Берекет Кәрібаев — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі. Сұхбатта ол діннің ұлт, этникалық болмысқа деген әсерін, неліктен дінге кірген адам тарихты да ұмытпауы керек екенін саралайды.
“Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары экономиканы көтереміз деп дін, жастар тәрбиесіне көңіл бөле алмадық. Сөйтсек, сыртта діндердің етек жайған секталары толып тұр екен. Олар Қазақстанға келіп, тамыр жая бастады. Олардың күшті болғаны соншалық — дінді пайдаланып, бір ұлтты екіге бөле алады”, – дейді ол.
Ғалым әрбір адам діни ағымдармен бетпе-бет келгенде абай болу керегін айтады. Ол кесілген ағашты мысалға келтірді.
“Ағашты кескенде екі бөлікте де жарықшақ пайда болады. Сол жарықшақ уақыт өткен сайын тереңдей беріп, бір күні қақ айырылады. Дін сол сияқты. Діни ағымдар бір-біріне жақын боп көрінгенімен, ар жағында бір-бірін мойындамайды. Сондай ағымдар уақыт өте келе бір ұлтты екі қылады. Мысалы, Мысыр Сирия, Палестина. Кезінде олар Араб халифатының құрамына кірді. Ал қазір ше? Мысырдың ресми атауы — Египет араб республикасы. Сирияныкі — Сирия араб республикасы. Палестина, Ливан, Ливия халықтары араб болып кетті. Неге олай болды? Олар діннің күшімен этникалық болмысынан айырылып, араб болып кеткендер”, – дейді тарихшы.
Маман қазақ исламды қабылдағанымен араб болып кетпегенін айтады. Оған біздің салт-дәстүрлерімізді берік ұстанғанымыз себеп болды дейді ол.
“Ислам бізге де келді. Бірақ біз араб емеспіз. Тіпті бабаларымыз, мысалы, Алтын орда исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Алайда халқы араб болып кеткен жоқ. Оған мынау себеп. Біздің ата-бабаларымыз Әбу Ханифаның (мазһабтардың бірі) жолымен жүрген. Оның өзге мазһабтардан айырмашылығын түсінген адам өз ұлтының тарихын білетін адам дер едім. Төрт мазһабтың негізгі дереккөзі — Құран, одан кейінгісі — сүннет, одан кейінгісі — сахабаның белгілі бір әрекетке қатысты айтқан пікірі. Бірақ Әбу Ханифа былай дейді: исламға кіргендер Құран мен сүннеттен басқа өз халқының әдет-ғұрпына сай жүруі керек. Бірақ бұл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер Құран мен сүннеттерге қайшы болмауы керек. Қайшы болмаса, оларды негізге алуға болады”, – дейді ол.
Бірақ Қазақстанда осыған сай жүрмейтіндер бар дейді Кәрібаев.
“Көшеге шықсақ, кей жігіт сақал қойғанын, кей қыз паранджа киіп алғанын көруге болады. Түріне қарасаң, қазақ жастары. Ал олардың түрі осындай болғанына не себеп? Кезінд сыртқы күштер біздің елге келіп, исламның өзіндегі жекелеген тармақтар, ағымдарды енгізе бастады. Қазір көпшілігі оларды уахабиттер, салафиттер дейді. Уахабизм XVIII ғасырда пайда болған кезде өз жерінде өте прогрессив бір ағым болды. Арабияның дамуына көп үлес қосты. Бірақ уақыт өте келе исламның таза күйі пайғамбар өмір сүрген заман деп, сол кездің догмаларын негізге алды, дінін сырттан келген “жаңалықтардан” тазалай бастады. Біз — салт-дәстүрімізді исламға қайшы келмей ұстанған халықпыз. Мәселен, қазақтағы үлкенге, ата-анаға, қыз балаға деген құрмет исламда да бар", – дейді тарихшы.
Паранджа киіп, сақал қойғандар әрекеті туралы маман былай дейді:
"Әрине, оның артында белгілі бір күштер тұрғаны белгілі. Бірақ нақты себебі қандай? Қара паранджаны талдап көрейік. Қара түс қазақта қаралы жағдайды білдіреді. Ал Арабия және оған ірлегелес жатқан елдерде қара түсті киім кию ол жақтағы климатқа байланысты. Олар оны шаң, топырақтан қорғану үшін киген”.
“Ең әуелі тарихыңызды біліңіздер, ұмытпаңыздар. Тарихын білген адаспайды". Тарихшы ғалым эфирді осылай қорытындылады.