Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Дін – бірліктің діңгегі, рухани тірегі

Бірде немересі атасынан «достықты не нығайтады? – деп сұрапты. Сонда атасы «достықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады» – депті. Осы аталған ізгі қасиеттер қай кезеңде, қандай қоғамда болмасын маңызды.

Әлем жаратылысының негізі – сүйіспеншілік, рақымшылық пен ынтымақ. Ұлы Жаратушы шексіз рақымымен бұл ғаламды жаратқанда, барлық жаратылыстың ішіне сүйіспеншілік пен мейірім-шапағаттың тұқымын сепкен деседі. Сондықтан он сегіз мың ғаламның да, жер бетіндегі жанды-жансыздың да арасында ғаламат бір үндестік, татулық, өзара қарым-қатынас бар. Табиғат заңдылықтары осы татулықтың арқасында тепе-теңдігін сақтап тұр.

Алайда соңғы ғасырларда сол тепе-теңдікке, бірлік пен ынтымаққа адамзат кері әсерін тигізіп, әлемдегі тыныштықты өз қолдарымен бұзуда. Жер бетінде соңғы кезеңдерде орын алған қанды оқиғаларды айтуға ауыз бармайды. Бірлігі кетіп, берекесі қашқан елдердің миллиондаған тұрғындары босқын болып, бас сауғалауда. Қазақ мұндайды «бір күнгі ұрыстың қырық күнгі кесірі бар» деп, дөп басып айтқан.

Тәубе дейік, халқымыздың бірлігі мен татулығының нәтижесінде біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналдық. Татулық пен келісім – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтары.

Даналарымыздың: «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады», дегеніндей, халқымыз ынтымақта, бір үйдің баласындай тату-тәтті, жарасымды тіршілік етіп келеді. Еліміздегі бірлігі мықты, достығы берік барлық этнос өкілдері қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап, қазақ халқының қарапайымдылығын, қонақжайлылығы мен бауырмалдылығын ерекше бағалайды. Еліміз олардың тату-тәтті өмір сүріп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтауы үшін барлық мүмкіндікті беріп отыр.

Қоғамда конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту, діндер сұхбаттастығын қамтамасыз ету, діни толеранттылықты дамыту – мемлекетіміздің басты мақсаты. Осы мақсаттың жүзеге асуының нәтижесінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндердің өзара әрекеттесуінің тұрақты үлгісі қалыптасты. Сонымен қатар;

– Қазақстанда дінге сенушілердің құқығы, 

– дінді ұстану бостандығы,

– рухани бірлікті нығайтуға қажетті жағдайлар қамтамасыз етілді.

Қазақстанның дінаралық келісім тәжірибесі мен конфессиялардың ұдайы үнқатысуының негізінде бейбіт өмір сүру мүмкіндігі айқын байқалды. Бұл орайда толеранттылық қағидатының маңызы зор.

Халқымыз мыңдаған жыл бойы толерантты болып келді. Толеранттылық бассыздық емес екендігін білуіміз керек. Толеранттылық – қоғамның адамгершілік нормалары. Оны біз әрдайым нығайтып, қорғап отыруымыз керек.

Соңғы жылдары әлемде небір алпауыт елдер татулық пен ымырашылдықтың жолдарын іздеп дағдарған шақта Қазақстанның «дінаралық үнқатысу, өзара үндестік» деп ғаламшарды мекендеген бүкіл адамзатты татулыққа шақыруы әлемді елең еткізген үлкен жаңалық болды. Бірақ түрлі дін өкілдерінің басын қосып, «Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді құралы ретінде пайдалануымыз керек», – деп татулыққа шақыру бұрын-соңды тарих сахнасында болған емес дейді дін өкілдері.

Дін еліміздегі бірліктің бір діңгегі әрі рухани тірегі болуына мемлекет тарапынан ұдайы назар аударылып келеді. Мемлекет пен дін бір-бірінен тәуелсіз болғанмен, бір-бірімен тығыз байланыста іс-қимыл жасауда. Бүгінгі таңда елімізде мемлекет пен діни бірлестіктердің арасында сенімді байланыс, сындарлы қарым-қатынас орныққан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте рухани құндылықтарымызды сақтаудың маңызды екеніне назар аударды.

– Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дін – саналы адамдарды, өз еркімен және қалауымен қайырлы, игілікті істерге жетелейтін құдіреті күшті Жаратушының заңы.

Дін – тәрбие.

Дін – бақытқа жетелейтін, иман мен Тәңір заңдарын қамтитын тура жол.

Дін – сүйіспеншілік, құрмет.

Дін – сенім, ғибадат, дұға.

Дін – адамзат, отбасы, қоғамды дамытып, үйлестіруші күш.

Дін – адамды Жаратушы Алламен, өзге пенде және әлеммен, айналасындағылармен байланыстырып, тәртіпке салатын, оған жол нұсқап, жетелейтін үлкен сенім.

Сол себепті атақты философ Анри Бергсон дін жайында: «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз қоғам болмайды», – деген екен.

Ислам дінінің ұлағатты да тәрбиелі құндылықтары – конфессияаралық татулық пен үйлесімнің кілті, адамзат атаулының алдындағы киелі борышы екені, сол киелі борышты әр азамат өз деңгейінде атқарса, қоғамда тыныш та бейбіт өмір орнайтыны ақиқат.

Бірлік пен татулық бекем болса, әлемнің дамуы жолындағы сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік береді. Ендеше елімізде тұрақтылықтың туы мәңгілік желбірей берсін!

                                                                                                                                       Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ, дінтанушы-сарапшы 

Дін – бірліктің діңгегі, рухани тірегі - Қазақстандағы Ислам

31.03.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер