Қылмыстық атқару саласының Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты № 68 мемлекеттік мекемесінде қамауда отырған 31 жастағы азаматша, өзінің қылмыс жасауына сенгіштігім кінәлі деп өкінеді.
Бұл азаматша ҚР ҚК- нің 296 бабының 4-бөлігі бойынша, аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдады деп айыпталған.
– Сол күні дос келіншектермен құрбымның жаңа пәтерге көшуіне байланысты отырысқа бардым. Бәріміз бас қосқандықтан, құрбымның қуанышына ортақтасып, жұғысты болсын деп тойладық. Үйге қайтарда, жеңіл көлігі бар таныс дос баламды шақыртып, мекенжайыма апарып тастауын өтініп, қоңырау шалдым. Жарты сағаттан кейін келген таныс жігіттің машинасына мініп алдым. Біраз жүрген соң, әлгі танысым «мынаны үйіңе апарып, тығып қой, кейін алып кетемін» деп, жуан ораулы затты машинаның артқы орындығында отырған менің қасыма қоя салды. Үйіме жақын қалғанда досым балаңа тәттілер сатып алып әкеп берейін деп, жақын маңдағы дүкенге кеткенде, бұлтартпас айғақпен ұсталдым.
Қылмыстық ісім бойынша тергеу жүріп жатыр. Сот шешімімен 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығымнан айырылуым мүмкін. Сотталып кетсем, балама обал. Мінезіміз жараспай әкелерімен ажырасып кеткенмін. Әр нәрсенің байыбына бармай, терең ойланбай істеген әрекеттерім үшін өзім кінәлімін. Айналамдағы достарым да дұрыс емес. Сенгіштігім орға жықты, – деп өкінді сот шешімін күтіп отырған әйел.
Дереккөз: Kazislam.kz