Әлемде 113 мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан. Конституцияның 1-бабында ҚР өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны көрініс тапқан. Сонымен бірге Ата Заңымыз әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Ал жер бетіндегі 75 мемлекетте дін республиканың ресми бөлігі болып саналады. «Зайырлылық» сөзі қазақ тіліндегі «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. Зайырлылық ұғымының ауқымы кең. Ол мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығы. Зайырлылық дін де, атеизмде емес, тіптен идеология да емес. Ол діни бостандық ұстанымы. Қазақстан Республикасысы зайырлылық ұстанымды неге таңдады? Әрбір тәуелсіз елдің өзіндік жолы, идеологиясы, заңы және ұстанымдық принциптері болуы тиіс. Ислам философиясы тарихында дана бабамыз Әл-Фараби «Қайырымды ел көзқарастарының төркіні», «Азаматтық қоғам» және «Дін кітабы» деп аталатын рисалаларында мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған. Алаш қайраткері Ә. Бөкейханұлы XX ғасырдың басында жаңа қазақ елін құрарда: «Біздің қазақ дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісін бөліп қойған оң болады», – деп өсиет айтып кеткен. Ең алдымен, біраз себептерге байланысты, мемлекеттіліктің зайырлылық моделі Қазақстан үшін баламасыз екенін атап кеткен жөн. Зайырлылық негізіне құрылған мемлекет басқару принципі бүгінгі таңдағы көпконфессионалды және полиэтникалы мемлекетіміздегі бірегей модель екенін түсінуіміз керек. Сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста шет елдің сарапшылары «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа» жатқызған болатын. Бұған себеп: «Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 130-қа жуық ұлт пен ұлысты, түрлі дінді уағыздайтын мыңнан астам діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес», – деп болжам жасаған. Әрине, тәуелсіздігін енді алған жаңа Қазақстанға осындай болжам жасауға себеп бар. Себебі әлемдік тарих сахнасын зерделейтін болсақ, түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы діни қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап, кейбір мемлекеттер соғыс алаңына айналып отырған. Мысал ретінде Сирия, Ауғанстан, Таяу Шығыс және Африка аумағындағы мемлекеттердің тағдырын алға тартсақ болады. Олардың пайымдауынша «Бұл ел (Қазақстан) көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады», – деп «Әлемдік ұлттар лабораториясы» ертеңімізге күмәнді болжам берген. Бір шаңырақтың астында мұншама көпэтносты және көпконфессиялы елдің ауызбіршілікте өмір сүруі қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Сондай-ақ, әлемнің көптеген елдерінде ішкі тәртіп жүйені құлдырату, ксенофобияны өршіту, этностық-діни белгілер бойынша кемсіту қаупіне ұшырататын популизмге ұмтылу үрдісі байқалады.
Алайда, қазақ елі тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде. Еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, қаншама ұлттардың және діни ұйымдардың ортақ Отаны бола білді. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі, елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырды. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылса, бүгінгі күні сол сарапшылар татулықтың концепсиясын бізден үйрену керектігін айтуда. Бұл жалпы елімізде дұрыс саясат жүргізіліп жатқандығын білдіреді. Бүгінгі күні елімізде әр діннің өкілі өз құлшылығын емін-еркін атқаруда. Мұсылмандар мешітке, христиандар шіркеуге, өзге де дін ұстанушылар өзінің құлшылық қылатын ғибадатханаларына барып, Құдай алдындағы борышын атқаруда. Олардың өзара қарым-қатынасы да әлемнің өзге аймақтарында ұлттар мен ұлыстар үшін үлгіге айналды. Бұл зайырлы қоғамның анық көрінісі, Қазақстанның қол жеткізген тамаша жетістігі. Зайырлы мемлекетте діни бірлестіктерді қаржыландырмайды, олардың ішкі мәселелеріне араласпайды, бірақ әр азаматтың өз сенімін, дінін ұстануына кепілдік береді, тіпті жағдай жасайды. Зайырлылық принциптерін ұстану дегеніміз ұлттық дүниетанымға еркіндік, ар-ождан мен діни сенімге бостандық беріп, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуын қамтамасыз ету деген сөз. Зайырлылықтың негізгі мақсаты жеке тұлғаны діндердің және идеологиялардың қысымынан құтқару, қорғау екендігін білуіміз қажет. Кейде қоғам арасында діндар азаматтар тарапынан: «Зайырлық Қазақстан Республикасындағы исламның дамуына қайшы келмей ме?» деген сауалдар болады. Бұл сұрақтың жауабына: ислам жауапкершілік пен әр нәрсенің артықышылығын дұрыс анықтайтын дін. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) билік, дәреже және байлықты көздеп, басшыны ауыстыруға шақырмаған. Ислам дінін басқаға мәжбүрлеп қабылдатпаған. Өйткені шариғат негізінде «дінде мәжбүрлеу жоқ» деген ұстаным бар. Бір сөзбен айтқанда, мұсылманның қоғамдық келісімді сақтап, адамдар арасында бейбіт өмір сүруіне исламда қайшылық жоқ. Осылайша Конституция діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР 2011 жылғы Заңы бойынша ханафи мазхабы Қазақстанда дәстүрлі ислам діни ұстанымы ретінде танылады. Ислам дінінде адамзатты бақытқа жеткізетін жол – дін ұстанудағы орта жол екендігі айтылады. Яғни ол – біржақты шетін көзқарасқа кетіп қалмай, дін мен дүниені қатар ұстау деген сөз. Зайырлылықты осы орта жол деп айтуға толық негіз бар. Ол діни мемлекет емес және атеистік мемлекет емес. Халықтың дін ұстануына толық еркіндік берген, заңмен басқарылатын құқықтық мемлекет. Бүгінде Қазақ елі өзін осындай зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде толық орнықтырды. Қайырлы ел принципі – адамдардың өмір сүру тәртібі, яғни қоғамдық тәртіпті бұзбай, қылмыс жасамай, мемлекет алдындағы бар міндетіңді орындап жүру азаматтық құндылыққа жатса, діни ұстанымымыз бойынша біреудің ала жібін аттамау, күнә жасамау, обал мен сауапты, адал мен арамды ажыратып жүру – рухани құндылық. Осы екі құндылық бірлескенде ғана жоғары руханиятты, шынайы зайырлы мемлекет болатынымыз айдан анық. Мемлекеттік идеологияның негізгі ұғымдары ретінде осы аталған ұғымдарды мектеп қабырғасынан бастап жастардың санасында қалыптастырып, дәстүрлі діни танымды үйретудің заманы келді.
А. ДҮЙСЕН,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы,
Р. Нарбек
Қайырымды ел қағидаттары - Қазақстандағы Ислам (kazislam.kz)