Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Айнұр Құрманалиева: Дінтанушы болу үшін белгілі бір дінді ұстанудың қажеттілігі жоқ

Назарларыңызға философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиевамен болған сұқбатты ұсынамыз. Ғалым «Адырна» тілшісіне Қазақстандағы дінтану ғылымының даму деңгейі туралы айтып берді.

- Әлеуметтанушылар, мәдениеттанушылар, философтар дінге әртүрлі анықтама береді. Ал дінтану ғылымында бұл ұғым қалай сипатталады?

- Дінтанулық еңбектерге жүгінетін болсақ, «дін» терминiнің «religio» деген латын сөзiнен шыққандығы алға тартылады. Цицеронның терминге берген анықтамасына сай, «relegere – артқа жүру, оралу, қайта оқу, ойластыру, жинау, аңдау, қорқу деген латын сөзiн негізге ала отырып, дiндi құдайдан қорқу, қорқыныш және құдайларды құрметтеу, осы құрметтеуге қатысы бар барлық нәрсенi мұқият ойлап байқау» ретiнде сипаттады. Ал Лактанцийдің тұжырымдамасы бойынша, «religio» сөзi латынның «religare» – алу, буу, байлау, шырмау сөзiнен шыққан – және байланыс, адамды Құдайға қызмет еткенде және оған тақуалық арқылы бағынғанда бiрiктiретiн дәнекер» дегендi бiлдiредi. Бұл анықтамалармен біздің дайындаған оқулықтардан да кеңірек танысуға болады. Дінтанудың ғылым ретінде қалыптасуы христиандық әлеммен байланысы терең болғандықтан, көп жағдайда христиандық таным тұрғысынан интерпретациялар беріледі. Мәселен, христиандықта «religio» сөзi адамның Құдайға тәуелдiлiгi, адамның Құдай алдындағы мiндеттерi мағынасында түсiндiрiлген. «Religio» терминiнің сөздiктерде «бiрдемеге ар-ұят тұрғысынан қарау – iшкi сезiмде орныққан ұяттың болуы; әсiресе, қасиеттi бiр нәрсеге ар-ұят тұрғысынан қарау; дiни сезiм, сенiм; дiни құрмет, құдайды құрметтеу; культ, дiн» деген мағыналары бар.

Біздің қолданысымыздағы «дін» сөзі араб тiлiндегі «din» деген атаумен тікелей байланысты. Ол алғашқыда «исламға дейiнгi кезеңде билiк, бағыну, әдет-ғұрыптар дегендi бiлдiрсе, кейiнiрек Аллаға деген шексiз бағыну, өзiн-өзi Құдайға арнау, дiни бұйрықтарды орындау, сенiмнiң шынайылығын жетiлдiру» мағынасында қолданыла бастады. Дін – адамзаттың бүкіл тарихи сатыларында көрініс беріп, ізінше ілесіп келе жатқан түбі терең, түсінуге қиын астарлы құбылыс. Ғалымдар ертедегі адамдар арасында ең алғашқы діни формалар қашан және қалайша пайда болған деген сұрақтар төңірегінде талай дау-дамай, тартыстар жүргізіп келеді. Діннің қоғамдағы орнын әркелкі сипаттауға болады. Бұл арада ортақ көзқарас, ортақ ойдың болуы мүмкін емес, сөйте тұра бір мәселеге еш күдік жоқ: ол – дінсіз, діннің әсерін ескермей, ешбір халықтың, ешбір өркениеттің тарихын елестету мүмкін емес.

Дін – ұғымы өте кең, әр түрлі діндер мен мәдениеттерде әр түрлі анықтамалары бар. Берілетін мағыналары жағынан кең болғанмен, ортақтасатын тұсы – адамзаттық құндылықтарды дәріптеп, адамның ізгілік қасиеттерін тәрбиелеуді қамтамасыз ететіні және тылсым дүниемен байланысын түсінуге деген талпыныстан туындайтыны.

- Дінтану ғылымының қоғам өмірінде алар маңызы қандай?

- Дін қоғамдық сананың формасы ретінде қоғам мен адам өмірінде, халықтың мәдениеті мен дәстүрінде елеулі рөл атқарады. Дін – бұл өркениетті адамзат тарихында көне дәуірден орын алған рухани құбылыс. Діни мәдениет пен діни құндылықтар – дәстүрлі діни жүйелердің адамзат баласының рухани жан дүниесін жетілдіруге және адамға өмір мәндік мәселелерді шешуді ұсынатын тұғыр.

Діндерді, олардың тарихын, қызметтерін білу дегеніңіз – адамзат тарихымен танысу деген сөз. Осы орайда дінді зерттеудің маңыздылығымен қоса, зерттеушіге туындайтын қиындықтарды да есте ұстаған жөн. Сонымен бірге діннің не екенін танып, оның мағынасын ұғыну әрбір саналы адам үшін керек мәдени құбылыс. Егеменді Қазақстан мемлекетінің азаматтары үшін бұл қажеттеліктің өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Елімізде жүзден астам этностар мен діни бірлестіктер бар. Ислам мен православие діндеріне сенетін халық саны тоқсан пайызды құрағанымен, қазіргі заманда елімізге өзге діндер ықпалы айтарлықтай. Осы тұрғыда дінтану ғылымының қоғам өмірінде алар маңызы жоғары, себебі дінтану ғылымы қоғамдық санада ерекше орны бар діннің әр түрлі контексте қалай көрініс беретінін, халықтың діни құндылықтарының трансформациясын, діни негіздегі орын алуы мүмкін қақтығыстардың, діннің қоғамдағы интеграциялық және дезинтеграциялық қызметін және т.б. бүгінгі таңдағы қазақстандық қоғам үшін аса маңызды сұрақтарды зерттеуге мүмкіндік береді.

Бұған қосарымыз, дінтанудың қоғамдағы орнын бағалау оны түсінуден туындайды. «Дінтану» қандай ғылым? Бұл сұрақтың ең қысқа жауабы – дінтану дегеніміз – бұл дінді зерттейтін ғылым. Дінтану, қарапайым көпшілік санайтындай, діни білім беру емес және діндарларды дайындау курсы да емес. Дінтануды зерттеу нысанына алған адамға қайсыбір сенімді қабылдау талабы қойылмайды, дінтанушы болу үшін белгілі бір дінді ұстанудың қажеттілігі жоқ. Дегенмен бұл дінді ұстанбау деген емес, діндар адамдар да жақсы дінтанушы бола алатынын айта кету керек: мұндағы басты талап академиялық ғылымның шеңберінен шықпау керек. Адамның діндарлығы объективті көзқараста болуына кедергі жасамау керек. Дінтанушы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді және дінге байланысты дұрыс қоғамдық пікірді қалыптастырады.

- Қазақстанда дінтану ғылымының тарихы қашан басталды? Қазіргі даму деңгейіне қандай баға бересіз?

- Қазақ мәдениетін діннен алшақ қарастыруға еш болмайды. Дінге байланысты зерттеулердің тарихы терең кеткенмен, елімізде дінтанудың өріс алып, негізі қаланғаны тәуелсіздің жылдарымен байланысты. Алғаш рет жоғарғы оқу орындарында 90-жылдары «Дінтану» пәнінің оқытыла бастауынан бастама алды десек болады. Бір ғана біздің университетіміздің мысалында айтар болсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дінтану пән ретінде дінтану кафедрасында оқытыла бастады және бұл пән университетте даярланатын барлық мамандықтарға «Дінтану» жалпыға міндетті пән ретінде оқытылды. Барлық мамандық орыс және қазақ тіліндегі Мәдина Үсенованың осы саладағы ең алғашқы «Дінтану» оқулығымен оқытылды. Дінтанудың университеттік деңгейде оқу процесіне енгізілуі жалпы студент жастардың әлеуметтік жағдайын ойлаумен қатар саяси, діни, рухани сауаттылық деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлгенінің арқасында қолға алынған қадам болғанын атап кету керек.

«Дінтану» пәні аясында сол кезде алғашқы наным-сенімдер формасын адамзат мәдениетінің бір кезеңі ретінде қарастырып, әр ұлттық діндердің ілімін ешқандай сынсыз талқылап, дәстүрлі діндердің діни ілімдері мен әдет-ғұрыптары туралы студенттерге жан-жақты мәліметтер беріле басталды. Дәріс алған студенттерге алғаш рет діндер туралы, мұсылмандық, діндарлық пен зайырлылық туралы толық ақпарат берілді. Ғалымдар дінтануды зайырлы тұрғыда оқытып, жастардың діни сауатын ашып, діни білімін көтерумен қоса оларды әр діни ілімді философиялық тұрғыдан талдай білуге бағыттай бастады. Кейінірек еліміздегі дінге сұраныстың артуынан және дін саласындағы мемлекеттік қызметкерлер қажеттігі ескеріле отырып, дінтану мамандықтары еліміздің бірқатар маңдайалды университеттерінде дайындала бастады. Дінтанушы мамандарды дайындау теориялық зерттеулердің өріс алуына негіз болды. Дінді қоғамдық сананың күрделі феномені ретінде жан-жақты зерттеу жұмыстары қолға алынды.

Қазіргі даму деңгейіне қандай баға бересіз деген сұрағыңызға оралсам. Әрине, дінтанудың жаңа ғылым саласы ретінде қалыптастқан алғашқы жылдармен салыстырғанда, дінтану саласы анағұрлым кеңейді. Дінтану бағытында өзекті мәселелерді қамтитын ғылыми зерттеулер, монографиялар, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, нұсқаулықтар дайындалды. Мемлекеттің әр түрлі салаларына қажетті кадрлар дайындалды, сонымен қатар дінтану саласында отандық және шетелдік ғылыми ортаға танымал ғылыми мектептеріміз қалыптасты және дінтану саласында жас зерттеушілер өздерінің докторлық диссертацияларын қорғап, жас дінтанушылар ортасының түзілуін қамтамасыз етті. Бірқатар жұмыстар жасалды, дегенмен алда әлі де жасалатын жұмыстар жеткілікті, себебі өмір бір орында тұрмайды және қоғамда пайда болатын мәселелер шеңбері де әр түрлі, олар жаһандық өркениет контексінде барған сайын күрделенбесе, жеңілденбейтіні анық. Осы ретте дінтану ғылымының да өзіне қояр талабы мен жауапкершілігі арта түсетінін білеміз.

- Дінтану ғылымына мемлекет тарапынан қандай қолдау беріліп жатыр?

- Мемлекеттің дінтану ғылымына қолдауын бір ғана көрсеткіш мысалында атап өтуге болады деп ойлаймын, атап айтсақ, біздің кафедра 1999 жылдан бері дінтанушы мамандарды дайындап келеді, 1999 жылы мемлекет тарапынан 6 ғана грант бөлінген болса, 2019 жылы бұл көрсеткін 332-ні құрады және соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыстардан, білімі беру гранттары 200-260 арасында бөлініп келеді. Бұған қоса, біздің дайындаған түлектер жұмыс жасай алатын әрбір қалалық әкімшіліктер ішіндегі Дін істері басқармалары, Дін зерттеу орталықтары және дінтану ғылымының жандануына мемлекеттік дейгейде үлес қосатын мемлекеттік тапсырыстар, іргелі зерттеулерге жарияланатын ашық байқаулар, мемлекеттік бағдарламаларды атап өте аламыз. Мемлекеттік қолдау қандай кезде орын алады, еңбек нарығында, болмаса қоғамда сұраныс болған жағдайда қолдау көрсетіледі. Алғашқы уақытта әрине дінтану туралы түсінік аса жеткілікті деңгейде болмады, дінтану десе, «молда болу», «діни қызметкер болу» және т.с.с. діни рәсімдерді орындаушы ретінде дұрыс емес мағынасында қабылданған еді, қазіргі кезде мемлекеттік қызметкер, органдардағы инспектор, сарапшы-аналитик және дін саласындағы қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша зерттеуші ретінде түсінілетін болды. Мектеп бітірушілер арасынан арнайы дайындықпен, мақсатты түрде келетін абитуриенттердің де саны артты десек болады. Сонымен қатар, жоғары оқуды бітірген түлектер өздерінің алған білімдерін практика жалғастырып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішінің де оң жаққа ауысқанын байқаймыз.

- Сіздің соңғы зерттеген тақырыбыңыз туралы айтып берсеңіз?

– Зерттеген тақырыбым туралы айтқаннан гөрі сол зерттеген тақырыбымның негізінде беретін ұсыныстарыма тоқталсам деймін. Қазір интернет заманы. Жастардың білімді оқулықтар мен дәлелді дереккөздерден емес, әлеуметтік желілерден алатыны – жиі кездесетін жағдай. Еліміздегі дінмен байланысты түсініспеушілік туындайтыны да осы себептен деп ойлаймыз. Сондықтан кез келген мәселенің алдын алу дұрыс ақпарат беріп, мәселені ақылға салып шешумен нәтижелі болары анық. Сол себепті ақпараттық сауаттылықты кеңейту үшін ұсынарымыз:

- Барлық мәселе дін саласындағы алғашқы білімді ғаламторға емес, мектепке дейінгі дайындық, мектеп және жоғары оқу орындарындағы дінтанулық білімге бұру, «Дінтану» пәнін міндетті пән ретінде енгізу туралы ұсыныс беретін едік. Бұл жаратылыстанулық және гуманитарлық мамандықтар студенттеріне дінтану бойынша курстан өтуге мүмкіндік береді. Оқыту нәтижесінде студенттер көп конфессиялы қазақстандық ортада еркін бағдар алады, өздерін және жақындарын деструктивті діни ағымдардың әсерінен қорғай алуға мүмкіндік алады. Әрине реабилитициялық жұмыстарды меңгеріп кете алмайтыны анық, дегенмен превентивті жұмыстар жасай алары анық. Мәселенің алдын алу, салдармен жұмыс істегеннен анағұрлым жеңіл екенін өздеріңіз білесіздер. Сол себепті бұл шара мәселенің алдын алуда аса қажет қадам деп есептеймін.

- Дінтану мамандарының кәсіби біліктілігі күннен күнге арту үшін дінтану ғылымын жетілдіруді үздіксіз жүзеге асыру. Дінтану ғылымының жақсы дамуы үшін конкурстар немесе гранттар негізінде шетелдік әдебиеттерді аудару мәселесін қолға алып, дінтану, исламтану бойынша шығыс тілдеріндегі материалдарды зерттеу арқылы оқу құралдарын дайындауға мүмкіндік туғызу және бұл бағытты мемлекеттік бағдарламалар аясында қарастыру қажет.

- Қазіргі кезде халық арасында ақпараттық-түсіндіру семинарлары, лекциялары кеңінен жүргізіледі, ендігі кезекте басқа деңгейге, яғни терең зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін 3 жылдық, 5 жылдық гранттық қаржыландыруға көшу нәтижелі болар еді. Мәселен, орта және жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие процесі халықтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда үлкен әлеуетке ие, осы процессті әрқашан басты назар да ұстау арқылы қоғамда терроризм мен экстремизмнің кез келген көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру туралы зерттеулер. Кешенді шаралар қабылдау үшін Қазақстанның қазіргі жағдайында діни-саяси экстремизмді туындататын факторларға және т.с.с. тақырыптарға сапалы және толық талдау жүргізу қажет, алдағы уақытты діни жағдайдың қалай болатынын бағамдай алатын болжамалы зерттеулер қажат. Осы бағыттағы терең зерттеулер қоғам үшін тиімді болары сөзсіз.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Диана Асан,

«Адырна» ұлттық порталы

28.07.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер