Алматы - миллиондаған халқы бар үлкен мегаполис. Тиісінше, адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым олар әртүрлі дінді ұстанады. Егер Республикада 18 түрлі конфессия тіркелген болса, Алматыда оның 17-сі бар және 190 ресми тіркелген діни бірлестіктер жұмыс істейді.
Дін істері жөніндегі басқармасы өкілінің айтуынша, діни бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңымен реттеледі. Егер қандай да бір құқық бұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылданады.
"Ресми тіркелген діни бірлестіктерден бөлек, қоғамда деструктивті діни ағымдар идеологиясы да тараған. Оларға қарсынасихат жұмыстарымен қатар, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, қалада заңсыз миссионерлік қызметпен айналысу фактілері орын алып жатады. Ондай жағдайда біз құзыретіміз шегінде хаттама толтырып, әкімшілік шара қабылдау мақсатында іс материалдарын сотқа жолдаймыз", – деп мәлімдеді Басқарма.
Жат ағым ұйымдарымен жұмыс істеудің тұжырымдамасы
Бүгінгі таңда Басқарма деструктивті діни ағым идеологиясына қарсы жұмыс істеуді жетілдіру бойынша жаңа тұжырымдаманы әзірлеу қарастырмады. Оған себеп - аталған бағыттағы жұмыс жүйеге қойылып, жаңа тәсілдер мен бағыттар жоспарлы түрде іске асырылуда.
Аталмыш Басқарма өкілдерінің айтуынша, шаралар деструктивті, экстремистік діни ағымдардың ықпалына түскен адамдарды бейімдеу және оңалтуға бағытталған. Басқарма халықтың радикалдану деңгейін төмендету мақсатына ден қояды.
"Қазіргі кезде жастарға ерекше назар аударамыз, өйткені жас-жеткіншектердің дінге деген қызығушылығы артуда. Ал олардың деструктивті діни ағым идеологиясына кіріп кету ықтималдылығы жоғары. Өскелең ұрпақтың теріс бағытта жүруі еліміз үшін үлкен қауіп туғызады", – деді маман.
Ол, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде деструктивті діни ағымдардың топтарына тіркелген азаматтармен белсенді түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Ондай шаралар Заң және ресми құжаттар шеңберінде өтеді.
Діни қызметкерлер, имамдардың жұмысын бақылау
Конституция бойынша Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде бекітеді. Осыған сәйкес, ел саясаты дін мен діни бірлестіктерден бөлінген. Мемлекет дінге, дін мемлекет істеріне араласпайды.
Дін мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган ретінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы діни бірлестіктердің, миссионерлердің, өңірде жұмыс істейтін рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметін зерделеп, талдайды.
"Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, діни бірлестіктердің ішкі жұмысына араласып, имам немесе діни қызметкерді тағайындау, қызметтен босату бойынша бұйрық бере алмаймыз", - деп түсіндіреді Басқарма.
Өкілдің айтуынша, имамдар тарапынан жүргізілетін уағыз тақырыптарын ҚМДБ өзі қадағалап, жұма күнгі уағыздарды да арнайы бекітеді.
"Жусан" операциясы аясында келген отбасыларды идеологиялық-түзету шаралары
Дін істері жөніндегі басқармасы "Жусан" операциялары аясында террористік белсенділік аймақтарынан оралған әйелдер мен олардың балаларымен жұмыс істейді.
Бірінші кезекте, аталған тұлғалармен оңалту және қазақстандық қоғамның құндылықтарына қайта бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
"Аталған әйелдердің қатысуымен тұрмыстық және әлеуметтік бейімдеу мәселелері бойынша онлайн және офлайн форматтарда кездесулер ұйымдастырылып, негізгі мәселелерді талқылаймыз. Балаларды мектеп пен балабақшаларға орналастыру және құжаттарын ретке келтіру бойынша қолдау көрсетудеміз", – деді маман.
Сонымен қатар, Басқарма аталған тұлғаларға қолдау көрсету мақсатында спорттық-мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, сурет салу, балалар массажын және хиджаманы оқыту бойынша қысқа мерзімді курстар өткізген.
Басқарма өкілінің айтуынша, Қақтығыс аймағынан оралғандарды қоғамға бейімдеу үшін тұрақты жұмыс пен ұзақ уақыт керек. Басқарма тарапынан жүргізілетін жұмыстар жақсы нәтиже беретініне сенімді.
Тағы да бір айта кететін жaйт, Басқарма жанынан дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы (АТТ) құрылған. Аталған топ халық арасында түрлі кездесулер өткізеді.
"Мұндай кездесулер барысында біз тек дін туралы ғана емес, сонымен қатар әртүрлі тақырыптар, соның ішінде ұлтаралық келісім туралы айтып отырамыз", - дейді Басқарма өкілі.
Аталмыш мекеменің басты мақсаттарының бірі – өңірдегі дінаралық және ұлтаралық тұрақтылықты сақтау.
Ұлтаралық немесе дінаралық алауыздықты қоздыратын адамдар ҚР заңы шеңберінде жауапқа тартылатынын атап өті қажет.
Сондай-ақ, өкіл Басқарма жанында 2017 жылдан бері Діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы жұмыс істейтінін атап өтті. Оның жұмысы дінаралық келісім мен өзара сыйластыққа бағытталған. Клуб жұмысы аясында діни бірлестік өкілдері көзқарастарының әртүрлі болуына қарамастан бірге бас қосып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайды. Бұл – қоғамдағы бірліктің көрсеткіші.