«Нұр-Мүбарак» университетінде «Деобанд мектебі: тарихы, діни негіздері және білім беру жүйесі» жайлы дөңгелек үстел өтті. Таныс та бейтаныс бұл ілім орталығы заманымыздағы ең мықты хадис мектебі саналаса да, ол жайлы бейхабар отандастарымыз аз емес. Сондықтан жоба жетекшісі филол.ғ.к. Рашит Мұхитдинов: «Деобанд мектебіне қатысты жобаны таңдаудағы мақсат – заманымызда әлемдегі ислам дінін таратып жатқан білім ошақтарының білім жүйесімен танысу. Олардың қалыптасу тарихы, саяси астарлары мен факторларын қарау. Болашақта Қазақстанға қандай ықпалы болуы мүмкін деген сауалдарды қарадық. Сондай-ақ Деобанд білім беру орталығындағы ақида, фикһ салалары, тассауф бағыттарында нені басшылыққа ұстанады, қандай бағыттарды негізге алып, қандай ғалымдары бар, соны зертетуді көздедік», – деді. Жобаға университеттің оқытушылары мен магистранттарынан жалпы 5 адам қатысқан. Атап айтқанда PhD докторлар Асқан Әкімханов, Самет Оқан, Абдилхаким Бурханадин және тағы ізденуші магистрант атсалысқан. Жоба аясында зерттеушілер Асқар Әкімханов пен Абдилхаким Бурханадин Үндістан мен Пәкістанға арнайы іссапарда болды. Университеттің Исламтану кафедрасы мен жоба орындаушылары ұйымдастырған шарада проректор PhD доктор жобаға қатысты пікірімен бөлісіп, Деобанд мектебінің бүгінгі қазақ қоғамы үшін қандай орны бар екеніне тоқталды. Дөңгелек үстелге қатысқан оқытушы-профессорлар құрамының мүшелері мен магистрант-докторанттар да өз сауалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Жалпы ислам әлемінде XIX ғасырда Деобандтағы білім ордасының ашылуы – Ислам ақиқатын сақтап қалу шарасының жалғасы болды деп саналады. Бүгінгі «Деобанд» түсінігін Үндістан, Пәкістан, Ауғаныстан, Бангладеш жане Азия, Африка, Америка, Еуропа елдеріндегі медреселер жүйесі қамтиды. Соңғы санаулар бойынша, 1400 британдық медресенің 600-ге жуығын осы мектеп түлектері басқарады екен. Сондықтан Нұр-Мүбарак университеті ғалымдарының бұл жобасы қазақ қоғамына өз жемісін береді деген сенімдеміз.
https://kazislam.kz/deoband-mektebi-zhajly-donggelek-ustel-otti/