"Бір сағаттық лекциясы адамның бүкіл ғұмырына жетеді"
Орталық алдымен адамның сауатын арттыруға көңіл бөледі. Себебі олар адасушылық сауатсыздықтан туындайтынын айтады. Бүгінде интернет, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы адастырушылардың қармағына түсіп жатқандар да аз емес. Руслан Қайыргелді осы орайда қоғам арасындағы үлкен бір мәселені қозғап өтті.
Жат ағым өкілдерінің үлкен ұстаздары түрмеде отырса да, олардың оқыған лекциялары, сабақтары әлі ғаламторды шарлап жүр, дейді ол.
"Осыдан бірнеше жыл бұрын түрмеге жабылған сәләфилердің Ділмұрат Әбу Мухаммад есімді атақты көсемдері болған. Сол кісінің өте жақсы көретін шәкірті бар. Кездескен кезде мен сол азаматтан сұраймын: "Қазір Ділмұрат ұстазың абақтыда отыр, жаңа лекциялар жоқ, сабақ өтпейді, білімді қайдан алып жатсың?" десем, ол кісі былай дейді. Сіз уайымдамаңыз дейді, "менің
есептеуім бойынша, ұстазымның ғаламтордағы сабақтары таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін тұрмай тыңдап, қағазға түсіретін болсам 365 күнге жетеді" дейді. Өзінің үш әйелі мен тоғыз баласы бар, дәнеркелеуші болып жұмыс істейді. Күніне 20 минут лекциясын тыңдаса адамның бүкіл ғұмырына жетеді. Демек ол өзі түрмеде отырса да, оның дәріптері, үгіттері еркін жүріп жатыр", - деп жалғады орталық басшысы.
Руслан Қайыргелді ол азаматтың аптасына бір рет үш әйелі мен тоғыз бала-шағасын бір үйге жинап, қағазға түсірген ақпаратын отбасына оқып беретінін жеткізді.
“Егер осылай жалғаса беретін болса болашақта оның ер жеткен балалары жанындағы достарын үгіттеп, оларды жолынан адастыруы мүмкін, дейді ол. Орталық басшысы мұның да бір үлкен мәселе екенін айтады.
Сонымен қоса, теолог әзірге ол азаматты райынан қайтара алмағанын, алайда үнемі диалог орнатып отыратынын жеткізді. "Егер осы азаматты райынан қайтарсақ, бұл үлкен жеңіс болар еді", - дейді ол.
Руслан Қайыргелді орталыққа өзінің туысының, бауырының немесе танысының адасып жүргенін айтып, көмек сұрап келетіндердің болатынын жеткізді. "Ислам діні адамды ізгілікке шақырады. Осы ретте асыл дінімізді ауырлатпай, айналадағы адамдарды қорқытпай жеткізу аса маңызды іс екенін баса айтқым келеді", - дейді теолог.
Теолог маманның айтуынша орталыққа бір азамат жүгініп, інісінің адасып жүргенін айтқан.
"Олар әкесі екеуі келді. Жақындары баланың түсініксіз ағымға еріп кеткенін, діни басқарманың, имамдардың сөздеріне қарсы шығып, оларды адасушы деп айыптап жүргенін жеткізді. Бала оларға "мені кез келгенімен кездестіріңдер, оларға дәлелді анықтап көрсетіп беремін. Егер менікі дұрыс болып, ол кісі менің сұрақтарыма жауап бере алмай қалса, сол сәттен бастап сендер мені мойындап, менің жолыммен жүресіңдер деген. Ал керісінше мен жауап бере алмасам мен райымнан қайтамын деген". Былайша айтқанда туыстарына ультиматум қойған", - деп жалғады Руслан Қайыргелді.
Сөзінше, олар адасқан баланы орталыққа алып келіп, имамдардың қатысуымен әңгіме жүргізген. Алайда ол ешбір сұраққа жауап бере алмаған, тіпті өзінің айтқан сөздеріне де дәлел келтіре алмаған.
"Ол жігітпен бар болғаны 45 минут қана сөйлестік. Өзінің сұрақтарына толыққанды жауап алғанымен, біздің қойған сұрақтарға нақты жауап бере алмады. Бірақ өкінішке қарай жігіт уәдесінде тұрмады. Өзінің райынан қайтпады. Біраз уақыт өткен соң әкесіне хабарласып, жағдайын білсек, азаматтың сол қалпы жүргенін айтты. Айтуынша, қандай сұрақ қойса да бұл тақырыпты ашудан бас тартқан. Бір сөзбен, өз сөзінен тайқып кетті", - деген ол мұндай оқиғалардың да болып тұратынын жасырмады.
Руслан Қайыргелді туыстарының жағдайын айтып келетін азаматтар үшін орталықтың есігі әрдайым ашық болатынын, сонымен қоса орталық қызметкерлерінің ашық диалогқа әрқашан дайын екенін баса айтты.
"Кеңес беру және оңалту орталығының" басшысы азаматтардың тура жолдан адаспауы үшін өз кеңесін де қосты. Сенімді білім иелеріне еріп, барлық күдікті де теріс уағыз насихаттардан бойын аулақ ұстау тиіс. Ал егер оған қандай да өзі білмейтін діни мәселе ұсынылса, діні, иманы және өзіндегі ақиқатқа көңілінің толуы, шәк шүбәларды қайтару үшін, елеулі білім иелеріне барып, олардан мәселенің анық-қанығын анықтап алғаны жөн.