Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

«Кітаптарды діни сараптамадан өткізу қағидаттары» атты онлайн семинар өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен бес бағыт бойынша жұмыс жоспарына сәйкес Орталық аппараттың мәжіліс залында «Кітаптарды діни сараптамадан өткізу қағидаттары» тақырыбында онлайн семинар өтті.

Семинарға наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетіне қарасты Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Нұрғали Қабылов, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайрбеков және еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыстарынан діни сараптама мамандары қатысты.

Екі сағатқа созылған жиында Қазақстанда басылып жатқан діни әдебиеттердің жүйелі сараптамадан өткізу мәселелері талқыланды. Алғашқы болып сөз алған Сансызбай Құрбанұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Діни сараптама жұмыстарына зор сенім артқандығын жеткізіп, діни әдебиеттердің жіті тексерілуі қажеттігін атап өтті.

«Діни әдебиеттердің арасында жат ағымға насихат жасайтын еңбектер кездесіп жатады. Отан ішінен отау тігетіндердің мұндай әрекеттері мемлекет ішінде бүлік тудыруды көздейтіндігін анық білдірсе керек. Сол себепті, Қазақстанда басылып жатқан әрбір діни кітапқа кәсіби сарапшылар қорытындысының қажет екендігі анық» деді наиб мүфти.

Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Нұрғали Бердікұлы өзі басшылық етіп отырған сарапшылар басқармасының жұмысымен таныстыра отырып, кітаптарды сүзгіден өткізудің өзіндік принциптерін бөлісті. Оның айтуынша, автор мен сарапшылар тобының жұмысын жеңілдету үшін арнайы электрондық жүйе ойластырылған. Нәтижесінде, діни сараптауды қажет ететін әрбір кітапқа небәрі 22 жұмыс күнінің ішінде қорытынды берілетін көрінеді.

«Егемендігімізді еншілеген жылдары басқармаға келіп түскен діни еңбектердің 20-30 пайызға жуығы теріс қорытындыға ие болатын. Ал бүгінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының көп жылдық насихат жұмыстарының нәтижесінде бұл көрсеткіш 6-7 пайызға дейін кеміп отыр» деп жемісті еңбектердің қорытындысын атап өтті.

Жиын барысында ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы Дін істері комитетінен келген арнайы қонаққа алғысын білдіріп, Діни сараптау мәселелеріне байланысты тұшымды ойларын жеткізді.

«Біз еліміздегі басылып жатқан әрбір діни әдебиетке мұқият болуымыз қажет. Мешіт кітапханаларында, үлкен залдағы сөрелерінде, діни дүкендерде, медреселерде, сауат ашу орталықтарында, қала берді намазханаларда қойылып және сатылып жүрген діни кітаптардың барлығы Дін істері комитеті Дінтану сараптамасының және ҚМДБ Сараптау комиссиясының оң қорытындысын алған болуы шарт. Егер оң қорытынды болмаған жағдайда, мұндай кітаптар шұғыл түрде Діни сараптама комиссиясынан өтуі тиіс» деді Аппарат басшысы.

Ал іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Діни сараптама бөлімінің басшысы Нұрлан Евфратұлы бөлімнің осы уақытқа дейін атқарған шаруаларына көз жүгіртіп, діни сараптама жұмыстарының толыққанды қалай жүзеге асатынын түсіндірді.

«Тек 2023 жылдың басынан бері бас аяғы 80-ге жуық діни әдебиет Діни сараптамадан өтсе, оның ішінде тек екі кітапқа ғана оң қорытынды берілмеді. Ал жеті кітап ҚМДБ жанынан құрылған «Ғұламалар тобының» арнайы қорытындысын қажет етіп отыр» деп маусымдық жұмыс қорытындысын баяндаған бөлім меңгерушісі Ханафи мәзһабының классикалық еңбектерімен, «MUFTIYAT» баспасынан шыққан кітаптар және ҚМДБ Сараптау комиссиясынан өткен, яғни рұқсат етілген және рұқсат етілмеген кітаптармен таныстырды.

Онлайн семинар соңында өңірлердегі сараптама мамандары да көкейлерінде жүрген сұрақтарға қанағаттанарлық жауап алып, көкейтесті мәселелерді талқылаудан қалыс қалмады.
 

Дереккөз: Kazislam.kz порталы

10.05.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер