Қазіргі кезде Қазақстан жастары арасында діни білім алу жолында шетел асып, теріс ағымдар арбауына еріп не жат көзқарастарды елге алып келетіндер көбейіп келеді. Мұны Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы да растап отыр.
Ал бұл өз кезегінде елдегі жағдайдың тұрақсыздануына түрткі болуы әбден мүмкін. Сондықтан басқарма дінді, теологияны оқимын дегендер Қазақстанда ресми жұмыс істеп жатқан оқу орындарына барғаны жөн деп кеңес береді. Төменде осындай оқу орындарын тізіп шықтық.
Ашық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 13 діни оқу орны бар. Оның 11-і ислам бағытында, ал 2-і христиан бағытында.
Осы оқу орындарын қайда орналасқан, ол жаққа оқуға түсу талаптары қандай, қандай факультеттері бар екеніне тоқталайық.
“Нұр-Мүбәрак” Египет ислам мәдениеті университеті
Қазақстанда тек бір діни жоғары оқу орны бар — ол “Нұр-Мүбәрак” университеті. Алматы қаласында орналасқан.
Қазақстанда мұсылмандарға арналған ЖОО ашылатынын 1993 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мысырға барғанда айтқан. 2001 жылы университет алғаш рет студенттерді қабылдай бастады.
ЖОО-да қазір "Исламтану", "Дінтану", "Теология", "Шетел философиясы", "Білім беру мен Аударма ісін" оқуға болады. Барлығының оқу мерзімі төрт жыл.
Айтпақшы, университеттің төрт елді мекенде: Талғар, Ақтөбе, Шымкент қалалары мен Бақанас ауылында дайындық курстары бар. Одан түлеп шыққандар “Нұр-Мүбәрак” университетіне жолдама алады.
Үшқоңыр медресе колледжі
Аты айтып тұрғандай бұл діни оқу орны Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Үшқоңырда ауылын орналасқан.
2015 жылдан бері білім беріп келеді. Қазір онда “Имам-хатиб” және “Исламтану пәнінің мұғалімі” мамандықтары бойынша оқуға болады. Колледж 9 және 11-сынып бітіргендерді қабылдайды.
Ондағы оқу мерзімі төрт жыл. Қазір колледжде 518 жас 24 оқытушыдан білім алып жатыр. Сырттай да, күндізгі бөлімде де оқуға болады.
Орал медресесі
2008 жылы ашылған бұл оқу орны Батыс Қазақстан облысында, Орал қаласындағы мешітте орналасқан. Онда тек ер адамдар оқи алады.
Оқу мерзімі 2 жыл 10 ай, грантқа түсуге болады. Оқуға барған барлық шәкіртке жатақхана мен күніне үш мезгіл тегін ас беріледі.
Әбу Ханифа медресе колледжі
Медресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында құрылған. Мекенжайы — Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин к-сі, 12.
Колледждің ресми сайтына сенсек, онда оқу мерзімі 2 жыл 10 ай, тек бір мамандықты — исламтануды үйренуге болады.
Медресенің өз жатақханасы бар.
Алматы православ діни семинариясы
Бұрын училище болған семинария 2010 жылы ресми ЖОО-ға айналды. Сол жылы алғашқы қабылдау емтиханы өтті. Ол жерде оқу бес жылға созылған — 1 жыл дайындық курсы + төрт жыл кәдімгі курстар. Регент бөлімінде білім алатындар екі-ақ жыл оқиды.
Студенттер төрт-бес жыл бойы діни оқу дисциплинасын, теология, библеистика, шіркеу тарихы, ежелгі және жаңа тілдерді үйренеді.
"Мария – Матерь Церкви" жоғары діни семинариясы
Католиктерге арналған бұл оқу орны Қарағандыда орналасқан. Орталық Азиядағы діни (католик) қызметкер дайындайтын жалғыз жер.
Онда тек 18-35 жас аралығындағы үйленбеген ер адамдар (Қазақстан, өзге елдің азаматтары) оқи алады.
Оқу мерзімі сегіз жыл. Студенттер бір жыл пропедевтика, екі жыл философия, төрт жыл теология оқиды, ал оқудың аяғында бір жыл тәжірибе жинайды.