағдайлары болмай жатса жақындары, туыстары, жағдайы бар жерлестері оларға көмектесу керек. Бұл да негізгі парыздардың бірі. Имам Әл-Жуайни секілді ғұламалардың өзі қоғамдық парыздар жеке бас парыздарынан жоғары тұрады деп айтқан. Себебі, осы фарзы кифаяны әділетті түрде орындау арқылы біздің қоғам дами түседі”, – дейді Сабдин Асқар.