Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Алматы мен Шымкентте 300-ден аса адам қажылыққа барамыз деп алданып қалған

Қажылық пен умраға апаратын "Kausar travel" туристік компаниясына қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Осыдан бір апта бұрын Шымкентте, бүгін Алматыда бір топ азамат аталмыш турфирмаға алдандық деп арыз жазған.

Жұрттың есебінше, компаниядан 300-ден аса адам ақшасын ала алмай сабылып жүр. Басым бөлігінің Мекке мен Мәдинаға ұшу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Енді өзгелері турфирманың былығы көп екенін біліп, қомақты қаражатын қайтарып беруді талап етіп отыр. Былтыр 73 жастағы Жасқайрат Әмірғалиевке жұбайымен отасқанына 45 жыл мерейтойының құрметіне ұл-қыздары 1миллион 200 мың теңгеге Умраға жолдама сыйлаған. Мерзім бойынша екеуі қазір киелі жерде болуы керек еді. Бірақ ақсақалдың турфирма кеңсесінің алдында айналшақтап жүргеніне бір аптаға жеткен.  

“Ақша да, жолдама да, қажылық та жоқ. Далада қалдық. Бастығы Медет Мекебай деген жігіт екен, 27 жаста. Сол кісінің өзіне жолықтым, айттым. "Ертең ақшаңыз түседі, болады". Сонымен әлі жүр. Миыма еш қондыра алмаймын. Себеп не? Бұлар енді Алланың жолында жүрген адамдар, сүттен ақ, судан таза деп есептейтін едім. Қазір енді көңілім қатты қалып отыр”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жасқайрат Әмірғалиев.

Жәбірленушілердің айтуынша, "Кәусар тревел" турфирмасына алданғандар саны шамамен 300-ден асады. Әрқайсысы жолдаманы 500-600 мың теңгенің төңірегінде сатып алыпты. Бәріне бірдей “төленді” деген бір жапырақ қағаз ғана ұстатқан.

“Біз үш билет алғанбыз. Жолдас балам үшеу алды. Жалпы алты билет. Мен анама, жеңгеме, қызыма алғанмын. 23-і ұшу керек болған. 23 күні кеңсесіне келдік. Ол кісі: "10 миллион бар, соны таратам" деп айтты. Ақшасын қайтарсын дегендер ЖСН берсін деді. ЖСН бердік. ақшаны қайтармады”, – дейді Алматы тұрғыны Елмұрат Бимұрзаев.

Даудың басы осыдан бір апта бұрын Шымкент қаласынан басталған. Онда дәл осы "Кәусар тревел" компаниясына алдандық деген жұрт ақшасын  қайтарып беруді талап етіп кеңсесінде шу шығарған еді. Меккеге бармақшы болған бір топ алматылықтар алданғанын сол кезде бір-ақ түсінген. Ұшу мерзімі келмесе де, олар төлеген қомақты қаражатын қайтарып беруді талап етіп отыр. Арасында тіпті студенттер де бар.

“Ақшамды қайтарып алуға келген болатынмын. Бірақ нәтиже жоқ. Медет деген компанияның басшысы үш күн бұрын уәде берген болатын. "28-і күні 100 пайыз ұшасыздар, бір күн бұрын визаны жібереміз, оның алдында билеттің суретін жібереміз, Алматыдан  ұшасыздар" деген болатын. Нәтижесі осы, құралақан қалдырып, сан соқтырып кетті”, – дейді студент Абзал Айтмолданов.

Алданғанын кеш түсінген жұрт полицейлерге жаппай арыз жазды. Бүгіннен бастап тәртіп сақшылары аталмыш компанияға қатысты тергеуді бастады.

“Алматы ПД, Медеу ауданы ПБна бір күн бұрын екі адам арызданса, бүгін тағы сегіз жәбірленуші арыз жазған. Мән-жайы жан-жақты зерделеніп, ҚР заңнамасына сәйкес, одан әрі шара қолданыла отырып, құқықтық баға берілетін болады”, – деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

 

https://stan.kz/kazhilikka-baramiz-dep-aldanip-kalgan-policiya-tergeudi-376783/

27.01.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер