21 ғасыр – әлеуметтік желінің қарыштаған заманы. Салдарынан қоғам секунд сайын дамып, қас қағым сәтте түрлі өзгерістер де орын алып жатыр. Бүгінде қалың бұқараға түрлі бағытта дәріс оқып, білгенімен бөліскіш психолог, тренер-коучтар көбейген. Бірі «өзіңді дамыт. Тәуелсіз бол!» деп үндесе, ендігі бірі «Дін жолын ұстан, сонда бақытқа кенелесің!» дейді.
Әрине, білгенімен бөлісу, өз ойын айту, кеңес беру – орынды әрі біздің қоғамның заңына қайшы келмейді. Дегенмен жұртты аузына қаратып, лециясын оқитын коучтар қандай позицияны ұстанған? Білгенін қалай бөлісіп жүр? Оны халық қалай қабылдауда? Сан сауал осы түбірге келіп тіреледі.
Инстаграм, тикток, ютуб және өзге де әлеуметтік желілерде қазір коучтардың парақшасы қаптап кеткен. Кейбір психолог, тренерлердің өз әңгімелерін әсіресе дінмен байланыстырып айтуы, дінге қатысты ақыл-кеңес ұсынуы трендке айналып кеткен секілді. Халықтың басым бөлігі мұсылман болып саналатын елде бұл әрекет, олардың пікірінше дұрыс шығар, әрине. Бірақ зайырлы мемлекетте кез-келген адамға дінді насихаттап, дәріс оқу заңды ма?
Қазақстан Репсубликасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 8 бабына сәйкес, еліміздің азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi, яғни дінді насихаттауды тек тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.
Ал біздің коучтардың діни сауаты қаншалықты жоғары және олар дінді насихаттауға рұқсаты бар діни қызметкерлер ме?
Одан бөлек, қазіргі таңда дінмен ұштастырып психологиялық курс сататын коучтардың көбеюі қоғамға қалай әсер етіп жатқанын бақылайық. Коуч, психологияға бет бұрсаңыз орта есеппен 10 маманның жетеуінің базалық дәрісінде дінге қатысты жеке бөлім бар. Бүгінде психологтардың ең жиі көтеретін тақырыбы отбасындағы мәселе мен дінге бет бұру болып отыр.
Бірнеше психологтың дәрісінде «Өзіңді еркін сезіну үшін дінге бет бұр. Дінді қабылдап, сол арқылы өміріңе сараптама жаса. Дін арқылы сен кез келген мәселеңнің шешімін табасың» деген сынды сөз тіркестерін естиміз. Кей оқырмандар психолог коучтардың арқасында дін жолына келгенін жарыса жазса, ендігі бірі мамандарға күмәнмен қарайтынын жасырмайды.
Қазіргі таңда дінмен ұштастырып психологиялық курс сататын коучтардың көбеюі, олардың қоғамға әсері, тигізетін зияны мен пайдасы туралы бұқарадан сауалнама алдық. Сауалнама қорытындысы бойынша жауап алынған 25 тұрғынның 60%-ы танымал түрлі коучтар мен психологтарды қарайтынын, айтқан ақылына жүгінетінін жасырмады.
Сауалнамадан өткен азаматтардың 25%-ы психологтар «дінді дәріптеу арқылы қоғамдағы дәстүрді, қазақилықты ұмыттырып, хиджаб мәселесін қайта көтеріп жүр» деген пікірде болып шықты. Ал 25 адамның 3-і психологтарды қараса да, ақпаратты сараптай алатынын айтты.
Дін – нормативтік ғылым емес екенін естен шығармау қажет. Дінді қолданып дәріс оқитындар көп. Дәрістерінде дінді ашық насихаттап, «40 күндік дұға», «Дін мен сенім» сынды түрлі атаумен сабақ жасайтындар да аз емес.
Сол себепті дін мәселесіне қатысты сұрақ туындаған жағдайда ресми дін өкілдеріне жүгінуге кеңес береміз.
"Адырна" ұлттық порталы