Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті, саяси ғылымдардың докторы Сейілбек Мұсатаевтың айтуынша, діни фактор қоғамға, әлеуметтік жүйеге, әсерін тигізіп, барынша ықпал етеді.
“Діни фактор – философилық сипаттағы қарқынды динамикалық жүйе. Саясатта ол конструктивті яғни жасампаздық мақсатта да, деструктивті, яғни қирату, бұзу бағытында да ықпал ете алады. Жалпы діни фактор жақсы да, жаман да бағытта болуы мүмкін. Мысалы, ол қоғамдағы түрлі ұлттардың басын бір орталыққа біріктіре алатын әсерге ие. Дәл сол сияқты керісінше, қоғам арасында дінаралық жанжал туғызып, араздастыратын да сипатта кездестіріп жүрміз. Міне, осыдан-ақ, саясаттағы діни фактордың орны өте күрделі екенін аңғарамыз”, – деді Сейілбек Мұсатаев.
Маман дін мен саясаттың арасында өзара байланыстың тығыздығын алға тартты. Сонымен қатар билікте саяси сана, саяси мәдениет, саяси ұйымдар деген түрлі терминдер кездесетін болса, дінде де діни сана, діни мәдениет, діни ұйымдар деген ұғымдардың бар екенін қоса кетті.
“Тарихта қоғамға билік жүргізу үшін діни сенімдердің пайдаланылған кездері болған. Ал қазір діннің саясатты өз мақсатына қолдануға тырысатынын көре аламыз. Мәселен, көптеген ұйым жалған діни ілімдерді насихаттап, тарата отырып, соның тасасында түрлі күштермен өздерінің саяси мақсат мүдделерін жүзеге асыруды көздеуде. Мұнда қандай да бір ресурстарды иеленуге, қоғамда өздерінің ықпалдарын арттыруға, түрлі ұлттар мен азаматтардан қолдау таба отырып, өздерінің жымысқы саяси әрекеттерін іске асыруға ұмтылатындар көп”, – деп қосты маман.
Сейілбек Мұсатаев діни идеология түсінігін саяси әдістер мен діни нанымның ортасынан туындаған бағыт екенін жеткізді. Сөзінше, мұнда олар жоспарларын орындау үшін жалған діни ұрандарды бетперде етеді.
“Діни идеологиялар саяси тәжірибеде діни экстремизм, түрлі терроризм, ксенофобия сияқты көріністермен ерекшеленеді. Мұнда діннің тәрбиелік қызметтері бұрмаланып, өздерінің эгоистік мақсаттарына теріс бағытта қолданылады. Әсіресе, халық қиын жағдайды бастан өткерген тұста, олардың діни сауаты жеткіліксіз кезде жалған ілімдер тез арада тарап, адамдарды адастырып, қоғамда түрлі жанжалдардың туындауына алып келеді. Міне, осылай түрлі экстремистік бағыттар пайда болады”, – деді ол.
Маман дінді саяси мақсатта пайдалану адамзат баласына түрлі қайғы-қасірет, зорлық-зомбылық пен түрлі азаптар әкелетінін жасырмады. Сөзінше, дін қоғамды жасампаздыққа, бірегейлікке тәрбиелейтін құрал ретінде өз орнында қалуы тиіс.
“Еліміз Қазақстан бұл тұрғыда бүкіл әлемге өнегесін көрсетіп отыр. Оған дәлел 2003 жылдан бері 3 жыл сайын елімізде өтетін әлем¬дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Мұнда әлемдік дін өкілдері жиналып, діни факторды жасампаздық мақсатта қолдануға күш салуды талқылайды. Барлығы бұл бастаманы қолдауда. Қазақстан Орталық Азияда бейбітшіліктің тұрақтылықтың аралы ретінде имидж қалыптастырды”, – деп қосты маман.
Саясаттанушының сөзінше, бүгінде әлемде дінді теріс бағытта пайдалануға тырысатындармен күрес жүргізіліп келеді.
Елімізде де осыған орай әр азаматқа діни сауат беретін кеңес беру орталықтары мен дін істері жөніндегі басқармалар жұмыс істеуде.
Мысалы, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы "Кеңес беру және оңалту орталығының" өзі теріс діни ағымнан зардап шеккен адамдарға көмектесіп, түзету мекемесіндегі сотталған азаматтармен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырған. Мұндай орталықтар еліміздің өзге де өңірлерінде ашық.