ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында тоталитаризм қылмыстары Қазақстан халқының өзіндік санасында терең із қалдырғанын айтып, тарихты зерттеуді жалғастыру және жазықсыз зардап шеккендерге қатысты әділдікті қалпына келтіру маңызды екенін атап өтті.
"Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе.
Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет" - деп жазып кетті.