Алматыда туристік компанияның иесі болған кәсіпкер ұсталды. Бұған дейін Алматы және Шымкенттен ондаған тұрғын компанияның үстінен шағымданған. Олар Меккеге бару үшін қыруар ақша төлегенін, бірақ соңында тіпті елден ұшып шыға алмағанын айтқан. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. Телеарнаның хабарлауынша, Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмырзаевқа умраның сертификатын келіншегі тосынсый ретінде туған күніне сыйлаған екен. Талай жылғы арманы болған киелі сапарға ерлі-зайыпты 17 қаңтарда ұшуы керек еді. Алайда олардың сөзінше, турфирма бас-аяғы 57 адамды үш күн кешіктіріп, Медина қаласына жеткізген. Бірақ, олардың сөзінше, қонаүйге бара сала, турфирма өкілдері орын дайындаймыз деп, сол күйі ізім-ғайым жоғалған. "Сол жерде күтіп отырғанда қонақ үйдің егесі шықты да, бұл жерде сіздерге орын брондалмаған, бұл жерде қазір бос орын жоқ деп айтқаннан кейін, қайтадан автобус шақырып, бізді қаланың шет жағындағы жатақханаға апарып жайғастырды. Таңертең жетіде экскурсия болады, дайындалыңыздар деді де, компания өкілі кетіп қалды. Содан біз таңертең тұрсақ, компания өкілдері де жоқ, автобус та жоқ, тамағы да дайын емес, ақшасы да төленбеген", - дейді Жарқын Бекмырзаев. Айтуларынша, бейтаныс қалада тіл білмейтін 57 адамның жағдайын сол жақта жүрген қазақтар естіп, өзге турфирма өкілдері көмекке келген. Олар Мединадан екі-үш күнге қонақүй жалдап, ары қарай Меккеге сапарын ұйымдастырып берген. Тіпті қасиетті Қағба маңынан бес күнге жатын орын алып берген. Шағымданушы тараптың сөзінше, елге оралатын уақыт таяғанда турфирма басшысы қайтар билет дайындап жатырмын деп, тағы да хабар-ошарсыз кеткен. Телеарна мәліметінше, Алматы мен Шымкенттен қасиетті сапарға аттана алмай отырғандар көп. Олар да полицияға арыз жазған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары турфирма басшысына іздеу салып, оны Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстаған. "Мекке мен Медина қалаларына жолдама алып, 50-ге жуық адамды алдаған туристік агенттіктің басшысы ұсталды. Аталған жәйт бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды", - дейді Шымкент қаласы Еңбекші ауданы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Ерлан Ирбаев
https://kaz.nur.kz/society/2007547-zuzdegen-adamdy-aldady-dep-kudikke-ilingen-turfirma-bassysy-ustaldy-video/