Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Жат ағым жетегіндегілер елді адастырғысы келеді – депутат

Премьер-министрдің орынбасары Тамараға Дүйсеноваға Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай депутаттық сауал жолдап, қазақтың қасиетті домбырасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Депутат ұлттық құндылығымызға қатысты жолдаған сауалында қоғамда домбыраға шабуыл күшейгеніне алаңдаушылық білдірді.

«Ұлттық төлтума мәдениетіміздің шырақшысы қазақтың қасиетті қара домбырасы Президент Қ.Тоқаев «Қазақ пен домбыра егіз ұғым баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан жақты насихаттап жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды» деп асыл құндылығымызға мән беруге шақырды. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде домбыра аспабына деген шабуылдар, ұлттық дүниетанымызға жат қауіпті  пікірлер көбейіп барады. Әсіресе діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын  пікірлер таратып жатыр.  Бұған әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген «домбыра – харам» деген секілді адам шошытар алыпқашпа сөздер дәлел. Домбыра – тарихи санамызды жаңғыртуға жол ашатын қайталанбас  құндылығымыз. Домбыра бүгінгі жас ұрпақты мейірімділік пен парасаттылыққа, адалдық пен отансүйгіштікке, қайсар намысқа баулиды. Домбыра – татулық пен бірліктің мәмілегері,  ата тарихымыздағы небір аласапыран замандарда ұлтты ұйыстыруға елді біріктіруге, ерлерді  ел қорғауға шақыруға зор рөл атқарды. 1930 жылдардың қасіретті аштығында да ата-бабаларымыз білегінен әлі кетіп, өзегі талып ақтық демі шыққанша қолынан домбырасын тастамаған. Домбыра аспабы қазақ сөзінің баламасы. Ұлт деген ұғымның мазмұнын ашатын маңызға ие.  Себебі халқымыздың арман-мұраты, ұлттық тәлім-тәрбиесі дүниетанымы осы қасиетті домбыра арқылы көрініс табады. Ендеше домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз. Қасиетті аспабымыз бабалар сөзін бүгінге жеткізді. Бүгінгі сөзді ертеңге жеткізетін де осы қасиетті домбыра. Қазақстандағы аса маңызды символдардың бірі. «Домбыраның екі ішегі ежелгі заман мен осы заманның сырын шертеді», деп Рим папасы біздің елімізге келген сапарында домбыраның маңыздылығы жайлы ой толғады.

Сөзімнің тобықтай түйіні: Біріншіден, Мемлекет басшысының «Мектепте домбыра сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама деген сөзін» Оқу-ағарту министрлігі ескерусіз, аяқсыз тастамауға тиіс. Мектептерде домыра аспабын ән-күй сабағында үйрету оқу бағдарламасына енгізілсін. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында, радио мен телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр, терме, айтыс көбірек насихатталсын. Үшіншіден, құзырлы органдар дін істері жөніндегі уәкілетті орган теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуге тиіс», деді А.Әлтай.

Дереккөз: Kazislam.kz порталы

14.09.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер