Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

«Шейх, бізге дәлел керек!»

Бірде Марокко ғалымы Сағид Камали өзінің ұстаздық тәжірибесімен бөлісіп жатқан кезде болған оқиғаны баяндайды. Ол Мәлики мәзһабының солтүстік Африкадағы белді ғалымдарының бірі. Африка құрлығында Мәлики мектебін насихаттаушы ғұлама.

Уаһабилер өздерін бүгінгі таңда сәләфиміз деп атайды. Міне, сондай жастардың бірі фиқһ дәрісін өтіп жатқан ғалымға қарсы шығып: «Шейх! Бізге жай фиқһ айтпаңыз. Мәлики мәзһабы яки пәлен мәзһаб дей бермей, әр сөзіңізді нақты дәлелмен сөйлеңіз. Біз дәлелмен жүреміз», – депті.

Шейх Камали: «Жарайды. Сенен бір жайтты сұрайын. Ол дәлел тек саған қатысты ма? Басқа мұсылман қауымына ешбір қажет емес пе?» – депті.

Ғалым сөзін әрі қарай жалғастырып: «Сен дәлелге қалай сүйенесің? Дәлелді қалай пайдаланасың, осыны маған түсіндіріп берші?» – депті. Мәселен, имам Мәликтің «Муатта» кітабындағы бір хадис. Бұл фиқһ мәселесіне қатысты риуаят. Хадистен төрт пікірге бөлінген шариғи үкім шығарылған.

Демек, төрт мәзһаб ғалымы әрқайсысы осы бір хадиске сүйене отырып үкім шығарған. Мәлики үкімі, Шафиғи үкіміне ұқсамайды. Ханбали шығарған үкім, Ханафи үкіміне сай келмейді. Барлық мәзһаб ғалымдары дәлел ретінде сол хадисті негіз етуде.

Демек, хадисті түсінудегі қолданған әдістері, ой-пікірлері әртүрлі. Алайда, олар хадисті сәләфтар сияқты түсінбеген деп айта алмайсың ғой. Олай десең, қателесесің. Өйткені, ол ғалымдардың барлығы да сәләф.

Десе де, мына сәләфтың (имам Маликтің) өз пікірі бар. Анау сәләфтың (имам Шафиғидің) өз көзқарасы бар. Үшінші сәләфтың (имам Әбу Ханифаның) өз сөзі бар. Ханбалидің де өз ұстанымы бар.

Міне, дәлел керек болса ал. Қайсысына ілесесің? Ал, енді не істейсің?!»

 

 

«Шейх, бізге дәлел керек!» - Қазақстандағы Ислам (kazislam.kz)

20.02.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер