Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Сириядағы соғысқа отбасымен кетуге итермелейтін қандай күш?

Таяу шығыс, Сирия аймағындағы қақтығыстар Орта Азия елдеріндегі қоғамдық қатынастардың құрылымын сетінетіп, қоғамдық проблемаларды тудырды. Жалаң түсінік жетегіне жегілген «жиһадшылар»  түзу жолдан адасып, Сирия аймағында сарсаңға түсті. Отбасымен, «тайлы тұяғымен» қатерлі аймаққа аттанғандардың дені жақындарынан айырылды. Олардың Сирияға аттануына себепкер болған қандай күш? Сирияда соғысқандардың мүддесін тап басу үшін мәселенің тереңіне үңілгеніміз дұрыс.

2019 жылы 14 қарашада жарияланған дерек бойынша, «Ислам мемлекетінің» шетелдік содырлары мен олардың отбасына арналған бір лагерьдің өзінде 48 ұлттан 10 мыңға жуық адам болған. Ал сол жылы «Жусан» операциясы шеңберінде Сириядан 595 қазақстандық елге қайтарылған. Бас сауғалап, бармағын тістеп Отанына оралғандардың 400-ден астамы балалар. Арасында отбасын, туған-туыстарын түзу жолдан тайдырып, Сирияға сүйрегендер де көп. Көбі Сирия аймағындағы соғыста жақындарын, баласы – әкесін, әкесі – жарын, әйелі – күйеуін жоғалтқандар. Олардың барлығына ортақ бір түсінік барын байқаймыз. Ортақтық – өткен өміріндегі қателіктері үшін опық жеу.

Сириядағы соғысқа аттанғандардың дені өздерінің діни сауатының төмен болғанын мойындап, жаратқанды тану жолында жат ағымдардың жарға жыққанын жоққа шығармайды. Оларды «Ислам халифатының» туын көтеру ұранына бастаған да діни танымның кемшіндігі. Мәселен, бірнеше жыл бұрын «Ислам мемлекетінің» идеологтары жасаған бейнероликті көрген Түркістан облысының тумасы ақыры 2013 жылы отбасымен бірге Сирияға аттанады. Бұл жайында кейіпкердің өзі:

«2013 жылы Сирияға қоныс аудардым. Діни білімсіздікпен «Ислам мемлекетін» құрамыз дедік. Араб әмірлерінің бұйрығымен сонда болдық. Ол жаққа барған адамның бәрі қару ұстайды, соғысқа қатысады, басқа да қызметтер істейді... Өкінетін жағдайым – діни білімім жоқ. Үлкен саясатқа түстік пе деп ойлаймын. Анамның сабыр қылуын сұраймын», – дейді.

Бір байқайтынымыз, діни сауаты төмен тұлғалардың радикалды бағыттағы идеология шырмауына тез түсетіндігі. Сирияға отбасымен аттанғандардың дені еркін интернеттегі «Ислам мемлекеті» жайлы дәріс пен видеоларға тап болған. Қызығы, радикалды бағытты ұстанушы идеологтар ол жақта мұсылман бауырлардың жапа шегіп, қиындық көріп жатқандығын айтады. Сирия мен Иракта «мұсылмандарды қудалап, әйелдерді зорлап, балаларды бауыздап, үйлерді өртеп» жатқандығын жантүршігерлік кадрлармен сипаттайды. Жалған ақпарат пен манипуляцияға толы хабарға иланған көрермендер отбасымен Сирияға аттанып, бейбітшілік үшін күресуді мақсат етеді. Алайда, Сирияға барғанында бәрінің мүлдем басқа бағытта өрбіп жатқандығына көріп, көңіліне күдік ұялайды. Желілік маркетинг арқылы Сирияға отбасымен аттанғандардың көбі өздерін «жеңіске жетеміз, оның артында бізді жетістік күтіп тұр» дегенге иланған. Отбасын ерткен тағы бір кейіпкер тағдырын былай тарқатады:

«Шырт ұйқыда жатқанда күйеуіме Дархан деген танысы шетелден телефон шалып бір нәрселерді айтады. Сол қоңыраудан кейін ұйқылы-ояу күйеуім өзінен-өзі дірілдеп, үрейленуді шығарды. Түн ортасында жиі шалынған телефонның жетегімен «Қазақстанда қала берсек, бала-шағамыз дінсіз болып, намазын да оқи алмай, хиджабын да кимей адасып кетеді» деген қорқынышпен «Ислам мемлекетінің кереметін көру үшін 2-3 айға саяхаттап қайтуға» отбасымызбен бірге шықтық, – дейді Сириядан оралған азамат. 

Ал, екінші бір қазақстандық Жансеңгіров өзінің ашу қыспағында қалғанын ашық мойындайды. Бұл хақында:

«Адамдарды тірілей көміп жатыр» деген секілді бейнероликтер тарап кеткеннен кейін эмоцияға беріліп, 2013 жылы Сириядағы Шам аймағына өттім. Қазақстаннан барған азаматтар үш жамағатқа бөлінді», – деп жауап береді.  

Демек, қоғамның кіші шаңырағы – «отбасыны» туған-туысын ертіп, Сирияға аттануына себепкер болған қандай күш екенін түрлі тағдырларға үңіле отырып жіктеуге болады:

Алдымен, радикалды топтардың әлеуметтік желілердегі, интернеттегі Исламды бұрмалай отырып насихаттау маркетингі, Халифат құру идеясының насихаты;

Екіншіден, қоғам мүшелерінің таяз діни сауатын теріс, күңгірт жолға бұрмалау идеологиясы;

Үшіншіден, экономикалық, материалдық жағдайдан болған эмиграция. Бұл жерде көптеген азаматтар өз қоғамынан өз орнын таба алмай не қоғамдағы келеңсіз  жағдайларға қарап іштей құлазиды, не қарсылығы оянады. Сол арада радикалды идеология шырмауына түседі.  

Қазақстан, Орта Азия шекарасын асып, Сирияға аттанған отбасылардың өмірі бізге елдегі ақпараттық саясатты, әлеуметтік-экономикалық даму үрдістерін ұдайы басты назарда ұстау керек екендігін көрсетіп бергендей.

Дастан Қастай

”Адырна” ұлттық порталы

14.08.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер