«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ҚМДБ Шығыс Қазақстан облыстық өкілдігінің бастамасымен Өскеменде «Ақыл кенін арқалаған аталар мен ақ жаулықты әжелер – дәстүрлі Исламның тірегі» тақырыбында ата-әжелер форумы өтті.
Жиынға аудан, қала имамдары, ақсақалдар, әжелер, қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Алғы сөз сөйлеген ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы: «Ұлағатты тәрбиенің негізгі өзегі салт-дәстүрмен дәстүрлі Исламда жатыр. Аға буын ұлағатты болса, ата ақылға бай, әже мейірімді болса болашақ ұрпақ саналы болады. Атамен әжеден тағылымды тәрбие алмаған ұрпақ тәрбиені басқа жақтан, ғаламтордан, түрлі арналардан іздейді. Сол себепті қазақтың ұлағатты тәрбиесін ақсақалды атамен ақжаулықты әже ұрпақ санасына сіңіруі керек. Біздің аға буыннан үйренеріміз көп. Біз жыл сайын ақсақалдар форумын 2016 жылдан өткізіп келеміз. Міне, осы шаралардың негізгі мақсаты – ұлттық тәрбиені жаңғырту, Исламмен ұштастыра дамыту» дей келе, шараның маңызына тоқталып, дәстүрлі исламның ізгі қоғамдағы орнын кең көлемде баяндады.
Форумда «Ақсақалдар алқасы» ШҚО бойынша төрағасы М.Мұхаметжанов, қалалық «Мухамади» мешітінің бас имамы Ибраһим қажы Қарнақбайұлы, «Шығыс Қазақстан мұсылман ханымдары» ҚБ төрайымы Мараш Матиева, «ШҚ облыстық ақсақалдар кеңесінің» мүшесі Солтангалиев Аман, «Облыстық ақсақалдар кеңесінің» мүшелері Сайлаухан Аухадиев, Оспанов Сабыр қатарлы көптеген қариялар сөз алып жастар тәрбиесі руханият мәселесі жөнінде өзекті ойларын ортаға салды.
Форум соңынан «Ислам және ізгі қоғам» жылының аясында жалпы халыққа арналған қарар қабылданды.Қарарда: «Сондай-ақ, қалалар мен аудандардың Ақсақалдар, Әжелер кеңестерін жергілікті мешіттердің имамдарымен бірлесе отырып, жастар арасында дәстүрлі исламды дәріптеуге, жұртшылықтың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыруға бағытталған кездесулер өткізуге, тұрғындар арасында қазақстандық қоғамның рухани бірлігі идеясын қалыптастыруға белсене атсалысуға үндейміз» делінген. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
«Ислам және ізгі қоғам»: Ата-әжелер форумы өтті - Қазақстандағы Ислам (kazislam.kz)