Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

«Ата заңға енгізуіміз керек». «Жеті ата» ұғымының тарихы мен маңызын этнограф түсіндірді

Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Оның маңыздылығы қаншалықты және оны білу неге міндет? «Адырна» ұлттық порталы материалды тарқатады.

Ата-бабаларымыз ықылым заманнан қан араласудың қауіпті екенін түсініп, ұлт ретінде жойылып кетпеуді ұрпақтарына «жеті ата» салты арқылы аманат етіп кеткен. Бұл үрдіс біздің бабаларымыздың денсаулығының сол кездерде жоғары болуын қамтамасыз етті. Қазіргі күнге дейін «жеті ата» ұғымы өзінің маңыздылығын жоғалтпады. Бұл ғасырлар бойы түрлі тосқауылдарды жеңе отырып әлем өркениетіне енуімізге үлесін қосты.

ЖЕТІ АТАҒА ДЕЙІН НЕГЕ ҚЫЗ АЛЫСПАУ КЕРЕК?

Ұлт денсаулығы қан тазалығынан бастау алады. Медицина ғылымының дәлелдегеніндей келер ұрпақтың денсаулығы мықты болуы үшін әр азамат пен азаматша алыс жерден жар таңдағаны дұрыс.

«Жанұя және неке» кітабында ғалым Халел Арғынбаев жеті атаға толмай қыз алыспау себебін былайша түсіндіреді:

Біріншіден, қандастық жақындық некелескен уақытта ұрпақтың болмауына, яки аз болуына, оның азып, жұрдай болуына әкеледі.

Екіншіден, туыстық қатынас ыдырап, олардың арасында әдепсіздіктер көбейген болар еді. Қазақ қоғамында мұндай болмауын ел үлкендері қатаң түрде қадағалап отырған. Мәселен, қазақтың «Жеті жарғы» заңы бойынша бір рудың жастары көңіл қосатын болса өлім жазасына кесілетін болған.

«ЖЕТІ АТА» ҰҒЫМЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Тобықты елінде болған «Қалқаман-Мамыр» оқиғасын алайық. Екі жас немере-шөбере туыс болған. Бірақ екеуі бір-бірін сүйіп түн уақытында Қалқаман Мамырды алып қашады. Мұны естіген Мамырдың ағасы Көкенай екеуін де өлтіремін деп, ашу шақырады. Олар біраз уақыт жасырынып жүреді де, қолға түспейді. У-шу басылып, ел іші тынышталған соң ата-анасынан, бауырларынан кешірім сұрап ашық өмір сүруді қалаған Мамыр ауылына аттанады. Ауылына жете бергенде ағасы Көкенай қарындасын садақпен атып өлтіреді. Ол өзінің дегеніне жетпей тынбайтынын тағы айтады. Ел бір ауыздан Қалқаманды Көкенайдың алдынан атпен шауып өтсін дейді. Көкенай оғын тигізсе - дегеніне жеткені, ал Қалқаман тірі қалса дау осымен тоқтасын дейді. Бұған екеуі де келіседі. Қалқаман атпен шауып өткенінде оған оқ тимей тірі қалады. Осыдан кейін Қалқаман басқа жаққа көшіп кеткен.

 

«Қалқаман-Мамыр» оқиғасын мәдениеттанушы Бердалы Оспан былайша түсіндіреді:

 

«Ата-бабаларымыз табиғат құбылыстарын жақсы білген. Оған аса қатты мән берген. Жақын қан араласқан соң одан туған балалардың денсаулығы нашар, ақылы кеміс болатынын білген. Сондықтан да, қазақта «жеті» саны қасиетті сан етіп, жеті атадан кейін басқа ру болғаннан соң ғана қыз алысуды рұқсат еткен. Бұл үрдіс бабаларымыздың өмір сүру тәжірибесінен шыққан. Олар бәрін көрді, біршама осыған ұқсас жайттарды бастан кешті. Сонан кейін, бұлай болмайды деп, салт негізінде енгізген болуы керек», - деді ол.

 ҰҒЫМҒА ҒЫЛЫМ НЕ ДЕЙДІ?

 Ұлы өркениет деп аталатын Египетте біздің дәуірімізге дейін жақын туыстарына үйлену дәстүр болғаны белгілі. Осы елдің Птолемей, Фараондар әулетінің бұрынғы ханшайымы тарихтағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра 18 жасында ата-бабаларының әдет-ғұрыпына бағынып, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққан. Ғалымдардың айтуынша, бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне туыс адамдардың қан араласуы бірден – бір себеп болған. Ал адам қанының құпиялары өте үлкен зерттеуді талап ететін сала.

Адам қанының ерекшеліктеріне қарай түрлі топқа бөлінетінін баршамыз білеміз. Бұл ғылым дамуының арқасында түсіндірілген дәйек. Бірақ мұны біздің бабаларымыз сонау ғасырлар бұрын түсінген. Ал өркениет саналған Еуропада 1906, ал АҚШ-та 1910 жылы қан тобының бөлінуі белгілі болған. 1914 жылы адам қанының топтары кездесу шарттарының түрлі екені анықталды. Яғни, әр халықта қанның белгілі бір тобының кездесу шарттары басым болып келеді. Ғалымдар халықтардың қан тобын зерттеп жер шарының қай бөлігінде қандай топтардың басым кездесетінін айқындап, генеографиялық карта жасаған. Мұның өзі халық арасындағы жаугершілік, сауда-саттық, қыз алысу дәстүрлерінің маңыздылығын көрсетіп береді.

НЕГЕ «ЖЕТІ» АТА? НЕГЕ БАСҚА САН ЕМЕС?

«Адамның денсаулығын қан араласпастай нәтижеге дәрігерлер басқа жолмен жеткізе алмады. Адам денсаулығы жақсы болуы үшін қан араласпауы керек. Оған ғылымда әзірше ешкім қарсы пікір ойлап таппады. Біздің бабалырымыздың ойлап тапқан салты халықты халық етіп отырған бірден – бір күш. Қан араласпау 77 атадан да бұрын болуы керек деп те айтылады. Бірақ бұрындары қазақтар алыс жерлерде тұрған. Сол себепті де жеті атадан кейін рұқсат берілген. Табиғатты қалай қараса, бұл мәселені де жіті зерттеген. Сол себепті тақ сан деп, «жеті» санына тоқтаған болуы керек. Ұрпақ болашағының қамы үшін «жеті ата» ұғымын, ру ұғымын ойлап тапқан. Біздің ұлтымыздағы ұлы адамдардың дүниеге келуі – қан тазалығында жатыр», - деп түсіндірді Бердалы Оспан.

Мәселен, қазақтың бетке ұстар ғалымы Шоқан Уәлиханұлы мен «Алаш» партиясының негізін құрған Әлихан Бөкейханұлы, күйшілер Дәулеткерей мен Дина - Төрелер. Ақан сері Арғын ішіндегі - Қараауыл. Күйші Құрманғазы Байұлы ішіндегі - Қызылқұрт. Әнші Мади - Қаракесек. Ақын-жыршылар Жамбыл мен Сүйінбай – Бекей. Қобызшы Ықылас – Тама. Күйші Қазанғап – Шанышқылы, Тәттімбет – Шанша, Абай – Тобықты, Естай Бергенбайұлы – Алмашы, Балуан Шолақтың руы – Самбет, Жаяу Мұсаның елі – Айдабол, Ілияс Жансүгірұлы – Найман. Әбілхан Қастейұлы – Дулат, 18 тіл білген Құдайберген Жұбанұлы – Әлім, атақты жазушы Мұхтар Әуезұлы мен әлем музыканты деген атаққа ие жалғыз қазақ Айман Мұсақожақызы – Қожа болған.

Ғылымның өзі дәлелдеген бабаларымыздың сан ғасырғы ұлы ұғымын, киелі салтын жастар сақтауы тиіс деп сөз жалғады Бердалы Оспан. Ол үшін «Жеті ата» салтын Ата заңмен бекітуіміз керек деді ол:

«Бабаларымыздың ұлы жетістігін сақтап қалыңыздар. Ру сұрасу керек. «Жас жұбайларға кеңес» деген кітапта неғұрлым алыстан үйленсеңіз, соғұрлым балаларыңыздың дені сау болады дейді. Қазақтар осыны білген. «Жеті ата» адамдарды алыстатады. Бұл салтты біз Ата заңымызға енгізіп, заң ретінде бекітуміз керек. Заң болған соң, оны орындау керек. Тіпті туу туралы куәлікке де ру жазылу керек. Мәселен, медицинада адамның қан тобы бір рет тексеріліп электронды түрде сақталып тұра береді. Сол себепті мұны да Ата заңмен бекіту керек. Мен ел билігіне осындай ұсыныс айтамын. Заң бойынша бабалардың тәжірибесін, ұлтымызды ұлт етіп қалдырған үрдісті қадағалауымыз керек. Тек қана басқа рудан қыз алысып, қыз берісу керек. Әрине, махаббат деген дүниені де түсінемін. Бірақ, ол махаббат қайғыға әкеп тіреп жатса, екі әулет те түбі жапа шегетін болса оған тоқтам қою керек. Мысалы, Түркістан облысындағы бір ауданда бір ұлттың адамдары шоғырланды. Аудан көшелерінде мүгедек балалар жиі көрінетін. Неге десек, ағайындылар бір-бірімен қосылып кеткен екен. Бұл соғыстан да жаман қасірет әкелуі мүмкін. Қазақта «текті» деген сөз бар. Осы тектілікті жоғалтып алмас үшін осы заң қабылдануы тиіс», - деп пікір білдірді мәдениеттанушы Бердалы Оспан.

 

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

25.08.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер