8 желтоқсан күні діни экстремизм мен терроризмді алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы жұмысының жылдық қорытындысы өтті. Шарада деструктивті және радикалды діни идеологияларға қарсы түсіндіру жұмысын жүргізген және қажырлы еңбек еткен мамандар алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов әріптес мамандардың тиімді жұмыс тәжірибесін бағалады.
"Біріншіден, жауапкершілікпен талмай, қажырлы еңбектенген баршаңызға алғысымды білдіргім келеді. Біздің мақсатқа жетердегі негізгі күшіміз - сіздер. Негізінен біздің салада мықты тәсілдерді түрлендіріп қолдану өте тиімді. Сондықтан бір рет қолданылған әрекеттің келесіде нәтиже бермейтінін бәріміз жақсы түсінуіміз керек. Жетістік жолында әдіс, шараларыңыз таусылмай, бірге өсе берейік!",- деді басқарма басшысы.
Келесі кезекте "Адам және қоғам" мемлекеттік емес ұйымы қоғамдық бірлестігінің өкілі, тарих ғылымдарының докторы Жанат Сманқұлова Алматы қаласында ақпараттық түсіндіру тобының атқарған жұмыстарының қорытындысын баяндады.
"Биыл ақпараттық түсіндіру тобының құрамына 35 білікті маман тартылды. Оның ішінде 10 дінтанушы, 7 философ, 4 исламтанушы, 4 теолог, 2 психолог, 2 заңгер, 2 саясаттанушы, 2 сурд аудармашы, 1 азаматтық қоғам және этно-мәдени бірлестік өкілі, 1 тарихшы болды", - деді Жанат Сманқұлова.
Маман экстремизм және терроризмнің алдын алу бойынша қала аумағында 365 іс-шара жоспарланғанын алға тартып, қызметкерлердің белсенді жұмыстарының арқасында аймақта 43 675 адамды қамтыған 369 іс-шараның өткенін жеткізді.
Жанат Сманқұлова деструктивті және радикалды діни идеологияларға тартылу қауіпі бар азаматтардың проблемалық санаттарына тоқтала кетті. Маманның сөзінше, тәуекел дәрежесі жоғары, орташа, төмен мақсаттағы аудиторияларда, яғни, медициналық мекемелерде, әскери бөлімдер, қоғамдық көлік ұйымдарында, темір жол станцияларында, тролейбус аялдамаларында, мүмкіндігі шектеулі жандар мен халықтың әлеуметтік осал бөлігінің арасында, көп балалыларды қолдау, аз қамтылған аналар орталықтарында, сауда үйлері мен базарларда түсіндіру іс-шараларының жүргізілгенін тілге тиек етті.
"Осы жоба барысында біз кейбір мақсатты топтармен түрлі мәселелерге тап болдық. Алайда сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында бұл түйіткілдер шешімін тапты", - деп қосты Жанат Сманқұлова.
Жылдық қорытынды шарада қызметкерлер басқарма басшысына алдағы уақытта жұмыс тиімділігін арттыруға көмектесетін өз ұсыныстарымен бөлісті.
Нұрлан Қиқымов жыл бойы талмай еңбек етіп үлестерін қосқан қызметкерлерді алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, жалпы бағалау нәтижесінде ақпараттық-түсіндіру тобының 3 мүшесіне орындар тағайындалып, ақшалай сыйлықтар берілді.