Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

“Халық арасында жүрген үш талақ айту – қате ұғым”: Ислам діні бойынша маман талақ сөзінің төркіні мен айтылу ережесін түсіндірді

Ислам дінінде неке келісімін бұзуға, яғни, ажырасу мақсатында айтылған сөздер "Талақ" деп айтылады. Неке екі жақтың келісімімен немесе бір жақтың сұранысымен бұзылуы мүмкін. Ерлі-зайыптылардың арасындағы неке келісімін бұзу үшін, екі жақтың өзіндік шарттары бар.
Елібек Тасболатұлы ер мен әйелдің ажырасуы адал болса да Аллаға ең жеккөрінішті көрінетін амал екенін айтады. 

"Егер бір адам әйеліне себепсіз талақ айтатын болса, онда бұл ең жеккөрінішті амал болады. “Отан отбасыдан басталады” демекші, отбасы ұғымы біздің дінімізде өте қастерлі нәрсе. Ал талақты оңды-солды айтып жүрген азаматтар олар дінді бұрмалап жүргендер", - деп бастады сөзін маман.

Талақ қандай жағдайда айтылады?

Елібек Тасболатұлы талақ ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүру жағдайы болмай қалған кезде айтылатынын атап өтеді. Яғни, бірінен бірі әбден суып, көңілдері қалған кезде ғана рұқсат етіледі. Ол сонымен қоса талақ сөзінің айтылу ережесімен де бөлісті.

"Өкінішке қарай, көпшілік талақты үш рет айтады деп жүр. Бұл өте дінбұзарлық тірлік. Бір орнында бірден екі немесе үш талақ беруді дінбұзарлық, дейді ағартушылар. Енді талақ қалай беріледі? Жоғарыда айтылғандай, әбден тығырыққа тірелген кезде күйеуі әйеліне "мен сенімен ажырастым" дейді немесе "саған талақ бердім" дейді. Бір талақ айтқаннан кейін жеті күннің ішінде оны қайтып алуына болады. Егер алмаса, ажырасқан болып есептеледі.

Ал үш талақ ұғымы неге қалыптасып кеткен, осыған тоқталайық. Кезінде әйелдер мені күйеуім қайтып алмасын, біржолата кетейін деген ниетпен үш талақ айтқызған ғой. Осыдан кейін өте үлкен қателік қалыптасқан. Үш талақ айтпай-ақ, бір талақты қайтып алмай ажырасуға болады", - дейді Елібек Тасболатұлы.

Маман талақ айту құқығы тек ер азаматқа ғана берілгенін атап өтті. Ол сондай-ақ үш талақ айтудың салдары өте ауыр болатынын ескертеді. Үш талақ айтқаннан кейін әйелін жаңа некемен қайтып ала алмайды. "Әйел өз еркімен басқа еркекке күйеуге шығып, өз еркімен ажырасып жатса ғана бірінші күйеуіне оралуына болады. Оны әдетке айналдырмау қажет", - дейді Елібек Тасболатұлы.

"Бір жылда 16 некеге тұрған әйел болды"

Маман талақ сөзінің теріс діни ағым өкілдерінің арасында көп қолданылатынын түсіндірді. 

"Олар (теріс діни ағым өкілдері) некеге тұру үшін имамның алдына келмейді. Себебі олар имамды мойындамайды. Некесін өздері қиып алады. Әрине, ақиқатында некені имам қиюы шарт емес, алайда халық неке шартын толық білмегеннен кейін имамның алдына келеді. Ал жат ағым өкілдері некелерін өздері қиып, талақ айтып, оны қайта өздері бұзып жүре береді. Тіпті бір жылдың ішінде 16 некеде тұрған бір әйел болды. Яғни, теріс діни ағым өкілдері өздеріне ұнаған амалын жасай береді", - деп қосты ол.

Елібек Тасболатұлы отбасы секілді қасиетті ұғымның әзілі болмайтыны атап өтті. Сондықтан, ақыл-есі бүтін мұсылмандардың әзіл ретінде болса да, "ажырасу" сөзінен алыс болғаны абзал. "Мұндай қателіктерге жол бермей, отбасылы ерлі-зайыптылардың өзара ынтымағы бекем болуы керек", - дейді ол.

05.12.2022

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер