Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Ислам дінінде ғылымға еш шектеу қойылмаған: Теолог дін және ғылымның байланысын түсіндірді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Арабтану орталығының директоры Еркінбек Шоқай ғалымдардың тәжірибе үстінде айтқан сөздерін ғылымның санатына қосуға болмайтынын айтады. Сондықтан теория мен ғылымның аражігін ажыратып алған жөн деп есептейді. 

"Егер барлық теорияны ғылым деп қарастырсақ, онда дін мен бұл екеуінің арасында үйлесім бола бермейді. Батыс әлемі, соның ішінде Еуропа кей дін өкілдерінің  билікті асыра пайдалануына байланысты діннен безді. Сондықтан мұнда жаңа бағыт пайда болды және діни догмалар мен принциптерді, талаптарды мүлде мойындамайды. Бұл бағытты "протестанттық" деп атайды. Қазірдің өзінде әлемге танымал психологтардың ақылға қонбайтын теориялары бар. Мұндай мысалдар өте көп. Адамды тек нәпсі талаптары негізінде өлшейді және теорияларды қалыптастырады. Мұны қоғамда тараған аморальдық құбылыстарды ақтауға бағытталған әрекеттер дер едім. Мұндай ғылым мен діннің арасында еш байланыс жоқ", – дейді ол.

Еркінбек Шоқайдың сөзінше, Ислам дінінде ғылымға еш шектеу қойылмаған. Әрі ғалымдарға деген құрметте те ерекше. 

"Ғылым әлемнің, аспанның, ғарыштың және табиғаттың ақиқатын ашып, керемет құрылымын бізге таныстыруы қажет. Бір сөзбен айтқанда әлем мен адамның арасын қабыстырып, үндестіруі керек. Ислам осындай ғылымды қолдайды. Аббасидтер халифатының дәуірінде ғылымға баса назар аударылған. Грек және өзге де тілде жазылған еңбектерді аударып, кітапқа түсіріп алып келсе, сол кітаптың салмағындай алтын берген. Бұл – ислам тарихындағы ғылымды қалай қолдағанының көрінісі. Жаңалықты ашқан адамның мұсылман болуы шарт емес. Осының нәтижесінде исламдағы ғалымдар әлеммен, табиғатпен үндескен үлкен еңбектерін қалдырды", – деп қосты ол. 

Маман қазіргі уақытта ислам елдерінде ғылымның тұралап қалуына саяси тұрақсыздық себеп екенін айтады. Әрі көп жағдайда мұндай тұрақсыздық қолдан жасалады, дейді ол. 

"Қазір исламда ғылым артта қалды деп айтады. Мұның басты себебі – елдердегі тұрақсыздық. Соңғы 2-3 ғасырдан бері Араб елдерінде саяси тұрақсыздық орнағанын көріп отырмыз. Бар назарын саяси жағдайды тұрақтандыруға бөлген елде ғылым дамымайды. Ал саяси тұрақтылық орнауы үшін әділдіктің туы желбіреуі қажет. Сонда ғана қоғам мен ел дамиды", – дейді Еркінбек Шоқай. 

22.11.2022

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер