Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

"Әмин" деп дауыстаған: Алматы мешітінде ішкі тәртіпті бұзған тұрғынға жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Алматы қаласының тұрғынына намаз кезінде "әмин" деп дауыстап айтқаны үшін жарты миллион теңге айыппұл салынды.
Қала мешіттерінің бірінде кешкі намаз кезінде бірнеше адам мешіттің ішкі тәртібін бұзып, заңды діни қызметке кедергі келтірген. Бұл туралы құқық қорғау органдарына мешіт имамынан арыз келіп түскен.

"С. есімді (1986 жылы туған) азаматтың мешітте заңды діни қызметке кедергі жасау фактісі бойынша іс-материалдары Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасына келіп түсті.

Оған ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 8-бөлімі сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 200 АЕК, яғни 612 600 теңге мөлшерінде айыппұл салды", - деп хабарлады Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы.

Белгілі болғандай, бұл азаматқа осыған дейін 2021 жылдың қазан айында осы құқық бұзушылық фактісі үшін хаттама толтырылған. 

ҚМДБ мешіттің ішкі жарғысы бойынша "әмин" сөзі іштен айтылатынын түсіндірді.

"Әмин" сөзін дауыстап айту ҚМДБ ұстанатын Ханафи мәзхабына сәйкес келмейді. Мешіт ішінде намаз кезінде "әмин" сөзін дауыстап айтуға шектеу жамағат арасындағы келіспеушіліктер мен жанжалды жағдайларды болдырмау үшін қабылданды. Бұған дейін бірқатар азаматтар бұл мәселеге қатысты бас мүфти атына өтініш жасаған. Соған байланысты, мешіттің ішкі тәртібі бекітіліп, бірқатар шектеулер мен ережелер енгізілген.

"Жамағат арасындағы келіспеушіліктерге көп жағдайда деструктивті діни ағым ұстанушылары себеп болатынын атап өту керек. Олар мешіттің ішкі тәртібіне бағынбайды, Ханафи мәзхабы мен қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін мойындамайды. 
Бүгінде діндар азаматтардың радикалдануы  еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төніп отырған басты қатер. Азаматтардың діни             наным-сенімдері, көзқарастары қоғамның ішкі тұтастығы мен тыныштығына зиян келтірмеуі тиіс. 

Өз кезегінде, теріс және деструктивті діни ағымдардан сақтану үшін ҚМДБ ұсынған ақпараттарды оқып, сұрақ туындаған жағдайда мешіт имамдарына жүгінген жөн. Мемлекеттің негізгі міндеті – халықтың радикалдануына жол бермей, елдегі бейбітшілікті сақтау", - дейді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы.

22.11.2022

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер