Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Ұлттық және діни бірегейлікке жетелейтін мәдени құндылықтар

Қазақ халқы тарихта қаншама қиындықтарды басынан өткізгенімен, ұлттық құндылықтардан қол үзбей, ұлт руханиятын сақтау арқылы өзіндік бірегейлігін жоғалтпаған. Соның негізінде қазақ руханиятының бойында ұлттық құндылықтар туралы тарихи ұғымдар сақталып отырған. Осы арқылы өскелең ұрпаққа тәуелсіздік, ұлттық мүдде, мәдениеттілік, ақылды, парасатты, білімді, өнерлі болу, дінді таза ұстау, ана тіліңді сақтау, тарихтың тағылымын кеңінен дәріптеу керек. Қазақтың ұлттық руханияты әрдайым ұлттық бірегейліктің ұйытқысы болып отырған. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов жазып кеткендей: «Рухты ертек жырлар, батыр әңгімелері халықтың рухы көтерілген шақта шыққан сөз болады. Батырлардың рухынан, батырларды жыр қылған ақын сөздерінің рухынан сол жыр шыққан замандағы халық рухы қандай болғанын білеміз. Ертегілер бұрынғының қалпынан, салтынан дерек бергендей, ертек жырлар бұрынғының рухынан дерек береді. Бұл бір. Екіншісі, батырлар әңгімесінің құны тілге пайда беру жағынан зор. Батырлар әңгімесі өлеңмен айтылған. Өлеңмен айтылған әңгіменің сөзі көпке төзеді, тез өзгере қоймайды. Солай болған соң, батырлар әңгімесінде аталарымыздың сөздері сақталып келген. Біз сияқты тілі жетіліп болмаған халыққа аталарымыздың сөздері сақталған әңгімелер құнды болмақ. Сондай құнды әңгімелердің бірі батырлар әңгімесі болмақ». Қай халықта болмасын рухани мұрасының алтын діңгегі – ауыз əдебиеті. Ауыз әдебиетінде діни қиссалар, діни дастандар, батырлық жырлары, бесік жырлары жүректен жүрекке жетіп, халықтың рухани мәдениетін қалыптастырып отырған. Діни қиссалар – пайғамбарлар мен сахабалар, әулие-әмбиелер мен періштелердің өмірі туралы, олардың дін жолындағы іс-әрекетін бейнелейтін шығармалар. Діни қиссалар сюжеті Құран Кәрімнен алынған. Құран Кәрімдегі түрлі діни хикаяларды барынша қамтып, әрі оны мейлінше кең көлемде таратып түсіндіретін осындай қиссалардың бірі – XIІІ ғасырдағы Бурхонуддин Рабғузидің «Қисса сүл-Рабғузий» немесе «Қисса сүл-әнбия» деп аталатын прозалық шығармасы. Қисса жанры діннің құқықтық тарапын үйрететін шариғат саласына жатпайды. Дін ғылымының аксиология аймағына тиесілі. Яғни қиссалар адамзаттық құндылықты құлатпай ұстап тұруды көздейді. Сондықтан бұл өнерге жүйрік болған өскелең ұрпақтың бойында діни фанатизм емес, қоғамға махаббатпен қарайтын немесе барлық адамды бауырым деп қарайтын адами қасиет ерекше дамиды. Рабғузидің шығармасының ең көп қолжазбасы Британияда сақталған. Одан бөлек Санк-Петербордағы Салтыков-Щедрин кітапханасында 6 қолжазбасы, Швецияда 2 қолжазба, Парижде 1, Бакуде 1 қолжазбасы сақталған. Жалпы шығыстанушы ғалымдар арасында жоғары бағаланатын ортағасырлық туынды десе де болады. Қазан, Ташкент қалаларында ең алғаш баспа мәшинесі пайда болған тұста «Қисса сүл-әнбия» сұранысқа еніп, баспадан қайта басылып қазақ даласына кеңінен тарала бастайды. Мысалы, «Жүсіп-Зылиқа», «Ескендірнаме», «Қубас» сияқты қиссалардың өзі бірнеше рет жарық көрген.  Рабғузидің қиссаларынан тұңғыш рет кандидаттық диссертация қорғаған ғалым – Алма Қыраубаева. 1974 жылы бұл еңбектің құндылығын дәлелдеп, қазақ ғылымына айналымға енгізеді. 1993 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Ораз Жандосов ауылында жекеменшік қазақ гуманитарлық лицейін ашып, оқушыларға қисса оқытып, үйрету дәстүрін қайта жаңғыртады. Себебі, соңғы рет қисса үйрететін мектептер қазақ даласында 1926 жылы большевиктердің  қолымен талқандалған еді. Бұл идеясына Сара Алпысқызы қызығушылық танытып, қолдау көрсетті. Қазіргі таңда 2022 жылы «Отбасы хрестоматиясы» қорының жобасы аясында «Қисса сүл-әнбия» экзистенциялық талдау кітабы жарыққа шығып, қиссаларды толықтырып, өңдеп, философиялық және психологиялық талдау жасап оқырмандардың көңілінен шығуда.  Қиссадан бір мысал: …Нəрсе жоқ бір өзінен басқа бұрын. Ғаламға өзін заһыр қылмақ үшін, Жаратты Мұхаммедтің əуел нұрын. Таусының мысалында қылды нұрды, Қанадил нұрдан болған орнатылды. Алдына ұят айна нұрдан болып, Құдайға өзін көріп шүкір қылды. Ұялып жалғыздықтан аққан тері, Сол нұрдан жаратылсын иман нұры. Бес жолы сəжде қылып Нұрғалы нұр, Бес намаз əуел парыз болған жері… Батырлық жырлар – ауыз әдебиетіндегі ең бай көне жанрлардың бірі. Халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі. Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді. Халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алатын батырлар жыры: «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қамбар». Мысалы Алпамыс батырдың жырынан үзінді: Әулиені қыдырып, Етегін шеңгел сыдырып. Еш жерге тоқтап тұрған жоқ, Күндіз-түні кідіріп. Күндіз-түні тынбады, Екі көзі жұмылып. Тоқсан күндей жол жүрді, Етегіне сүрініп. Әулие қоймай қарады, Құдайдан тілеп баланы. Сайрамдағы Сансыз бап, Оған да жетіп барады. Қайда әулие көрінсе, Бір-бір малын шалады. Күллі малы тамам боп, Көк ала бас көк қошқар, Жалғыз-ақ сол қалады. Әулие қоймай түнеді, Құдайдан бала тіледі. «Бір перзент Құдай бергін» деп, Байбөрі мен Аналық Күндіз-түні жүреді. Бесік жырын айту дәстүрі – бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда», – деп жазады. Әлди әуенімен тербету – қазақта ғана емес, өркениетті елдердің бәрінде кең тараған үрдіс. Тіпті оның маңыздылығын байқаған ғалымдар ұзақ жылдарға созылған зерттеулер жасап жатыр. Бесік жырының мазмұнында әр халықтың өз менталитеті, әлемнің жаралуы, пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер туралы түсінік пен ізгі қасиеттері туралы сакральды ақпараттар сақталған. Бесік жыры бөбектің құлағына сіңген сайын оның бойындағы ата-бабасының генетикалық жадысы қайта жаңғырады. Мысалы: Лә иләһә иллалла, Иллаллада пайда бар. Мұхамбеттің үмбеті Осындай бала қайда бар? Әлди, әлди, әлди-ай. Әлди, бөпем, құт бөпем, Бұл сөзімді ұқ, бөпем. Лә иләһә иллала Көкейіңе тұт, бөпем. Әлди, әлди, әлди-ай. Отаршылдық заманда ұлт бірегейліктің бұзылуына алаңдап, рухты жырларымен елдің қалпын сақтау мақсатында сатқындықпен, тексіздікпен күрескен қазақтың азулы ақындары, алаш зиялылары көп болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса, тағы бір қайраткер Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» және Ә. Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазып өткен. Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп, Қарағым, енді жату жарамасты… «Оян, қазақ» сөзі бүкіл түркі халықтарының ортақ идеясына айналды. Міржақыптың өлеңдері жапон, түрік тілдеріне аударылған. Бізде «Оян, қазақ» болса, оларда «Оян, жапон», «Оян, түрік» болып аударылған. Тіпті 90-жылдары Уямо Томохико деген азамат Жапонияда Міржақып Дулатұлына арналған диссертация қорғады. Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев «Оян, қазақ» кітабы туралы өз сөзіңде: «…Ресей патшалық үкіметінің шымбайына тиген кітап болды бұл. Бір қызығы, «Оян, қазақ» сол кездегі қазақ зиялыларына да ұнады. Қазақ халқының да ойынан шықты. Сондай-ақ, дін адамдарының да көңілінен шықты. «Оян, қазақтың» елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. Осыдан-ақ, бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Патша өкіметі кітап авторының соңына түсті. Ол кітапты оқуға тыйым салды…» деп 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан шыққан және ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққандығын айтқан. Алайда, Кеңес дəуірі тұсында діни мазмұнды құндылықтар туралы жазу немесе пікір білдіру өте қиын жағдай болған еді. Өмір тіршілігінде адамның басты қаруы – Ары. Соның әмірін орындаса тез оңалады. Ары тазарған сайын адам болмысы шыңдалып, тұлғалана түседі. Мәңгілік ғұмырдың айқын нышаны арлы адамның болмысынан ғана көрініп тұрады дегендей В. Франкл «Ұрпақты дұрыс тәрбиелеудің төте жолы жалғыз. Ар-ұятты тоқтаусыз қайрап, егеп, өткірлей берудің жолдарын жастарға үздіксіз үйретуіміз керек. Басқасы бос сөз. Ар-ұят феномені кісіні Тәңірге жалғап тұратын жалғыз көпір» деген идеяны қайталаудан жалықпауымыз қажет…

Ұлттық және діни бірегейлікке жетелейтін мәдени құндылықтар | Қазақстандағы Ислам

01.03.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер