Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Діндер съезі бейбітшілікке үндейді

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі халықтар мен діндер арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Съезд тек рухани көшбасшылар арасындағы диалог үшін ғана емес, сонымен қатар саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен дін өкілдері арасындағы кездесулер мен пікір алмасуға арналған алаң.

Өкінішке орай, әлемде ксенофобия, исламофобия, христианофобия және антисемитизм сияқты идеологиялық және практикалық қауіптердің фактілері өсіп келе жатқанын атап өткен жөн, бұл халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлкен кедергі. Бүгінде агрессияны, зорлық-зомбылықты және кемсітушілікті тудыратын жеккөрушілікке шақыру нақты саяси және әлеуметтік қауіпке айналды. Мұндай шақырулардың идеологиялық әсерінің нәтижесінде әртүрлі аймақтардағы тұрақтылық бұзылады, бұл адамдар арасындағы алауыздық пен қақтығыстарға, әскери қылмыстарға, геноцидке әкеледі.

Әрбір саяси және діни көшбасшының міндеті – адамдарды сөз бостандығы мен демократия сылтауымен жеккөрушілік пен қарама-қайшылықты тудыратын үндеулерден аулақ ұстау. Діни, саяси, ғылыми және қоғам қайраткерлерінің негізгі мақсаты үш жылда бір рет ұйымдастырылатын съездерде ынтымақ таныта отырып, қорытынды құжатта терроризмнің барлық нысандары мен көріністерін, жеккөрушілікке, ксенофобияға, дінді өзімшілдік немесе саяси мақсатта пайдалануға шақыруды, сондай-ақ шіркеулердегі, мешіттердегі, синагогалардағы және басқа да діни сенушілерге қарсы экстремизм актілерін қауіптілігін қоғамға түсіндіріп, олардың алдын алуға үндеу.

Астана қаласында өткен соңғы съезде Мемлекет басшысы: «Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрлерін, толеранттылық пен ашықтық рухын бойына сіңірді. Сондықтан әртүрліліктегі бірлік принципі біз үшін негіз болып саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда жүзден астам этнос өкілдері үйлесімді және келісімде өмір сүруде, 18 конфессияны білдіретін төрт мыңға жуық діни бірлестік еркін жұмыс істейді», – деп атап өтті.

Былтырғы Съезге өте ықпалды дін өкілдері қатысты: Ватикан басшысы, Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың жоғарғы имамы Шейх Мұхаммед Ахмад Ат-Тайеб, Волоколамск митрополиті Антоний, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Йосеф және т.б. Әлемге ықпалды тұлғалардың бұл съезге қатысуы түрлі деңгейдегі масштабты мәселелерді шешуде оң ықпалын тигізеді деген үмітпен қарауға толық негіз бар.

Сондай-ақ, Рим Папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінде сөйлеген сөзінде қазақтың маңдайына біткен данышпан кемеңгері Абайдың сөзін бірнеше рет келтірген еді. Абайдың өмірі мен оның қызметі туралы білімдерін көрсетіп, ақынның діндарлыққа толы туындыларын қалдырғанын, онда қазақ халқының жан дүниесіндегі ең жақсысы – үйлесімді даналық бейнеленгенін атап өтті.

Жоғарыда атап өткеніміздей, дін мен саясат мәселесі қазіргі таңда өте тығыз қарым-қатынаста. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда жергілікті деңгейдегі атқарушы ұйымдардың қызметін атап өткен жөн. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жергілікті деңгейде дін саласындағы жұмыстарды нәтижелі жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда Алматы қаласында 17 конфессияны құрайтын 190 діни бірлестік жұмыс істейді, олардың 118 діни ғимараты бар. Басқарма қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – халық арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған  халықтың радикалды діни идеологияларға қарсы иммунитетін қалыптастыру.

Сонымен бірге, басқарма жанынан әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің шағын үлгісіндегі діни бірлестік басшыларының клубы жұмыс істейді. Дін саласы нәзік мәселелерді қамтығандықтан әрдайым бақылау мен сараптауды қажет етеді. Сол себепті, қоғам мен ішкі тұрақтылықты сақтауда барлығыңызды аянбай еңбек етуге шақырамын!

Нұрлан ҚИҚЫМОВ,

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы

Дереккөз: Kazislam.kz порталы

16.05.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер