Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Мемлекет басшысының атынан Ақордада ауызашар берілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бұл ай күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт екенін, жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенелетінін айтты.

Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған айтулы оқиғаларға арнайы тоқталды.

– Жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізілді. Еліміз үшін аса маңызды бірнеше саяси науқан өткізілді. Соның ішінде Президент сайлауы және жуырда болған Парламент пен мәслихаттар сайлауы бар. Бір сөзбен айтсақ, қысқа мерзімде өте ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміз жаңа дәуірге қадам басты, Әділетті Қазақстанды құра бастадық. Қазақстан – өз геосаяси аймағында осындай ауқымды реформалар жасап жатқан бірден-бір ел. Жаңартылған Конституция және елімізде болып жатқан өзгерістер – осының айқын дәлелі. Біз осы реформаларды, жалпы айтқанда, осы саясатты міндетті түрде жалғастырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде жалғастыра береді, сыртқы саясатымыз әрдайым дербес болады. Біз мұның бәріне мызғымас бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз.

– Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» деп бекер айтпаған. Қоғамда бейбітшілік пен келісім болса ғана, еліміз табысқа жетеді. Алға қойған игі мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Ал елден ынтымақ кетсе, мемлекетте даму болмайды, жұрттың болашаққа деген сенімі де азаяды. Сондықтан елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – негізгі міндетіміздің бірі. Бұл баршамыз жұмылып атқаратын жұмыс болуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу қажет екеніне назар аударды.

– Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент өз сөзінде ұлттық мәдениетімізді дамыту маңызды екеніне тоқталды.

– Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз.  Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент қазіргі жаһандық ахуалға алаңдайтынын білдіріп, қоғамда мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттер жетіспей жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, адамзат үшін өте қауіпті бұл үрдісті тоқтатуға бәріміз күш салуымыз керек. Ол үшін осы асыл қасиеттерді әрқайсымыз жүрегімізде сақтап, оны күнделікті іс-әрекетпен, көркем мінезбен көрсеткен абзал.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында барша Қазақстан халқына амандық, бақ-береке тіледі.

«Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысының атынан берілген ауызашарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар, еңбек адамдары қатысты.

 

Дереккөз akorda.kz

10.04.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер