Елібек Тасболатұлының айтуынша, мәһір дегеніміз – исламдағы некенің шарттарының бірі. Ол неке үстінде айтылмай қалған жағдайда да ер адамның мойнында әйеліне беру керек қарыз есебінде тұрады. Бұл - Құран және хадистермен бекітілген және ата-баба дәстүрімен жалғасын тапқан іс.
“Мәһірдің негізгі мәні – ер кісінің жары қылып алып жатқан әйелді бағып-қағып оны қамтамасыз етуге дайын екендігінің белгісі. Мұнымен қоса, өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдайлар болады. Мәселен, ер адам жоғалып кететін болса немесе аяқ-асты қайтыс болып кетсе, соғысқа кетіп қалса, әйелдің өз-өзін аяққа тұрғанша қамтамасыз етуіне арналған кепілақы ретінде беріледі. Сондай-ақ, әйел адам тұрмыс құрғаннан кейін өзіне қажет керек-жарағы болуы мүмкін. Оның орнын толтыру үшін де мәһір сұралады”, – дейді ол.
Шариғат бойынша некенің шартына кірмейді. Дегенмен мәһір жайлы біз білмеген деректер баршылық. Мәһір мөлшері қандай? Ол қалай төленуі керек және оның қандай түрлері бар?
Мәһір құны
Имамның сөзінше, дін бойынша мәһірдің берілуі – міндет. Егер ер адам жарының сұраған мәһірін мүлде бермей қойса, бұл оның мойнына қарыз болып ілініп тұрады.
“Дінімізде мәһір – еркектіктің, жігіттің белгісі. Яғни, отбасын асырай алатынына, қорғай алатына және олар үшін жауапкершілік ала алатынына дәлел. Бірақ бізде оның арзан, қымбат болуы төңірегінде дау туындап отырады. Мәһірдің ең аз берілетін мөлшері – 4,25 грамм, шамамен 60-100 мың теңге. Бірақ бұдан арғы сомасына қатысты шектеу жоқ”, – дейді ол.
Елібек Тасболатұлы түсініспеушіліктер болмас үшін мәһірді берерден бұрын қыз бен жігіт алдын-ала келісіп алғаны жөн деп санайды.
“Екі жақты келісіммен ғана мәһір құны белгіленуі керек. Әйел адам өз қалауындағы кез келген соманы сұрай алады. Тіпті, миллион доллар деуіне болады. Дегенмен, дінімізде әйелдің берекеттісі – мәһірді аз сұрағаны деп айтылған. Алайда өзін-өзі құрметтеген, сыйлаған елдің жігіттері шамасы жетсе көп беруге тырысқаны жөн. Әйелдің аз сұрауы, жігіттің көп беруі сыналғандықтан ата-бабамыз осының ортасын қалай табамыз деп қалыңмалды көбірек беруге тырысқан. Кейбір этнографтар қазақта мәһір болмаған дейді. Бірақ біздегі қалың мал мәһірмен теңестіріліп, соған көбірек басымдылық берілген. Демек, әйелдің абыройы сақталуы үшін қазақ дәстүрінде мәһір аз сұралған. Осылайша ата-бабаларымыз кемел амал жасап отыр”, – дейді имам.
Әйел адам мәһірден бас тарта ала ма?
Елібек Тасболатұылының айтуынша, әйел адам мәһірден неке қиылғаннан кейін ғана бас тарта алады.
“Егер әйел адам мәһірден бас тартса жұбайы мәһір бермеуіне де болады. Бірақ беремін десе өз еркі. Бас тартқаннан кейін ол ер адамның басында қарыз болып қалмайды. Алайда азамат жұбайына “мәһірді кеш” деп айтуына, талап етуіне болмайды”, – дейді ол.