Теолог Айбар Асхатбекұлының айтуынша, діндегі толеранттылық дегеніміз – ислам дінінің өзге діндермен қарым-қатынасы. Ислам басқа діндермен жақсы қарым-қатынаста болуды қолдайды.
“Пайғамбарымыз толеранттылық жайында, басқа дін өкілдерімен қарым-қатынас туралы бір емес бірнеше жерде түсіндіріп айтып кеткен. Мәселен, өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас жасауда дінімізде екі шарт көрсетілген. Бірінші шарт – олармен барынша жақсы қарым-қатынаста, жақсы мәміледе болу. Екінші шарт – оларға әділдік таныту. Пайғармыздың осыған қатысты хадисі де бар. Ол жерде: “Кімде-кім басқа дін өкіліне зұлымдық қылатын болса, оған қандай да бір әділдік танытпай, ақысын жеп, шамасы келмейтін жұмыс жүктейтін болса, ертең қиямет күнінде сол адамның қорғаушысы мен боламын” деп айтқан”, – дейді маман.
Сондай-ақ теолог Пайғамбардың осы сөзінен-ақ мұсылмандардың басқа дін өкілдеріне қандай көзқараспен қарау керек екені байқалып тұрғанын жеткізді.
“Құран кәрімде: “Олардың діні өздеріне, біздің дін өзімізге” деп айтылған. Бұл жердегі мағына “олардың діндерін, діни құлшылық жасайтын орындарын, ұстанатын ұстанымдарын кемсітпеу және сөкпеу” дегенді білдіреді.
“Қазіргі таңда жастарымыз көптеп дінге келіп жатыр дегенімізбен, теріс діни ағымдардың жетегіне еріп кетіп жатқандар бар. Дінді дұрыс түсінбегендер исламда “толеранттылық” жоқ деп ойлауы мүмкін. Аяттар мен хадистердің түп мағынасын түсінбей, сөзбе-сөз түсінетіндер солай ойлайды. Солардың кесірінен ислам дініне дақ түсіп жатыр десе де болады. Баяғыда пайғамбарымыздан кейін Омар деген салиқалы патша болған екен. Оны бәрі пайғамбарымыздың ізбасары ретінде құрметтеген. Түрлі қалаларды басып алып жүргенде ол басқа дін өкілдерінің құдайға құлшылық ететін орындарына, шіркеулеріне шабуыл жасамаған. Біз мұсылман ретінде пайғамбарымыздың айтып кеткен істерін жасамасақ, өзге дін өкілдеріне зұлымдық танытатын болсақ бұл ислам діні болмас еді”, – дейді Айбар Асхатбекұлы.
Теологтың айтуынша, ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді.
“Баяғыда Ибраһим пайғамбарымыз әр күні әртүрлі адамдарды жанына шақырып алып, ас ішеді екен. Бір күні көшедегі адамды алып келіп, тамақ береді. Осы кезде Ибраһим пайғамбарды мақсаты қасындағы адамнан “Аллаға шүкір” деген сөз есту болған. Тамақ ішіп болғаннан кейін пайғамбар сен астан дәм таттың енді “Аллаға шүкір “ деп айтшы деген. Жанындағы адам бұл сөзді айтудан бас тартып, “мен Алланы танымаймын, құдайымды білмеймін” деген екен. Осы сөзді ести салысымен Ибраһим пайғамбарымыз ол кісіге ашуланып, оған не болса соны айта салады. Бірақ артынан Ибраһимге пайғамбар болғандықтан уахи келеді.
“Мен көптеген жылдар бойы осы адамның жүрегіне сеніп ұялатып жүрмін. Ал сен болсаң бәрін бір күнде құрттың” деп Алла Тағала кешірім сұрауға шақырған. Пайғамбар есін жиып, ақыры әлгі адамның алдына барып кешірім сұрайды. Осы кезде көршісі таңғалып, “менің алдыма пайғамбар болсаң да келген екенсің. Сені бұлай істеуге қандай күш итермеледі” дегенде “Бұл менің Раббым, Алла!” деп айтқан. Осы оқиғадан кейін жаңағы кісі ислам дінін мойындапты. Міне, осы жерден-ақ исламдағы толеранттылықты байқауға болады”, – дейді Айбар Асхатбекұлы.
Сондай-ақ теолог мұсылмандардың басқа дін ұстанатындарды “кәпір” деп атауға құқығы жоқ екенін айтты.
“Иә, өкінішке қарай, адам ислам дінін ұстанбаса, ол “кәпір” болады, оның балалары, мал-мүлкі, кейбір жерлерде оның қаны да “харам” деген түсінік бар. Бұл өте қате көзқарас. Ислам деген сөздің өзі “бейбітшілік” деген мағынаны білдіреді. Сол себепті біз ешқашан бөлінуге шақырмаймыз. Дінде зорлық жоқ. Алла Тағала кімді қаласа, соны тура жолға салады. Егер қаламаса, ол адамды өмір бойы адастырады. Біздің қолымыздан келетіні тек адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу, мәміле құру. Бірақ дінімізді қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды. Ал “кәпір” деу – күпірлік. Егер “кәпір” деген жанның бойынан күпірлік табылмаса айтып тұрған адамға үлкен күнә ретінде жазылады”, – дейді ол.