Бүгінде мектепте ораза ұстап, діни парызын өтеп жүрген оқушылардың қарасы қалың. Сонымен қатар, кейде кішкентай қыз баланың басы ақ орамалмен тұмшаланғанын да көріп жатамыз. Осы тұста «бақытты балалық шағын тәтті естеліктерімен толтыруы тиіс бүлдіршіндерді ерте есейтіп жатқан жоқпыз ба?» деген сауал сананы мазалайтыны тағы бар. Алайда көпшілік қауым уақыт өте діни мәселеде адасып, өміріне қауіп төндіріп жатады. Яғни қай қоғамда, кез келген уақытта діни мәселе – өзекті.
Қазақстан – көп ұлттан тұратын зайырлы мемлекет
Осы тұста еліміздің әрбір азаматында таңдау құқығы бар. Бала жеке тұлға ретінде қалыптасуы тиіс. Алайда дін жолын ұстанған ата-аналардың басым көпшілігі ерте кезден-ақ балаға парыз жүктеп, қыз балаға орамал тағуды міндеттейді. Тіпті балиғат жасына толмаған қыздарына да орамал кигізіп, мектеп бағдарламасынан шектеп жатқандарын кездестіруге болады. Дәл осы мәселе
2018 жылы елімізде қатты өрбіді. Бірақ зайырлы қоғамның принциптері қандай? Зайырлы деген – озық, толерантты, ашық қоғам.
Ең әуелі баланың қоғамда жеке пікірі бар азамат болуы үшін оған еркіндік қажет. Еркіндік – бостандық. Ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымның кеңеюі, қоғамға өз бетінше бейімделуі. Таңдау мен шешім қабылдау құқығын мемлекет жеке тұлғаға қалдырады және оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттеледі. Демек әр бала – болашақ елдің тірегі. Елдің ертеңі ашық болсын десек баланың бүгінгі тәрбиесі мен дамуына көңіл бөлінуі керек. Діни сауатын ашуы және дін жолын ұстануы - ол жеке адамның еркінде.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бір сұхбатында:
-Біз Конституция бойынша зайырлы мемлекетпіз. Мектептер заң бойынша жұмыс істейді, – деп жауап берген еді. Демек мектеп қабырғасында әр бала бірдей. Әр мектеп жасындағы бала өз қатарынан қалыс қалмай, жалпы білім алып, сауатын ашып, мектепті тәмамдауы тиіс екеніне көз жеткіземіз.
Мектеп мұғалімдерінің пікірінше бүгінгі мектеп жасындағы балалар жиі ораза ұстап, діни парызды орындауға тырысады екен. Алайда аштық пен ұйқы жетіспеушілігінен бала зейіні төмендеп, білім алуға деген құлшыныстың жоқтығы байқалатынын да алға тартады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек егер адам ағзасында ұйқы мен тамақ жетіспеушілігі болса оның өнімділігі 20%-ға дейін төмендейді екен. Ал оқытушылардың кейбірі:
- «Парызды өтеу – міндет!» деп түсінетін баланың ойын ата-ана кішкентайынан өзгертіп тастауы да мүмкін, - дейді. Балалардың ерте кезден діни білім алғаны дұрыс па? Арнайы мамандар не дейді?
- Айнұр ханым (есімі өзгертілген), сіз сабақ беретін мектепте оқушылардың діни сауаттылығы қандай?
- 10-11 сынып оқушылары ораза ұстап, кейде жұма намазға сұранып кететіндерін байқаймын. Алайда мұғалім оны жібере ме, әлде, жібермейді ме ол жағын білмедім. Ал, педагог ретінде ерте жастан бастап баланы дінге байлап қоюға болмайды деп санаймын. Әр бала – жеке тұлға. Мейлі ол кішкентай, санасы қатпаған болса да, оның жеке тұлға екенін естен шығармау керек. Ораза ұстаймын деп кейде мектеп оқушылары естен танып, зейіні төмен болып отырады. Бұл әрекетті құптамаймын. Сабақтан тыс уақытта, жеке өмірде дін жолын ұстансын. Бірақ,
ата-ана баланы мәжбүрлемеуі тиіс дегім келеді.
- Балалардың ерте діни білім алуына қалай қарайсыз? Бұл жағдайда не айтар едіңіз?
- Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды да естен шығармауға тиіспіз! Қазақстан – зайырлы әрі демократиялық мемлекет. Мұнда әр адамның өз дауысы, өз таңдауы ескеріледі. Сондықтан тағы да айтарым, ата-ана баланы дінмен шектеп, байлап тастамауы қажет. Қазір балиғат жасына толмаған қыз балаларына орамал таққызып, хиджабқа дайындай бастайтындар да жоқ емес. Бірақ, 5-6 жасар ойын баласы мұны қалайды ма? Оған діни білім берсін, намазды үйретсін, парызын айтсын. Таңдау оның өзінде болуы тиіс. Ақылы толып, жаман мен жақсыны танитындай жасқа жеткенде оған таңдау мүмкіндігін ұсынуы тиіс дегім келеді».
Бұл тұста қоғам пікірі де екіге бөлінді. Бірі ата-ана қалауымен хиджаб киіп, қаласа баланы жеке оқыту қажеттігін айтса, ендігі бірі дінді қолдайды, бірақ бәрі өз орнымен болуы тиіс деп санайды екен. Балаларға «ерте діни білім беремін» деп кей ата-аналар балиғат жасына толмаған қыз балаға хиджаб кигізіп, ер балаға бірнеше тыйым салып тастайды. Мектеп формасына байланысты білім министрлігінің
2016 жылғы бұйрығына сәйкес мектеп формасына қойылатын талаптар бар, білім стандартын бекіткен еді. Ал формада «орамал» жоқ. Сондықтан бұл заң кей ата-аналардың ашуына тиіп, балаларын мектепке жібермей қойған кездер де болды. Дегенмен, әрбір бала ел болашағы екенін және олардың емін еркін білім алуна шектеу қоюға болмайтынын атап өткен жөн.
Дереккөз: adyrna.kz
Фото: z-taraz.kz