Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

«Наркоз алу, ағза ауыстыру мен ота жасау»: Дін және медицинаның байланысы туралы маман айтты

Дін өкілінің сөзінше, егер адам жол апаты, басқа да жазым жағдайларда түрлі жарақаттар алып, денсаулығы нашарласа оған ота жасауға рұқсат етіледі. 

“Көптеген мұсылман бауырлар ота жасауға бола ма деген сауалдар қойып жатады. Шариғатта адамзатқа он екі мүшесі сау болып қоғамға пайдасы тию үшін емделу жолдары қарастырылған. Тіпті, тәжірибелі дәрігерді таңдауға шақырған риуаяттар да бар”, – деді маман. 

Талғат Сапанов кей жағдайларда еріксіз (реконструктивтік) пластикалық ота жасауға да жол берілетінін жеткізді. Бұл адам ағзаларындағы тіршілікте кейбір кедергілерді туындататын кемістікті емдеу үшін қолданылады.

“Оған саусақтың жабысуы, қоян ерін, адамның табиғи жаратылысымен үйлеспейтін, адамға психологиялық тұрғыдан кері әсер ететін ағзадағы кемшіліктер тәрізді туабітті немесе кейіннен жол апаты, күйіп қалу т.б. секілді жағдайларда туындаған кемістіктер жатады. Емдік мақсатта пластикалық ота жасатудың бұл түріне рұқсат етіледі”, – деп қосты ол.

Мешіт ұстазының айтуынша, шариғат адамзаттың болмысын, денсаулығын сақтайтын және олардан зиянды нәрселерді жоятын барлық әрекеттерге рұқсат берген. Онда кәріліктен басқа әрбір дерттің шипасы бар екені айтылған.

Қаза тапқан адамның ағзаларын тірі адамға ауыстыру рұқсат

Талғат Сапанов дінімзде түрлі дәрілерді қабылдауға рұқсат етілгенін тілге тиек етті. Бастысы оның құрамы таза өнімдерден болуы шарт. Тіпті жағдайы ауыр адамның өмірін сақтап қалу үшін құрамында тыйым салынған жануарлардың майы бар дәрілерді де, наркозды да қолданудың әбестігі болмайды. 

“Адам денсаулығы Алланың аманаты. Сол үшін оған күтім жасалуы керек. Қазіргі медицинада жиі қолданылатын трансплантация, адам мен жануардың мүшелерін, тіндерін бір ағзадан (донордан) екінші ағзаға (реципиентке) ауыстыру, адам мен адамның кейбір ағзаларын бір-біріне салу шариғатта жәйіз болып саналады, яғни оған рұқсат берілген. Бірақ бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде белгілі бір шарттарымен толық орындалуы тиіс”, – деп қосты ол. 

Маман адам денсаулығына төніп тұрған қауіпті жою үшін зәру болған жағдайда қаза тапқан адамның ағзаларын тірі адамға ауыстыруға да болатынын қоса кетті. 

Исламда да, медицинада да денсаулыққа тиімді түрде қолданылатын амалдар бар. Бұл бал, қара тмин, зәйтүн майы, сарымсақ, балық, құрма, піштен, алоэ сияқты өнімдерді тұтыну арқылы ауырмаудың жолын жасау.

Бұған дейін қоғам арасында жалған ақпараттар тарап, тіпті індет кезінде кейбір қауым өкілдері мұсылман талаптарына жатпайды деп екпе алудан бас тартқан жағдайлар орын алған еді. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы осы тұста қоғамға теріс ағымдағылардың сөзіне ермей дін мен ғылым бір біріне қайшы келмейтінін ескеруге шақырды.

Тіпті кейбір теріс діни ағымды ұстанушы ер азаматтар әйел медбикелердің қызметінен бас тартқан жағдайларда кездескен. Бұл діни буквализм себебінен орын алған қате түсінік. Жалпы, осы тәріздес фактілер көптеп кездеседі. Сол себепті дінге қатысты сұрақ орын алған жағдайда ресми дін өкілдеріне жүгінген жөн.

19.11.2022

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер