Жуырда елордамызда кезекті алаяқтық қылмысы орын алды. Зейнеткер қажылыққа бару үшін жинап жүрген 16 миллион теңгесін алаяқтарға ұстатқан.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер телефонына қоңырау шалып, қызының полицияда екендігін және мәселені шешу үшін шұғыл түрде ақша жіберу керек екенін хабарлап, одан 16 млн теңге көлемінде ақшаны алдап алған. 69 жастағы әйелдің түсіндіргені бойынша, түн ортасында үй телефонына әйел адам қоңырау шалып, жылаған дауыспен: “Анашым, мен апатқа ұшырадым, қазір проблемаларымды шешу үшін полицияда жүрмін, маған ақша керек”, – деген.
Содан кейін телефонды ер адам алып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге қазір әріптесі келіп, қолма-қол ақшаны алып кететіндігін айтқан. Мәселені шешу үшін қанша ақша керек деген сұраққа, олар қанша бар соны беріңіз деп жауап берген.
Егде жастағы әйел мән-жайды түсінбей, ақша жинай бастаған. Зейнеткер Меккеге қажылық жасау үшін жинаған 16 млн теңгесін санаған. Бірақ қызының қауіпсіздігі маңыздырақ деп ойлап, ақшаны келген адамға берген. Кейін есіне түсіп, қызының жағдайы жақсы екендігін, өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген ол полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында курьер ретінде келіп, әйелден ақша алған 26 жастағы ер адам анықталды. Күдікті “курьер” қызметі үшін оған жалпы соманың 10%-ы берілуі керектігін мойындады.
Осыған ұқсас арызбен, алаяқтардың құрбаны болған 54 жастағы әйел де полицияға жүгінген. Ұқсас схема бойынша оны белгісіз біреулер алдап, 2 млн 650 мың теңгесін иемденген. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 20 жастағы жігіт анықталды. Ол Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Астана қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – дейді Астана қаласы ПД КПБ бастығы Дастан Қалиев.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, оқиғаның мән-жайына толық көз жеткізбестен, бейтаныс адамдарға ақша бермеуді ескертеді. Егде жастағы жақындарыңызға осыған ұқсас жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін және құқыққа қайшы әрекеттер туралы ішкі істер органдарына дереу хабарлау қажеттігін түсіндіріңіздер.
Дереккөз: Kazislam.kz порталы